Accessibility links

Ұрланған ноутбук иесіне өзі «хабарласты»


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Әлемде ноутбукты бақылап отыруға мүмкіндік беретін көптеген бағдарламалар бар. Сондай бағдарламасы бар, ұрланған ноутбук интернетке қосылысымен өзінің қай жерде екенін иесіне хабарлайды.

Лондон тұрғыны, графикалық дизайнер Дом дель Торто ақпан айында пәтерінен ноутбугін ұрлатып алған.

Британдық Huffingtonpost сайтының жазуынша, Лондонда ұрланған ноутбук бір айдан соң арнайы бағдарлама арқылы өзінің Тегеранда (Лондоннан шамамен 5 мың шақырым жерде) екенін хабарлап, пайдаланып отырған адамның суретін иесіне жіберген.

«ҰРЫ НОУТБУКТІ ҚАЙТАРЫП БЕРМЕК»

Дом дель Торто бұл жайтты Лондон полициясына хабарлаған кезде олар күліп, бұдан түк шықпайтынын айтқан.

- Олар Интерполға сілтеді, бірақ қандай да бір нәтиже шығатынына сенген жоқ, - дейді дель Торто.

Мұнан соң Дом дель Торто блог ашып, «ұрының» суретін интернетке орналастырған кезде ол әлеуметтік желілерде тез таралып, «вирустық постқа» айналып кетті.

Ноутбуктің табылғаны жайлы твит-хабарламалардың бірі:

41 жастағы тұрғын Huffingtonpost сайтына мұны блогын немесе қосымшаны жарнамалау мақсатында айтып отырмағанын ескерткен.

- Бұл Facebоok-тағы достарыммен бөлісе алған қызықты оқиға болды. Адамдар оны бір-біріне тарата бастады, - дейді Дом дель Торто.

Дель Торто апта соңында ноутбукты алған адамдар өзіне хабарласып, интернетте таралып кеткен жазбаны оқып шошығандарын, құрылғыны қайтарып беретінін айтқанын жазды. Осылайша ол ұрланған ноутбугін полиция емес, интернеттің көмегімен тапты.
Ұрланған ноутбук жолдаған суреттер. (huffingtonpost.co.uk сайтынан жасалған скриншот)
Ұрланған ноутбук жолдаған суреттер. (huffingtonpost.co.uk сайтынан жасалған скриншот)


"ПАРОЛЬ КҮРДЕЛІ БОЛСЫН"

Программист Нұржол Табиғаттың айтуынша, ноутбук ұялы телефон сияқты үнемі қосылып тұрмағандықтан IMEI коды арқылы бақылау қиын.

Оның айтуынша, "қазіргі кезде құрылғыларды ұрлайтын адамдар да ақымақ емес".
Ноутбукті ұрлаған адамдардың 90 пайызға жуығы операциялық жүйені қайта орнатып, ақпаратты дискіден түгел өшіріп тастайді.

- Маршруттық мониторинг құрылғылар болса, оны бірден алып тастайды немесе қалада бірнеше мың теңгеге алып беретін программист адамдарды тауып алуға болады. Енді мұндай құрылғыларды орнататын адамдар сирек. Бағдарламаларға келсек, кез-келген жүйе қазір оңай "сынады". Қолданушылар арасында Windows операциялық жүйесі түгел дерлік ноутбуктерде орнатылған. Олардың қорғанысы оңай бұзылады. Жоғалған ноутбук қолға түскен кезде оны алған адамдардың 90 пайызға жуығы операциялық жүйені қайта орнатып, ақпаратты дискіден түгел өшіріп тастайді. Бұндай кезде қауіпсіздік түрлерінің барлығы босқа кетеді, - дейді ол.

Ол "ноутбуктің операциялық жүйесі мен BIOS-қа бірнеше жерден күрделі пароль орнату керек екенін" айтады. Мұны програмистердің көмегімен де жасауға болады дейді.

- Немесе ноутбуктің батареясының астына тапқан адам көретіндей етіп телефон нөмірлерін жазып қоюға болады. Бұл кезде бағдарламаны "сындыра алмаған" адамның ноутбук иесіне хабарласудан басқа амалы жоқ, - дейді Нұржол Табиғат.

ҚҰРЫЛҒЫНЫ ҚАДАҒАЛАЙТЫН АРНАЙЫ БАҒДАРЛАМАЛАР

Программист Рымбек Ізғали телефоны мен ноутбуктегі ақпараттарды арнайы «бұлттарда» (ақпаратты сақтайтын арнайы сайттарда - ред.) сақтау қауіпсіз екенін айтады.

Оның сөзінше, осы арқылы жоғалған құрылғының өзін таппаса да, ондағы ақпараттарды тұтас сақтап қалуға болады.

- iCloud.com сайтына тегін тіркеліп, ақпараттарды сақтап жүрмін. Бұл - iPhone, MacBook-ы барлар үшін. Google-дің картасымен құрылғылардың бағыттарын бақылауға болады. Кей-кезде үйдің ішінен телефонды немесе ноутбукты таппай қалатын кездер болады. Сондай кездерде интернетке кіріп, ондағы ноутбук немесе телефоныңның дыбысын қосып, оңай тауып алуға болады, - дейді ол.

Программистің айтуынша, телефондағы GPS құрылғысы арқылы аспапты интернетсіз қадалап отыруға да мүмкіндік бар.
Ноутбук қарап отырған студенттер. (Көрнекі сурет)
Ноутбук қарап отырған студенттер. (Көрнекі сурет)

Қазіргі кезде жоғалған ноутбукті табуға көмектесетін арнайы бағдарламалар көп. Қолданушылар арасында кеңінен танылған бағдарламалар ретінде LaptopSentry, ComputraceComplete, PC PhoneHome, Inspice Trace, Laptop Tracker, Тrace Gold, т.б. аталады.

Бірақ мұндай бағдарламалардың бір кемшілігі – олар құрылғыны тек интернетке қосылған кезде ғана таба алады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG