Атырау облысында өртенген шөптің орнында үш баланың денесі табылды. Бұл жөнінде төтенше жағдай министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
5 қазанда кешкі сағат сегіздер шамасында төтенше жағдай қызметінің кезекші бөліміне Махамбет ауданы Ортақшыл ауылындағы үйдің ауласында 22 рулон шөптің өртеніп жатқаны жайлы хабар түскен. Өрт сөндірушілер келгеннен кейін үш сағаттан соң өрт сөндірілген.
6 қазанға қараған түні Махамбет ауданы полиция бөліміне Ортақшыл ауылында үш баланың жоғалып кеткені жөнінде хабар келген.
Іздеуге құтқарушылар, кинологтар, полицейлер қатысқан. Нәтижесінде өртенген шөптің орнында 2014 жылғы екі бала мен 2012 жылғы бір баланың денесі табылған. Сот-медицина сараптама тағайындалған.
Қазақстанда кейінгі кезде балалардың өрттен қаза болуы жиілеген.
- Биыл ақпан айында Түркістан қаласындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде табиғи газдан иіс тиген бес адам өлі табылған. Олардың төртеуі – кәмелетке толмаған бала.
- 19 ақпан күні Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы көп қабатты үйдің пәтерінен өрт шығып, бір үйдің бес баласы көз жұмды.
- 18 ақпанға қараған түні Қызылорда қаласында уақытша баспана өртке оранып, үйде болған бес баланың кенжесі қазаға ұшырады. Қалған балаларды үйде болған анасы құтқарып үлгерген.
2019 жылы ақпан айында астананың "Көктал-1" ауылында көмірмен жылитын үй өртеніп, кішкентай бес қыз қаза болған. Ақпаратқа қарағанда, ата-анасы түнде жұмыста болған. Қайғылы оқиға көп балалы аналардың наразылығын туғызды. Олар үкіметтен баспанаға зәру отбасыларды үймен қамтамасыз етуді, әлеуметтік қолдауды күшейтуді, жеңілдік қарастыруды талап етті. Билік көп балалы аналардың кей талаптарын орындаған.