Қазақстанда коронавирус індетінен 51 медицина қызметкері көз жұмды. Бұл туралы 16 шілдеде өткен брифингте тауар мен қызмет сапасын және қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев мәлімдеді.
"Өкінішке қарай, 51 әріптесіміз қайтыс болды. Марқұмдардың туыстарына қайғырып көңіл айтамын" деді Сұлтанғазиев.
Азаттықтың "марқұмдардың қаншасы коронавирустан, қаншасы пневмониядан қайтыс болды?" деген сауалына Тимур Сұлтанғазиев "бұл марқұмдардың барлығы коронавирустан көз жұмған деп саналады" деп, қысқа ғана жауап берді.
Коронавирус індеті Қазақстанға келгелі аурумен күрескен медицина қызметкерлерінің өздері инфекция жұқтырып, үлкен дауға айналған. Алматы қаласы №12 клиникалық ауруханасында дәрігерлер жаппай COVID-19 инфекциясын жұқтырып, аурухананың өзі карантинге жабылды.
Сұлтанғазиев эпидемия басталғалы қанша медицина қызметкерінің коронавирус инфекциясын жұқтырғанын және ауру салдарынан қайтыс болған қанша қызметкердің туыстарына үкімет уәде еткен 10 миллион теңге өтемақы төленгенін айта алмады.
Соңғы рет 18 маусым күні денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева 1904 медицина қызметкерінің коронавирус инфекциясын жұқтырғанын айтқан. Бұл сол кездегі расталған коронавирус жағдайларының 12 пайызын құраған.
Эпидемия басталғанда Қазақстан үкіметі қызметі барысында коронавирус инфекциясын жұқтырған медқызметкерге 2 миллион теңге, коронавируспен күресіп, өзі сол індеттен қайтыс болған медқызметкерге 10 миллион теңге төлейтінін хабарлаған.
13 шілде күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспенк күресте қайтыс болған 42 медицина қызметкерін түрлі мемлекеттік атақпен марапаттаған болатын.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 65 188 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған. Оның 39 мыңнан астамы жазылып шыққан, 396-сы қайтыс болған.
Одан бөлек коронавирус жұқтырып қайтыс болған, бірақ денсаулық министрлігі "өлімінің себебі өзге" деген адамдардың бөлек тізімі бар. Соңғы рет 2 шілде күні жаңарған ол тізімде 101 адам болған. 16 шілдедегі брифингте Азаттық тілшісі Тимур Сұлтанғазиевтан тізімнің қанша адамға артқанын сұрады. Денсаулық министрлігі атынан сөйлеген шенеунік жауап бере алмады.