Қазақстандық баспасөз құралдары бүгін таңертең 62 жастағы Ержан Өтембаевтың қайтыс болғаны туралы хабарлады. Кезінде Қазақстан парламенті сенаты аппаратының жетекшісі, Стратегиялық жоспарлау агенттігінің төрағасы, премьер-министрдің орынбасары, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары тәрізді лауазымды қызметтер атқарған Ержан Өтембаев 2006 жылғы ақпанда қастандықпен өлтірілген оппозициялық саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен екі көмекшісінің қазасына байланысты айыпкер ретінде сотқа тартылған.
2006 жылы сот оны Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс бергені үшін айыпты деп танып, 20 жылға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Тапсырыспен адам өлтірген деп танылып, өлім жазасына кесілген бұрынғы полиция қызметкері Рустам Ибрагимов сот кезінде айтқанынан бірнеше жылдан соң айнып, қылмысқа тапсырысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев берді деп жаңа куәлік бергені хабарланғаннан кейін, 2013 жылғы желтоқсанда Қазақстан бас прокуратурасы "Алтынбек Сәрсенбайұлын өлтіруге тапсырыс беруші – Рахат Әлиев" деп мәлімдеген.
2014 жылы қарашада Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық мамандандырылған сотының шешімі бойынша Ержан Өтембаев бостандыққа шыққан.
Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстары Өтембаевтың кінәсіз, ал басқалардың кінәлі екенін билік дәлелдей алған жоқ деп мәлімдеп, шешіммен келіспеген. 2015 жылғы мамырда Астана қалалық сотының кассациялық алқасы Өтембаевты мерзімінен бұрын шартты жазамен босатқан сот шешіміне қатысты шағымды қабылдамай тастады.
Сегіз жылға жуық түрмеде отырып шыққан соң Ержан Өтембаев ешқандай саяси-қоғамдық жұмысқа араласпаған. 2014 жылдың соңында оның жүрек талмасы ұстағаны туралы ақпарат тараған.