Зерттеу: Назарбаевты мадақтайтын фильм және Оливер Стоунды "саудалаған" режиссер

Америкалық режиссер Оливер Стоун (с) мен Игорь Лопатенок Орталық коммуникациялар қызметінде Нұрсұлтан Назарбаев туралы фильмі жайлы баспасөз мәслихатын беріп отыр. 2021 жылғы 6 шілде. Ортада Қазақстанның сол кездегі мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.

Голливуд "жұлдызы" Оливер Стоун мен Нұрсұлтан Назарбаевтың сұхбатын ұйымдастырған режиссер Игорь Лопатенок өз қызметін өзге де автократ басшыларға да ұсынған. Бұл туралы құпия құжаттарды қолға түсірген OCCRP ұйымы мен "Власть" басылымы мәлімдеді. Жағымсыз имиджді жағымды етуді көздейтін мұндай ұсыныстар Беларусь, Әзербайжан және Түркия президенттері мен өзге де авторитар басшыларға жасалған. Зерттеуде құпия құжаттар туралы тағы не айтылған?

Америкалық режиссер Оливер Стоунмен бірге Украина туралы кремльшіл көзқарастағы фильм түсіріп, Нұрсұлтан Назарбаевпен сегіз сериялы сұхбат ұйымдастырған соң, продюсер Игорь Лопатенок "табыс кілтін тапты" дейді зерттеушілер. Ол авторитар басшылардың "халықаралық беделге мұқтаждығы" барын аңғарып, өз қызметін өзге де автократ лидерлерге ұсынған. Олардың арасында Беларусь, Әзербайжан және Түркия президенттері бар. Кемі екеуіне сұхбат алушы Голливуд "жұлдызы" Оливер Стоун болатыны айтылған. Мұның бәрін OCCRP мен "Власть" қолға түсірген құжаттарға сілтеп айтып отыр. Ол құжаттар арасында электронды пошта арқылы алмасқан хаттар, презентациялар және сценарийлер бар. Құпия деректер Қазақстанның бұрынғы президентінен алынған сұхбаттың қалай өңделгенінен де хабар береді.

Зерттеушілер Оливер Стоунның өзі Лопатеноктің жоспарынан хабардар ма, жоқ па – белгісіз екенін жазады. Бірақ кемі бір фильмге – Беларусь басшысы Александр Лукашенко туралы жобаға – "Оскар" сыйлығының иегері келісім берген дейді олар.

Ұсынылған презентациялардан жобалардың қандай сипатта жоспарланғанын көруге болады. Мысалы Лукашенкомен сұхбат оның туып-өскен үйінде, сүт зауытында және өзге де локацияларда өтуі тиіс болған. Сұхбаттасушы онымен балалық шағы, колхоздағы жұмысы, ата-анасы мен бала-шағасы және саясатқа қалай келгені жайлы сөйлесуді көздеген. Беларусь басшысы туралы фильмнің өндірісі басталып та кеткен, бірақ Ресей Украинаға басып кірген соң тоқтап қалған.

Продюсер Игорь Лопатенок Беларусь және Әзербайжан басшысына ұсынды деген презентация. OCCRP мен "Власть.кз" зерттеуінен скриншот.

Ал Әзербайжан президенті Илхам Әлиевке арналған презентацияда "династиялық басқарудың тиімділігі", Армениямен қақтығыс тақырыптары қозғалатыны айтылған. Лопатенок Әлиев туралы фильмге 15 млн доллар сұраған, бұл Назарбаев туралы сұхбаттар сериясының бағасынан көп дейді зерттеушілер.

Ұлттық киноны қолдау орталығы Стоунның фильмін "Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасы қоры" қаржыландырғанын айтып, келісімнің жалпы құны – 2 712 360 000 теңге (немесе 7 млн доллар) деген.

Зерттеушілер осы жағдай туралы Адам құқығы қорының клептократиямен күрес бөлімін басқаратын Кейси Мишельдің пікірін сұраған. Ол авторитар басшылардың Голливуд беделін өз пайдасына жаратуға деген талпынысынан сол елдердің азаматтары жапа шегетінін айтқан.

"Қазақстан сияқты елдердің халқына қандай да бір америкалық режиссердің сол елді басқарып отырған диктаторға пропаганданы таратудың жаңа каналын ұсынғаны қаншалық ауыр тиетінін елестету қиын" деп келтіреді Мишельдің сөзін зерттеушілер.

