Алматыда белсенді әйелдер қауіпсіздігі тақырыбында шеру өткізуге рұқсат беруді талап етті

Белсенді Лия Берген жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Алматы, 2 ақпан 2024

Алматыда белсенді Лия Берген 8 наурызда әйелдер қауіпсіздігі тақырыбында шеру өткізуге рұқсат беруді талап етіп, жалғыз адамдық пикетке шықты.

2 ақпанда "Республика" алаңында белсенді "Досаев, дәстүрді бұзбай, шеруге рұқсат бер!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Лия Берген "жалғыз адамдық пикетке шығуым — әділдік пен теңдікке деген табанды ұмтылысымыздың көрінісі" дейді.

– [Әкім] менің үндеуімді естиді деп үміттенемін. Себебі қазір мен сияқты адамдар өте көп. Біз, қыз-келіншектер, феминистер осы шеру өтуі үшін күресеміз, өткізуге тырысамыз, ақыры рұқсат бергенін қалаймыз. Бірге үнімізді естиді деп үміттенеміз, – деді Лия Берген Азаттыққа.

Оның сөзінше, бүгінгі жалғыз адамдық пикетке қатысты ол рұқсат сұрап, әкімдікке бірнеше рет өтініш берген. Әкімдік екі рет бас тартқан, ал үшінші өтінішіне мүлде жауап бермеген. "Ал заң бойынша әкімдіктің үнсіздігі – рұқсат бергені болып саналады" деді белсенді.


1 ақпанда әйел құқығын қорғаумен айналысатын ұйым белсенділері баспасөз жиынын өткізіп, Алматы әкімдігі 8 наурызда шеру өткізуге рұқсат бермей отырғанын айтқан. Олардың сөзінше, жергілікті билік белсенділерге бейбіт жиынға бөлінген орындарда "мәдени шара өтеді", "шеру қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген себептерді алға тартып, рұқсат бермеген.

Былтыр феминистер "қоғамдық тәртіпке қауіп төндіреді" деген негізге келіспей, әкімдікті сотқа беріп, жеңіліп қалған.

"Біздің шерулерде ешқандай бұзақылық жоқ, әр митингіміз өзекті тақырыпты қозғайды. Жыл сайын біз жаңа резолюция жасаймыз. Әкімдік тарихи маңызы бар мейрамымызды өзімізге беруі керек, оны тартып алуға ешқандай әрекет жасамауы қажет" деген еді белсенді Мөлдір Албан 1 ақпан күні шеру тақырыбына арналған баспасөз жиынында.

Белсенділер алғашында шеру тақырыбын "Қазақстан әйелдерінің бостандығы мен қауіпсіздігі" деп көрсеткен, кейін оны "Қазақстан әйелдерінің қауіпсіздігі үшін" деп өзгерткен.

Феминистер әкімдік рұқсат бермесе, жалғыз адамдық пикеттер өткізетінін мәлімдеген.

  • Қазақстанда жұрт бейбіт митинг өткізу үшін жергілікті әкімдікке алдын ала ескертуі тиіс. Бірақ билік көбіне түрлі себеппен бейбіт митингілерге рұқсат бере бермейді. Рұқсат етпеген митингіге шыққандар 10-15 күнге қамалуы я айыппұл төлейді.
  • Былтыр жыл соңында Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін елде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жазаны күшейту мәселесі қайта талқылана бастады. Нүкенованың қазасына оның күйеуі, бұрынғы экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті ретінде қамауға алынған. Белсенділер мен құқық қорғаушылар тұрмыстық-зорлық зомбылықты "фемицид" деп танып, қылмыстық жаза тағайындауды талап етеді.