Кемі он адам ұсталып, полиция күзеті күшейді. Республика күнінде не болды?

Алматыда митинг белгіленген аумақта полицейлер адамдарды ұстап жатыр. 25 қазан 2023 жыл.

25 қазанда Қазақстанның бірнеше аймағында оппозиция митинг өтеді деп белгілеген жерлерде полиция күзеті күшейіп, Астана, Алматыда, Оралда адамдар ұсталды. Ал ел президенті Тоқаев мерекеге байланысты сөйлеген сөзінде "Әділетті Қазақстан құру" туралы тағы айтты. Елде Республика күнінде не болды?

АСТАНАДАҒЫ КҮШЕЙГЕН КҮЗЕТ

Астанада митинг өтеді деп белгіленген Орталық жағалау мен Кенесары ескерткішінің маңында таңнан бастап полицейлер қарасы көбейді. Аумақта қала әкімдігінің ішкі саясат басқармасының өкілдері де жүрді. Жағалаудың айналасында "Газель" көліктері, полиция машиналары және интернет өшіретін құрылғысы бар көліктер де тұрды.

Түстен кейін полиция бұл маңға келген адамдарды біртіндеп ұстай бастады. Vlast сайты жариялаған видеода полицейлердің екі адамды ұстап, асыға автозакқа салып жатқаны байқалады.

Your browser doesn’t support HTML5

"Көлеңкесінен қорқады". Астанада Әблязов митингісіне санаулы адам келді

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Астанада полиция кемі төрт адамды ұстап әкеткен. Бұдан бөлек, астаналық белсенді Нұрбол Өнерхан Facebook парақшасында тікелей эфирге шығып, өзін полиция бөлімшесіне әкетіп бара жатқанын айтты.

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов жұртты 25 қазан – Республика күні билікке қарсы наразылыққа шақырған. Сондай-ақ партия ретінде тіркеле алмай жүрген "Алға, Қазақстан" қозғалысының бастамашыл тобы елдің бірнеше аймағында 25 қазанда митинг өткізуге жергілікті биліктен рұқсат сұраған, бірақ әкімдіктер рұқсат етпеген еді.

Түстен кейін Кенесары ескерткіші маңына екі әйел келіп, "Оян, қазақ! Көзіңді аш!" деп ұрандатты. Олар өздерінің тіркелмеген "Алға, Қазақстанның" мүшелері екенін жеткізді.

"Қысымға қарамастан бізде бәрібір бейбіт жиын өтуі тиіс. Қазір кедейшілік жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Дәрі алуға шамамыз жетпейді. Мен өзім түнгі кезектен шығып, келіп тұрмын" деді әйелдердің бірі. Полиция журналистердің көзінше оларды ұстауға батпады.

АЛМАТЫДА КЕМІ АЛТЫ АДАМ ҰСТАЛДЫ

Алматыда митинг өтеді деп белгіленген Орталық саябақта да полицейлер көп жүрді. Азаттық тілшілері аумақта бірнеше автозактар қойылғанын көрді. Саябақ маңында мобильді интернет те өшірілді.

Your browser doesn’t support HTML5

Наразы екі әжей және ондаған полиция. Алматыдағы митинг күнгі ахуал

Алаң маңында жүрген журналистер жағдайды "бүгін оппозиция митингі емес, құдды полицейлердің митингісі болатын сияқты" деп сипаттады.

Азаттық тілшілерінің хабарлауынша, Алматыда полиция кемі алты адамды ұстап әкеткен. Кейбіреулерінің қолында ешқандай плакат болмаған, ұрандатпаған. Ұсталған екі ер адам журналистерге "бізді не үшін ұстап жатқанын түсінбей тұрмыз, негізі демалып жүрген едік" деді.

Полиция қызметкерлері Азаттыққа екі ер адамның не үшін ұсталғанын түсіндіруден бас тартты.

Алматыда митинг белгіленген аумақта тұрған полицейлер мен әкімдік өкілдері. 25 қазан 2023 жыл.

"Ар.Рух. Хақ" құқық қорғау ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Орталық саябақтың маңында "полиция өзімен өзі кетіп бара жатқан бір адамды ұстап әкеткенін" жазды.

Түс ауа Алматыдағы Орталық саябаққа талап айтпаққа келген 88 жастағы қарт адамды әкімдік өкілі ертіп әкетті.

Алматыда полицейлер мен әкімдік өкілдері митинг белгіленген жерге келген зейнеткермен сөйлесіп тұр. 25 қазан 2023 жыл.

Бұған қоса, алматылық белсенді Бибігүл Иманғалиева полицей үйін 18 қазаннан бері торуылдап жүргенін хабарлады. Ал белсенді Нинагүл Жұманиязова "бүгін, 25 қазанда өзін полицияға шақырғанын" айтты.

АЙМАҚТАРДА НЕ БОЛДЫ?

25 қазанда Қарағанды, Атырау, Шымкент, Оралда да полиция күзеті күшейді.

