Мәскеу "шамданды", Астана "түсініспеушілік танытты". Украина елшісінің сөзінен шыққан шу

Ресей сыртқы істер министрлігінің ғимараты. Мәскеу

Ресей сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Ресейдегі елшісін шақырып, Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублескийдің әлі күнге дейін Астанадан кетпегеніне наразылық білдірген. Ресей тарабы Қазақстан "Киев барынша көп орыстың көзін жоюға тырысады" деп айтқан Украина елшісін еліне қайтарамыз деп уәде берген деп отыр. Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі Мәскеуге мұндай уәде берген-бермегенін ашып айтпады, бірақ Ресейдің мәлімдемесін "одақтастық қатынасқа қайшы келеді" деп сипаттады. Екі одақтас елдің арасында бұрын мұндай деңгейде түсініспеушілік болмаған еді.

"Жауласқан русофоб", "бандерлердің тыңшысы", "жексұрын ұлтшыл". Бұл – Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың мәлімдемесіндегі сөздер. Ол мұны Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевскийге қарата айтқан.

"Бұл адам тағы да Қазақстан астанасына оралып алды, ол "заттарын жинап, отбасын алып кетуге" келмегені анық. Дипмиссияның басшысы ретінде дипломатиялық қабылдауларға барып жүр" деді Захарова.

УКРАИНА ЕЛШІСІНІҢ ДАУҒА ТҮРТКІ БОЛҒАН СӨЗІ

Украинаның Қазақстандағы елшісі Врублевский қыркүйектің басында еліне еңбек демалысына кеткен еді. Ол еңбек демалысына шығардан бірнеше апта бұрын қазақстандық блогер Диас Құзайырға сұхбат берген еді. 21 тамызда жарияланған сұхбатта елші Ресейдің Украинаға бастаған соғысы жайлы айта келе "қазір барынша көп орысты өлтірсек, көп баламыз аман қалады" деген.

Сол кезде Ресей сыртқы істер министрлігі бұл сұхбат "Киев режимінің адамға қарсы бет-бейнесін көрсетеді" деген.

Ал Қазақстан сыртқы істер министрлігі "мұндай сөз шетелдік елшіге жат" екенін айту үшін Врублевскийді шақыртқан. Артынша Қазақстан сыртқы істер министрлігі украиналық дипломат кешірім сұрады деген. Осы шудан соң Украина елшісі еңбек демалысын алып, мәселе жабылғандай көрінген.

Қазақстан сыртқы істер вице-министрі Ермұхамбет Қонысбаев және Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский. Астана, 23 тамыз 2022 жыл.

8 қыркүйекте ресейлік ТАСС агенттігі дереккөзіне сілтеме жасап, "бандер-елші Қазақстан билігінің талабымен еліне кетті" деп жазды. Ал Украина сыртқы істер министрлігі мұны жоққа шығарып, Врублевский үзілістен соң жұмысына оралады деді. Қазақстан тарабы да дипломат еңбек демалысында екенін айтты.

Захарова 4 қазандағы комментарийінде Қазақстан тарабы Врублевскийді еліне қайтарамыз деп айтып алып, сөзінде тұрмады деді. Ал 4 қазанда Ресей сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаевты шақырып, "мұндай жағдай мүлдем қабылдауға келмейтінін" айтқан. 5 қазанда қазақстандық журналистер парламент кулуарында Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіден Захарованың мәлімдемесіне қатысты пікірін білуге тырысты, бірақ ол сұрақты естісе де, жауап бермеді. Тілеуберді бұған қатысты министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияров пікір білдіреді деді.

Ал Смадияров журналистерге "Біз Мария Захарованың айтқан сөздеріне түсінбеушілікпен қараймыз. Өйткені, оның айтқан сөздері Қазақстен мен Ресей арасындағы серіктестік сипаттағы қатынастарға қайшы келеді" деді.

Смадияров Захарова мәлімдемесінде Қазақстан Қылмыстық кодексінің "алауыздықты қоздыру" бабын атап өткенін түсінбедік дегенді меңзеді.

"Ресей СІМ өкілі қандай қылмыстық жауапкершілік туралы айтып отырғанын түсінбедік. Себебі Украинаның Қазақстандағы елшісі Вена конценциясына сай дипломатиялық қолсұқпаушылық статусына ие" деді Қазақстан СІМ өкілі.

Смадияров Захарованың сөзіне байланысты Ресей елшісі Қазақстан сыртқы істер министрлігіне шақыртылатынын айтты.

"ШЕКТЕН ШЫҒУ"

Екі ел арасындағы араздық алғаш рет сыртқы істер министрліктері деңгейіне шықты. Бұдан бұрын Ресей депутаттарының Қазақстанға тиісе сөйлеген сөздеріне, соның ішінде елдің аумақтық тұтастығына, орыстарға қысым жасады деген айыптауларына ресми Астана мардымды жауап қатпай келген. Қазақстанның билік өкілдері Ресей депутаттарының және басқа да адамдардың пікірлері "ресми Кремльдің ұстанымын білдірмейді, Мәскеу мен Астана арасында достық және одақтастық жайында келісім бар" деп келген.

