Тоқаев пен Зеленский телефон арқылы сөйлесті
Ақорда Украина тарапының бастамасымен Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Украина президенті Владимир Зеленский телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. Екі тарап Украинадағы ахуал бойынша пікір алмасқан.
"Тоқаев Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтату және одан әрі болдырмау үшін келіссөздер барысында уағдаластыққа қол жеткізудің маңызды екенін айтты. Мемлекеттер басшылары екі елдің гуманитарлық саладағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға келісті" деп жазды Ақорда
БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейдің Украинадағы басқыншылығын тоқтатып, әскерін шығаруды талап ететін резолюцияны қабылдады. Бұл туралы ресейлік «Новая газета» хабарлады.
Резолюцияны 141 ел қолдаса, 5 ел қарсы болды, 35 ел қалыс қалды. Қазақстан қалыс қалғандардың қатарында.
Қарсы болғандар – Ресей, Беларусь, Солтүстік Корея, Сирия және Эритерия.
Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Тәжікстан, Армения да қалыс қалды. Әзербайжан, Түркіменстан, Өзбекстан делегациясы дауыс бермеді.
"Билік үнсіз, ал қарапайым халық соғысқа қарсы". Қазақстандықтар Украинаға көмек жіберіп жатыр
Қазақстан жұрты Украинаға материалдық көмек жөнелтіп жатыр. Бастамашыл топ өкілдері жиналған заттар мен қаржыны бүгін Украина елшілігі ғимаратына апарып тапсырды.
БҰҰ: Украинадан кеткен босқын саны миллионға жетті
Британиялық BBC-дің хабарлауынша, Украинадан кеткен босқындар саны 2015 жылғы миграциялық кризистің көрсеткішіне жуықтап қалған. Ол кезде Сирия мен Таяу Шығыстың өзге елдерінен 1,3 миллион босқын қашып шыққан. Бірақ бұл жолы осы көрсеткіш бір жылдың емес, бір аптаның ішінде орнап отыр.
Босқындар негізінен Польшаға қарай қашып жатыр. Осы күнге дейін ол елге 400 мың азамат өткен. Жүз мыңға жуығы Венгрияға, ондаған мыңы Словакия, Чехия, Румыния және Молдоваға кеткен.
БҰҰ сарапшыларының пікірінше, қазіргі соғыстың салдарынан Украинада 12 миллион адамға дейін босып кетуі мүмкін.
ПІКІРЛЕР