Оралда полиция қала тұрғыны Болат Жармұхамедовті көшеден ұстап әкеткен. Ер адам алаңға тумен барып, жұртты мерекемен құттықтағысы келгенін айтқан. Қалада митинг орны ретінде белгіленген Мәншүк Мәметова алаңын бірнеше полицей бұрыштан бақылап тұрды.

Your browser doesn’t support HTML5

"Тоқаевтың нивасы". Митинг өтетін күні бірнеше өңірде күзет күшейді

Қарағандыда митинг өтеді деп белгіленген орталық саябақтың кіреберісіне техника қойылды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полицейлер саябаққа кірген-шыққандардың бәрін мұқият қадағалап тұрды.

Шымкентте митинг болады деген Бейбітшілік көшесінің бойында орналасқан Арбатты полициялар күзетіп тұрды. Арбатқа жақын орналасқан Республика көшесі мен Момышұлы көшесінің қиылысында орналасқан қызғалдақ субұрқағы да полицияның бақылауында болды.

Түс ауа Шымкентте митинг орны деп белгіленген жерге бір адам келіп, билікке талабын айтты. Өзін Ермек Қуанышбай деп таныстырған ер адам "Оппозициялық партияларды тіркесін. Өзім – "Алға, Қазақстан" партиясының бастамашыл тобының мүшесімін. Қамауда отырған саяси тұтқындар босатылсын" деді.

Атырауда митинг өтеді делінген Махамбет-Исатай алаңын полиция күзетіп тұрды. Азаттық тілшісінің айтуынша, алаңда адамдар алаңда емін-еркін жүрді. Ақтөбеде де митинг өтеді деп белгіленген орталық алаңды полиция торуылдап жүрді.

Қазақстан ішкі істер министрлігі, жергілікті жерлердегі полиция департаменттері 25 қазанда қанша адам ұсталғаны жайлы әзірге ресми мәлімдеме таратқан жоқ.

ТОҚАЕВ: ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМЫЗ

Елдің бірнеше аймағында полиция күзеті күшейіп жатқан тұста Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада ту көтеру рәсіміне қатысты. Осыдан соң елде ресми түрде Республика күнін тойлау басталып, елдің барлық аймағында да ту көтерілді.

Ту көтеру рәсімінде Тоқаев "Халқымыз тату-тәтті әрі берекелі қоғам құруға бар ерік-жігерін жұмсайды, жасампаз ісімен жаңа белестерді бағындырады. Әрбір отандасымыз адал азамат деген атқа лайық болып, елімізді дамытуға салмақты сөзімен, өнегелі ісімен үлес қосады. Біз бірге мақсатымызға жетеміз, баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құрамыз" деді.

Қаңтар оқиғасынан соң Тоқаев "Әділетті Қазақстан", "Жаңа Қазақстан" құру туралы айтып келеді. Бірақ белсенділер, Қаңтар оқиғасынан соң жауапқа тартылғандар "Әділетті Қазақстан" құрылатынына күмән келтірген.

2022 жылы маусымда Тоқаев 25 қазанда Республика күнін (1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендік декларациясы қабылданған) қайта тойлауды бекіткен. Елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл мерекені 2009 жылы күнтізбеден алып тастаған еді.

Былтыр да Республика күні оппозициялық белсенділер жұртты билікке қарсы митингіге шақырып, Астана, Алматы және бірнеше қалада күзет күшейген.

Биылғы митингіге шақырған қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын Қазақстан билігі "экстремистік ұйым" деп таныған. Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атайды.

Әблязов митинг өтетінін жариялаған соң елдің әр аймағында белсенділер ұсталып, ондаған адам "бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деп бірнеше күнге қамалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 25 қазан қарсаңында оппозициялық белсенділерді жазалау үдеді

24 қазанда ел президенті Тоқаев Ақордада бір топ адамға мемлекеттік марапат тапсырған күні "заң шеңберінен шығатын, азаматтардың арасына іріткі салатын және тұрақтылыққа қауіп төндіретін кез келген сөз бен әрекетке қатаң түрде тосқауыл қоямыз" деп мәлімдеді.

Қазақстанда заңда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін жергілікті билікке ескертуі жеткілікті деп жазылған. Бірақ құқық қорғаушылар жергілікті әкімдіктің қолында қолайына жақпайтын шараны өткіздірмей тастаудың тетігі көп дейді. Билік келісім бермеген акциялардың ұйымдастырушылары мен қатысушылары "митинг туралы заңды бұзды" деп айыппұл салынады я әкімшілік қамауға алынады.

Халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар ресми Астананы азаматтардың бейбіт жиналу құқығын құрметтеуге үндеп келеді. Қазақстан билігі елде азаматтар Конституцияда көрсетілген бейбіт жиын өткізу құқығын еркін пайдаланып отыр дейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Митинг һәм мереке – AzatNews | 25.10.2023