Қазақстан сыртқы істер министрлігі 8 қазанда кешке Қырғызстандағы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Бұл Қазақстан билігінің Қырғызстандағы оқиғаға байланысты жариялаған алғашқы мәлімдемелерінің бірі.
СІМ көрші мемлекетте "қазақстандық инвесторларға тиесілі бірқатар кәсіпорындарға шабуыл жасау және оларды басып алу талпынысына алаңдаушылық" білдірген.
"Қазақстан Республикасының азаматтарына қоқан-лоқы жасау және қазақстандық кәсіпорындардың мүлкін бүлдіру фактілері ерекше алаңдатады. Қазақстандық компаниялар соңғы жылдары Қырғызстан экономикасына 1 млрд АҚШ долларынан астам инвестиция құйып, көрші елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосты" делінген мәлімдемеде.
Ведомство қырғыз тарабын Қырғызстандағы Қазақстан азаматтары мен қазақстандық компаниялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша дереу шара қолдануға шақырған.
Қырғызстанда болып жатқан оқиғаларға осыған дейін бірен-саран билік өкілдері ғана пікірін білдірген. Осы апта басында президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тағы парақшасында "Қырғызстанда болып жатқан оқиғалар – сол елдің ішкі мәселесі" деп айтқан.
Апта ортасында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстандағы жағдайды Ресей мен Өзбекстан басшысымен талқылағаны хабарланды. Бейсенбі күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов пен Қырғызстан Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы міндетін атқарушы Омурбек Суваналиев телефон арқылы сөйлесіп, "ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, терроризм мен экстремизм, трансұлттық қылмыстық топтармен күрес бойынша бірігіп әрекет ету мәселесін" талқылаған.
Қырғызстанда билікке қарсы наразылық тұтанған кезде Қазақстанның мемлекеттік ақпарат құралдары ондағы жағдайды "бассыздық", "бейберекет" деп атауға бейім. Кейбір сарапшылар басқа елдерде де оппозициялық күштер толқуы болғанда ақпаратты осылай тарату – Қазақстанда қалыптасқан тәжірибе деп есептейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандық БАҚ Қырғызстандағы жағдайды қалай көрсетті?