Қазақстандық телеарналар 9 қаңтарда елдегі митингіге қатысқаны үшін ақша алды деп қырғызстандықты көрсеткен еді. Ал Қырғызстан тұрғындары Қазақстан арналары көрсеткен адам белгілі джаз музыканты әрі пианист Викрам Рузахунов екенін айтып жатыр.
Видеодағы адам жұмыссыз екенін, 1 қаңтарда белгісіз адамдар митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, пәтерге орналастырғанын айтады. Сөйлеп тұрған адамның бетінде соққы іздері бар, бір көзі ісіп кеткен.
Артынша қырғызстандықтар бұл адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін айтып, кейбірі оған бұл сөздерді азаптап айттырды дейді.
"Викрам Рузахунов халықаралық фестивальдардың лауреаты, оны елдегі өнерпаздардың көбі біледі. Видеода жұмыссызбын дейді. Олай емес. Ол музыкант, Қырғызстандағы жиындарға да қатыспаған. Қазақстанға жиі барып концерт қоятын" деді оның таныстарының бірі Азис Абакиров Азаттықтың Қырғыз қызметіне.
Жақындары бірнеше күннен бері Рузахуновты таппай жүрген. Қырғызстан ішкі істер министрлігі Рузахуновтың Алматыға билетті желтоқсанда сатып алғанын, 2 қаңтарда Қазақстанға концерт қоюға кеткенін мәлімдеді.
9 қаңтарда бір топ қырғызстандық Қазақстанның Бішкектегі елшілігі алдына наразылық акциясын өткізіп, Рузахуновты босатуды талап етті. Акцияға Қырғызстан ҰҚК төрағасы Қамшыбек Ташиев те келді.
- Мемлекеттік органдар тарапынан ресми түрде Рузахуновтың "террорист емеспін" ресми түрде мәлімдейміз. Ол – қарапайым азамат, музыкант, тәртіпті адам. Таңертеңнен бері оны тексердік. Ол ешқандай тәртіпсіздіктерге, көшедегі шерулерге қатыспаған. Қазақстанның мемарналарында таратылған ақпарат қате. Тергеудің риторикасын өзгерту керек. Біздің азаматты терроризмге айыптау дұрыс емес, - деді Ташиев.
Қазақстанда билікке қарсы жаппай наразылық соңғы тәртіпсіздікке ұласқан соң билік елдегі жағдайға "шетелде дайындалған террористерді" айыптай бастаған. Бірақ билік "террористердің" кім екенін нақты айтпай отыр.
9 қаңтарда Қырғызстан ІІМ Қазақстанның Қырғызстандағы елшісі Рапил Жошыбаевқа осы жайтқа байланысты қарсылық нотасын тапсырғаны хабаарланды.
Қазақстан елдегі тәртіпсіздік басталғаны алты мыңдай адам ұсталғанын, арасында шетелдіктер де барын айтқан. Ел үкіметі 120 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.