Түркістан облысы Төлеби аудандық соты биыл көктемде Зағамбар ауылындағы тәртіпсіздікке «себеп болған» 10-сынып оқушысын Қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабымен кінәлі деп танып, 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Сот үкімі 24 қыркүйекте шыққан. Алайда үкім жөнінде ақпарат Азаттық тілшісіне бүгін жетті.
Облыстық соттың Азаттыққа хабарлауынша, сотталушы кінәсін ішінара мойындаған. «Сот кабинеті» жүйесіндегі мәліметке қарағанда, іс бойынша аппелляциялық шағым түскен. Бірақ оны кім түсіргені белгісіз.
Сотталушы Зағамбар ауылындағы аралас мектептегі «9-сыныпта оқитын оқушы қызды зорлады» деген күдікке ілінген еді. Жәбірленуші мен сотталушының кәмелет жасқа толмағаны және істің «Зорлау» бабымен қаралғанына байланысты жабық қаралған.
Сот хабарламасына қарағанда, «сотталушы мен жәбірленуші кездесіп жүргенде жігіт қыздан жалаңаш суреттерін жіберуді сұраған. 2023 жылдың қазан айында қыздың қарсылығына қарамай еркінен тыс бірнеше рет зорлаған».
Прокурор соттан айыпталушыны кінәлі деп танып, 7 жыл 6 айға соттауды сұраған.
Сотталушы және жәбірленуші тараптан сот үкіміне қатысты пікір алу мүмкін болмады.
Биыл 23 сәуірде Зағамбар ауылында аралас мектептің оқушы қызын "бірге оқитын жасөспірім зорлапты" деген суыт хабар тараған. 24 сәуірге қараған түні ауылда бірнеше көлік пен мал қора өртеніп, белгісіз біреулер бірнеше үйге тас лақтырған.
Зағамбарға полиция жасағы кіріп, интернет пен телефон байланысы өшірілген. Таңертең ауылда арнайы жиын өтіп, түске жақын блокпост қойылған еді.
Кейін Түркістан облыстық полиция департаменті Зағамбар ауылында тұратын "кәмелетке толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі бойынша" тергеу басталғанын, күдікті ретінде жасөспірім мектеп оқушысы қамауға алынғанын хабарлаған.
Бұл оқиғаға байланысты 26 қыркүйекте Төлеби аудандық соты екінші істі қарай бастаған. Зағамбардағы тәртіпсіздіктерден кейін дүние-мүлікті бүлдірді деген күдікке 14 адам ілінген. Олардың бәрі Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша жауапқа тартылып жатыр. Айыпталушылардың бесеуіне бұған қоса "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" айыбы тағылған.
Айыптау актісіне қарағанда, айыпталушылар "кәмелет жасына толмаған қыз зорлық көріпті" деген хабар естіген соң ауыл шетіне жиналған. "Алдын ала сөз байласып, көліктер мен қораларды қасақана өртеуді жоспарлаған" деп жазылған актіде.
Айыпталушылардың бәрі "Бұзақылық" бабы бойынша айыпты мойындады. Бұған қоса, "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен айып тағылған бес адамның үшеуі "екінші айыпқа келіспеймін және мойындамаймын" деп мәлімдеген.
Зағамбар ауылы Төле би ауданының орталығы Ленгер қаласынан 7 шақырымда орналасқан. Жергілікті халық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады, жақын маңдағы жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Ресми мәлімет бойынша, ауылда бес жарым мыңға жуық адам, оның ішінде 4 мыңнан астам өзбек ұлтының өкілдері тұрады.
ПІКІРЛЕР