Каспий итбалығы – Қазақстанды мекендейтін жалғыз теңіз жануары. Көктем мен күзде итбалық негізінен теңіздің Қазақстан жақ бөлігінде тіршілік етеді. Олардың тіршілік етуіне адамның қызметі, климаттың өзгеруі және су айдынының ластануы кедергі болып отыр. Қазақстандық Әсел Баймұқанова итбалықты көп жылдан бері зерттеп жүр. Ғалым итбалық құрып кетпеуіне Каспий маңы елдері ішінде Қазақстанның ерекше жауапкершілігі бар деп санайды.
ӘСЕЛ
– Жанына жақындап барғанымда итбалықтың әрең тыныс алып жатқанын көрдім: балық аулайтын тор мойнына оралып, қиып кетіпті. Әр қимылдаған сайын жаны шыға қиналады.
Қазақстанның "Гидробиология және экология институтының" ғылыми қызметкері Әсел Баймұқанова Каспий итбалығымен алғашқы кездесуін осылай еске алды. Әсел қызмет істейтін коммерциялық емес ұйым Қазақстанның су айдындарындағы биоалуантүрлілікті қорғаумен айналысады.
Әселдің Каспий итбалығын зерттеп жүргеніне он жылдай болған. Итбалықпен танысуына әкесі ықпал еткен. Зоолог Мирғали Баймұқанов көп жыл Шығыс Қазақстан өңірінде балықтарды зерттеумен айналысып, 2000-жылдардан бастап халықаралық мамандармен бірге Каспий итбалығын зерттеуге көшкен.
2014 жылы әкесінің шақыруымен осы топқа Әсел де қосылған. Бір жылдан кейін өмірінде бірінші рет итбалықпен кездескен. Жаралы жануармен кездесу ауыр тисе де, Әсел жұмысты доғарған жоқ. Содан бері ол ондаған экспедицияға қатысып, қиын да күрделі дала жұмыстарына шығып жүр. Сағаттап құм үстінде немесе су ішінде тырп етпей жатуға тура келетін кездері де бар.
– Есесіне осы бір ерекше жаратылыс иесін тіршілік ету ортасында бақылай аласың, – деді Әсел. – Жатақта ұзақ жатсаң, олар жақын баруыңа да мүмкіндік береді. Бір метрге дейін жақындай аласың. Бірде жатқан жеріме бірнеше итбалық жақын келіп, жаныма жайғаспақ болды. Қатты қуанғаннан олар мені "өзіміз" деп қабылдады деп ойладым. Негізі итбалықтар да "барлауға" шығатын кездер болады. Олар да тірі жан, бөтен тіршілік иесін бақылағысы келеді. Қандай да бір байланыс бәрібір болады. Ол ауызбен айтып жеткізе алмайтын ерекше сезім. Биологтар үшін бұл ғажайып бір дүниеге қол тигізу іспетті, – деді Әсел.
ИТБАЛЫҚ ТІРІ ҚАЛА МА?
Каспий итбалығы ұдайы ауысып тұратын табиғи жағдайға бейімделе ала ма? Бұл Баймұқанованы ғана емес, басқа зерттеушілерді де толғандырып отырған басты сұрақ.
Әселдің айтуынша, олардың жағдайы қиын: антропогендік қызмет, климаттың өзгеруі, теңіз суының тартылуы сияқты мәселелер бар. Ғалымдар бір ғана факторды бөліп-жарып айта алмайды.
Теңіздегі регрессия салдарынан аралдар көз алдыңда жоғалып, бір-біріне қосылып, араласып кетіп жатыр. Итбалық үнемі өзіне жаңа жатақ іздеуге мәжбүр.
– 2009-2011 жылдары Каспийдің солтүстігінде Дурнева аралы бар еді. Онда бір мезгілде 25 мыңға дейін итбалық жататын. 2016 жылы олардың саны 200 болса, 2019-да 69 итбалық қана табылған. Теңіз деңгейі төмендеуіне орай аралдар саязданып, итбалық басқа орын іздей бастаған. Оның үстіне, Каспийде жел суды бірде айдап, бірде бөгеп тұрады. Теңіз суы бірде қайтып, бірде тасу циклін өткереді. Жануарлардың жатқан жерінде судың тайыздануы бұрыннан да бар жағдай. Дегенмен, итбалық мұндай жағдайға жылдам бейімделе алатын секілді, олар жаңа орын тауып, әрі қарай тіршілік кешеді деген үміт бар, – деді Әсел.
Тағы бір қиындық – су айдынының ластануы. 2019 жылдан 2023 жылға дейін ғалымдар теңіз жағалауынан 36 тонна қоқыс жинады, соның жартысы – әркім-әркім тастап кете берген балық аулайтын тор. Ғалымдар балықтың жемсауын да зерттеді, олардың кейбірін итбалық қана емес, адам да жеп жүр.
– Бес түрлі балықтың жемсауынан макро- және микропластик шықты. Бұл уытты зат, адам ағзасында орнығып, иммунитетін әлсіретіп, түрлі ауруға себеп болуы мүмкін, – деді Әсел.
Антропогендік жүктеме тұрғысынан алғанда, Әселдің айтуынша, көктем мен күзде итбалық мекендейтін Каспийдің Қазақстанға тиесілі солтүстік-шығыс бөлігі айтарлықтай қауіпсіз. Алайда, итбалық жақсы көретін аралдар теңіздегі регрессия салдарынан солтүстікке – елді мекендер жаққа қарай жылжуы мүмкін.