"НАЗАРБАЕВ СҰХБАТТЫ РЕДАКЦИЯЛАДЫ"

OCCRP мен "Власть" өз дереккөзіне сілтеп, Стоун мен Назарбаев сұхбатына сценарийстер 150-ге тарта сұрақ жазғанын, оны Назарбаев өкілдерімен кемі бес рет талқылағанын, олар өткір сұрақтарды алып тастауды сұрағанын айтады.

"Назарбаев өз имиджін жақсартамын деп фильмді әрдайым редакциялай берді" деп келтіреді түсірілім тобында жұмыс істеді деген дереккөзінің сөзін келтірген зерттеушілер.

Фильм Назарбаевқа ұнап, осы фильмнің негізінде Лопатенок пен оның командасы кітап шығаруды да ойластырған, бірақ кітап сол күйі басылмаған дейді журналистер.

Нұрсұлтан Назарбаев туралы "Qazaq. Алтын адам тарихы" дейтін сегіз сериялы фильмнің тұсаукесері 2021 жылғы 6 шілдеде өткен. Оған қатысу үшін Қазақстанға Оливер Стоунның өзі де, Игорь Лопатенок те келген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оливер Стоунның Назарбаев туралы фильмінен нені аңғаруға болады?

Стоун X әлеуметтік желісінде "Сіздер Назарбаевты диктатор, мықты тұлға, тиран, мемлекеттің негізін қалаушы дегендей әртүрлі атай аласыздар. Бірақ фильмнен совет империясының неге құлағанын, елдің тәуелсіздік жолындағы маңызды қадамын, оның ішінде ядролық қарудан бас тартуын түсіндірген қарапайым адамды көресіз" деп жазған еді.

Орталық коммуникациялар қызметінде мемлекеттік медиа журналистері ғана қатыстырылған баспасөз жиынында Лопатенок фильмнің бюджетін, қаржы көзін атамай, "фильмде мемлекеттің қаржысы жоқ" деген. Жиыннан шыққан соң, Азаттық радиосының тілшісі Стоунға сұрақ қоймақ болғанда айналасындағылар оны қорғаштап бөлек әкетіп, Игор Лопатенок Азаттық тілшілерін "шетел агенті" деп атаған. Бұл сөзі Ресей билігінің риторикасымен үндес шыққан. Ол кезде Кремль Азаттық радиосын "шетел агенті" деп танитын. Бірақ жақында Мәскеу одан әрі барып, Азаттықты "жағымсыз ұйым" деп таныды.

Стоунның бұл фильмін Guardian басылымы "Назарбаевтың жеке басына табыну мәдениетін күшейтетін агиография" (агиография – әулие тұлғалардың өмірін зерттейтін діни ілім. – Ред.) деп бағалаған.

OCCRP мен "Власть" басылымының жазуынша, Назарбаев туралы фильмді түсіруге қатысқан бірнеше адам өз жұмысының ақысын ала алмаған. Олардың екеуі мұны зерттеушілерге растап берген. Минскіде осы фильмнің тұсаукесері болған фестивальда монтаж режиссері болып қызмет еткен Егор Климович "қазақстандық тарапты" Лопатенокка ықпал етуге шақырған деп жазады журналистер.

Зерттеуде аты аталған адамдар арасында Игорь Лопатеноктен басқа ешқайсысы журналистер сұрағына жауап бермеген. Ал журналистердің Лопатенокпен әңгімесі кейінгінің "қоқан-лоқы" көрсетуімен аяқталған.

Украинада туып, 2008 жылы АҚШ-қа қоныс аударған Игорь Лопатенок сол елдің азаматы атанса да, кремльшіл көзқарастарын білдіріп отырады. Оның Оливер Стоунмен қашаннан бастап серіктес болғаны белгісіз. Бірақ екеуінің алғашқы фильмі 2016 жылы шыққан. "Отқа оранған Украина" деп аталды. Үш жылдан кейін екеуі Украина туралы тағы бір фильм шығарды. Екеуі де кремльшіл көзқарасты білдіреді.

Вьетнам соғысының 78 жастағы ардагері Оливер Стоун сценарист ретінде бір, режиссер ретінде екі "Оскар" сыйлығын жеңіп алған. Бірақ кейінгі жылдары ол автотитар басшыларға "қызмет көрсеткені" үшін сынға қалған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың "арсыз пропагандисі" және Қазақстандағы "балама БАҚ"