Қазақстандық құқық қорғаушылар тағы бес белсендіні "саяси тұтқын" деп таныды

"Саяси тұтқындарды" босатуды талап еткен митинг. Орал қаласы, 28 ақпан 2021 жыл.

Қазақстандық құқық қорғаушылар "саяси тұтқындар" тізімін тағы жаңартты. 17 наурызда жарияланған жаңа тізімге тағы бес белсенді қосылған.

Олардың барлығы тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы және "Көше партиясына" қатысы бар деп күдікке ілініп отыр. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ мен "Көше партиясын" Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған. Құқық қорғаушылар екі ұйымға қатысты шыққан сот шешімінің жарияланбағанын айтып, сынаған.

  • Екібастұз тұрғыны, азаматтық белсенді Мақсұт Аппасов құқық қорғаушылардың айтуынша, азаматтық белсенділігі үшін қудаланып отыр. Тергеу органдары оны "тыйым салынған Көше партиясын" қолдады деп айыптап отыр. Былтыр қараша айында үйінде тінту жүргізілген. Ақпан айының соңында ұсталған. "Бейбіт жиын тәртібін бұзғаны үшін" талай рет әкімшілік жазаға тартылған.
  • Қостанай қаласының тұрғыны, белсенді Медет Есенеев – 2020 жылы қаңтарда Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-бөлігі бойынша ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу", нақты жағдайда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы) кінәлі деп танылып, бостандығы бір жылға шектелген, пробациялық бақылау белгіленген. 2020 жылы 4 қыркүйекте "пробация шартын бұзғаны үшін" шартты жаза түрме жазасымен алмастырылған.
  • Ақтаулық белсенді Абзал Қаналиев – Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-бөлігі бойынша ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу") күдікке ілінген. Былтыр қараша айында үйқамаққа алынған. Алайда "әлеуметтік желідегі жазбасы үшін" ақпан айының соңында қамауға алынған. Құқық қорғаушылардың айтуынша, ол талай рет видео-челлендждер, пикеттер, "саяси тұтқындардың" отбасына көмек беру акцияларына қатысып, сол үшін әкімшілік жазаға тартылған.
  • Маңғыстау облысының Бейнеу ауылының тұрғыны Мерей Құрбақов –"тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілініп, қамауға алынған. Құқық қорғаушылар оның бір жылдан астам уақыттан бері азаматтық позициясы үшін қудаланып келе жатқанын айтады. Ол былтыр желтоқсан айында "билік өкіліне күш қолданғаны үшін" кінәлі деп танылып, 40 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттелген. Мүгедектігі бар белсенді онкологтар есебінде тұр.
  • Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, белсенді Айдар Сыздықов – Қылмыстық кодекстің 405-бап 2-бөлігі бойынша ("Тыйым салынған ұйымның ісіне араласу", нақты жағдайда "Көше партиясы") күдікке ілініп, қамауға алынған. Осыған дейін көптеген митингілерге қатысып, саяси көзқарасын ашық білдіргені үшін әкімшілік жазаға тартылған.

Қазақстанда алғашқы саяси тұтқындар тізімі 2013 жылы жасалған. Құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандар қатарында ақын әрі диссидент Арон Атабек, жаңаөзендік белсенді Ержан Елшібаев, "терроризмді насихаттады" деп сотталған Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағалиев те бар.

Қазақстан билігі "елде азаматтар саяси пікіріне байланысты қудаланады" деген пікірмен келіспейді және "саяси тұтқындар жоғын" айтып келеді.

Қазақстандағы саяси қудалау туралы ақпарат тарататын Tirek.info сайтының мәліметінше, жаңадан қосылғандарады есептегенде Қазақстанда барлығы 29 саяси тұтқын қамауда отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Бүкіл күш белсенділерді басып-жаншуға жұмсалды". Қазақстандағы адам құқығының ахуалы