– Жатағына жақын маңнан қайықтардың қарқынды түрде жүруі, суда жануарларды аулайтындар мен туристердің болуы итбалықты үркітеді, – деді Әсел.
Жыл сайын көктемде экологтар Түпқараған жақтағы жағалауға барып, өлген итбалыққа мониторинг жасайды. Қыста әртүрлі себеппен өлген жануарларды теңіздегі жел жағаға лақтырып тастайды. Баймұқанованың айтуынша, жылдан-жылға түрлі жарақат салдарынан өлген итбалық та көбейген, мәселен, басы жарылады, құйрығы жұлынады.
– Біздікі болжам ғана, дегенмен, қыста итбалықтар мұзжарғыштан зардап шеге ме деген қаупіміз бар, – деді теңіз жануарын зерттеуші.
Жақында Каспийдің Қазақстанға тиесілі бөлігінде тағы да итбалық жаппай қырылғаны белгілі болды, қазірге дейін 1000-нан астам итбалық өлексесі табылды. Олардан неден өлгені әлі анықталған жоқ.
Бұған дейін итбалықтың жаппай қырылғанын Әсел жақсы біледі, 2017 жылы Форт-Шевченко қаласы маңынан 247 өлген итбалық табылған. Сол кезде Әсел бірінші рет бұл жұмыстан бас тарту туралы ойға келгенін айтады.
– Бұған жайбарақат қарап отыру мүмкін емес. Алдымен олардың тірі кезін көріп қызықтап жүресің. Сөйтіп жүргенде жүздеген итбалықты жағаға лақтырып тастайды. Өлексенің мүңкіген иісі өз алдына, олардың неге өлгенін сұрап, жан алқымнан алатыны тіптен ауыр.
Қиналған сәтте Әселге әкесі қолдау білдірді. Қазір ол Әсел қызмет етіп жатқан ұйымды басқарады.
– Әкем: "Егер расымен де итбалықты жақсы көрсең, олардың тіршілігіне ғана емес, өліміне де дайын болуың керек. Жануардың неден өлгенін анықтау маңызды. Екі жағын да алып жүру керек", – деді.
ИТБАЛЫҚТЫ ҚАЙТСЕК ҚҰТҚАРАМЫЗ?
Қазақстан үкіметі таяу арада итбалықты сақтау, ауру жануарларды оңалту, зерттеу жүргізу үшін мемлекеттік табиғи резерват құруға уәде беріп отыр. Маңғыстау мен Атырау облыстары аумағын қамтитын резерватқа 109,5 мың га жер бөлінбек.
Баймұқанова мен оның әріптестері берілетін аумақты кеңейту керек деп санайды. Екі жыл бұрын олар итбалықты сақтау және олардың санын қалпына келтіру бойынша іс-қимыл жоспарын жасаған. Онда заңнамалық және басқа да ұсыныстар бар, мәселен: кемелердің жүру ережесі, жануарлар мекендейтін жерлерді қорғау, қоқыс тастаушылармен күрес, балық аулайтын торларды иесіз тастайтындарға жауапкершілік жүктеу, ғылыми туризмді дамыту.
Әсел ағарту жұмысын өзінің миссиясы санайды, себебі адамдардың мәселеге назар аударуы ғалымдардың жануардың осы түрін сақтап қалуына көмектесетініне сенімді. Инстаграм желісіндегі парақшасында ол іссапарлар, дала жұмыстары мен итбалық туралы қызықты жайттарды баяндайды.
– Итбалықтың мінезі алуан түрлі, сынама алғанымызды жақтырмаған жануар да болды. Суға қайта жіберген кезімізде бізге ұрса жөнелді. Ғалымдардың ортасына тұра қалып, ырылдаған дауыс шығарды. Әрқайсымызға "айтарын айтып" болғанша жаны жай таппады. Одан кейін теңізден кері бағытқа қарай бұрылып, біздің жабдықтарымызға дейін жорғалап барды. Мен одан барынша кешірім сұрап, теңізге қайтуын өтіндім, – деп жымия еске алды зерттеуші.
Әсел болашаққа үмітпен қарайды, экспедицияның қиындығын да елемеуге тырысады.
– Бұрын қаржы жетіспегеннен жақсы шатыр да ала алмайтынбыз. 2022 жылы шатырмен бірге, маған қыста жататын жамылғы алдық. Жылы жерде жатқанда іштей өзімді бақытты сезінемін. Киімің, керек-жарағың келісіп тұрса да өзіңді біраз жеңіл сезінесің ғой. Су, макарон, күріш, қарақұмық, консерві алып жүреміз. Суық болса, бұрыш қосып сорпа қайнатамын. Сұйық тамақты бәрі жақсы көреді. Командамызда бауырсақ, бәліш пісіре алатындар бар. Тәтті-пәтті, кофе алып жүреміз. Былайғы кезде тәттіге әуес емеспін, бірақ мынадай жұмыста жегің келеді. Теңіз жағалауында кофе ішіп, тәтті бірдеңе қаужап отырғанның өзі күшті, – деді Әсел.
Ғалымдар Каспий итбалығының нақты санын айта алмайды. Бағалау да біртекті емес: 70 мыңнан 300 мыңға дейін деседі. Әсел Баймұқанова итбалықтың 98 пайызы көктем мен күзде Каспийдің қазақстандық бөлігін паналайтынын ғана нық сеніммен айта алады. Сол себепті де Қазақстанға артылатын жауапкершілік жүгі ауыр деп есептейді зерттеуші.
Каспийде итбалық неге қырылып жатыр? (10 қараша 2024 жыл)
ПІКІРЛЕР