Your browser doesn’t support HTML5

Қазақстан мен Ресейдің сыртқы саясат мекемелері шарпысып қалды

Ресейдің Украинаға еш себепсіз басып кіруі Мәскеу мен Астананың қарым-қатынасына әсер етпей қоймады. Қазақстанда "Украинаның орнында біз болуымыз мүмкін бе?" деген сауал жиі қойыла бастады. Ресей саясаткерлерінің "Қазақстанда денацификация жүругізуге" шақырған мәлімдемелері де отқа май құя түседі.

Кей сарапшылардың айтуынша, экономикалық тұрғыдан тәуелді екеніне қарамастан, кейінгі кездері Қазақстан Ресейден іргесін аулақ салуға тырысып келеді. Астана Ресейдің Украинаға шабуылын сынамағанымен, Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын және Донбасстағы сепаратистік аймақтарды мойындамайтынын мәлімдеді. Бұған қоса Қазақстан Украинаның Донецк, Луганск, Запорожье, Херсон облысындағы "референдумдарды" да заңды деп таныған жоқ.

Астана "ДХР" мен "ЛХР"-ды мойындамайтынын ашық айтып, Ресейге салынған санкциялар тәртібіне бағынатынын мәлімдеген соң Мәскеу Қазақстан мұнайының едәуір бөлігі экспортталатын өз аумағындағы "Каспий құбыр консорциумының" жұмысын бірнеше рет түрлі себептермен тоқтатты. Сарапшылар бұл әрекеттерді Ресейдің шешімін қолдамағаны үшін "кек алу" деп атады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Каспий құбыр желісі консорциумы Ресейдің Қазақстанды жазалау құралына айналды ма?

Ресейде "ішінара мобилизация" жарияланған соң соғысқа барғысы келмеген ресейліктер көрші елдерге ағыла бастады. Ресми деректерге қарағанда, 21 қыркүйектен бері Қазақстанға Ресейден 300 мыңға жуық адам келген, оның жартысына жуығы өзге елге кеткен. Ел басшылығы Ресейден келгендерге түсіністікпен қарауға шақырды және елінде іздеу жарияланбаса, мобилизациядан қашқандарды кері қайтармауға уәде берді.

Шекара маңындағы аймақтар ресейліктерді қонақжайлықпен қарсы алып жатыр, бұл Мәскеу пропагандасы жиі айтатын "Ресейді жаушыл халықтар қоршап тұр" деген стереотип көзқарасқа сәйкес келмейді. Қазақстандық саясаттанушы Ғазиз Әбішев Ресей сыртқы істер министрінің мәлімдемесін "этикалық шеңберден сыртқа шыққан әрекет" деп бағалайды:

— Қазір болып жатқан жағдайға байланысты Ресей және оның сыртқы саясат мекемесі аса қатты қобалжып отыр. Мұнда Украинадағы жағдай да, Ресей сыртқы істер министрілігінің және Путиннің оқшаулануы да бар. Ондағылар әсіресе Ресейдің одақтасы саналатын елдердегі Украинаның сыртқы саяси әрекеттерін аса ауыр қабылдап отыр. Сондықтан Ресей Қазақстанның ішкі ісіне араласып, кешірім сұраған, дипломатиялық нота жолданған елшіні шығарып жіберуді талап етті, — деді ол.

Ағылшын тілінде шығатын Eurasianet сайтының редакторы Питер Леонард Захарованың мәлімдемесін "Қазақстанды қорқытып", елшіні еліне қайтару әрекеті деп санайды.

Украин елшісінің мәселесі де шешілгенге ұқсайды. Қазақстан сыртқы істер министрінің ресми өкілі "Петр Врублевскийдің орынсыз сөз айтқаны Украина жағына ескертілгенін" ал Киев мұны "түсіністікпен қабылдағанын", елшіні кері шақыртып, орнына басқа елші жіберілетіні туралы келісім болғанын айтты.

Украинаның Астанадағы елшілігі елшінің сөзі, оған қатысты дау-дамай төңірегінде ештеңе айтпады. 5 қазанда Украина сыртқы істер министрлігі Азаттыққа бұл мәселе бойынша комментарий бермейтінін мәлімдеді.

Ал Қазақстандағы желі қолданушылары елі сегіз айдан бері Ресей агрессиясына төтеп беріп жатқан Петр Врублевскийге қолдау білдірді.

Қазақстандықтардың жазуынша, елшіні шығарып жіберуді талап ету арқылы Ресей бөлек екі елдің қарым-қатынасына ашық араласып, аз ғана одақтасының бірі – Қазақстанмен де араздасып қалуы мүмкін.