Алматы облысы Жамбыл ауданында оқушыларды Тамғалы-тас шатқалына апара жатқан автобус жол апатына ұшырады. Бұл ақпаратты Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел хабарлады.
- Автобус жыраға түсіп кеткен. Жарақат алғандардың барлығы Жамбыл аудандық ауруханасына жеткізілді. Соңғы мәлімет бойынша, барлығы жеңіл жарақаттанған. Бірақ соған қарамастан медициналық тексерістен толық өткізіледі, - деді ол.
Ол автобуста қанша бала болғанын ашып айтпады. Кейбір жергілікті сайттар автобуста 47 оқушы болғанын, 8 оқушы және бір мұғалім жарақаттанғанын хабарлады.
Жол апатына байланысты қылмыстық іс қозғалған-қозғалмағаны белгісіз. Кейбір жергілікті БАҚ оқушылардың Алматыдағы 134 лицейде оқитынын жазды.
Еуропа одағы статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп елдердің бестігіне енеді.