26 қыркүйекте Түркістан облысы Төлеби аудандық соты биыл көктемде Зағамбар ауылында болған тәртіпсіздіктерден кейін дүние-мүлікті бүлдірген деп айып тағылған 14 адамның ісін қарай бастады. Олардың бәрі Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" бабы бойынша жауапқа тартылып жатыр. Айыпталушылардың бесеуіне бұған қоса "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" айыбы тағылған. Істі судья Ғани Байарыстан қарап жатыр.
Бұған дейін айыпталушылар Ердос Өскенбаев, Жеңіс Әбдіразақұлы, Саят Мамай қамаудан кепілмен босатылған, ал Ермек Пернебаев, Әбдіғани Нармет, Ернұр Мейірбек, Асан Сауырбаев, Дәурен Қабыл, Нұрдәулет Әзімхан, Бексұлтан Кауке, Аян Төлебек, Нұрсұлтан Истамбеков, Жайсанбек Қалыбеков, Рахым Сламханды ешқайда кетпейтіні туралы қолхат беріп бостандықта жүр.
Сот отырысына айыпталушылар мен олардың қорғаушылары және істе жәбірленуші деп танылған сегіз адам қатысты.
Айыптау актісіне қарағанда, айыпталушылар "кәмелет жасына толмаған қыз зорлық көріпті" деген хабар естіген соң ауыл шетіне жиналған. "Алдын ала сөз байласып, көліктер мен қораларды қасақана өртеуді жоспарлаған" деп жазылған актіде.
Айыпталушылардың бәрі "Бұзақылық" бабы бойынша айыпты мойындады. Бұған қоса, "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" бабымен айып тағылған бес адамның үшеуі "екінші айыпқа келіспеймін және мойындамаймын" деп мәлімдеді.
Your browser doesn’t support HTML5
Биыл 23 сәуірде Зағамбар ауылында аралас мектептің оқушы қызын "бірге оқитын жасөспірім зорлапты" деген суыт хабар тараған. 24 сәуірге қараған түні ауылда бірнеше көлік пен мал қора өртеніп, белгісіз біреулер бірнеше үйге тас лақтырған.
Зағамбарға полиция жасағы кіріп, интернет пен телефон байланысы өшірілген. Таңертең ауылда арнайы жиын өтіп, түске жақын блокпост қойылған.
Кейін Түркістан облыстық полиция департаменті Зағамбар ауылында тұратын "кәмелетке толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы заңсыз әрекет фактісі бойынша" тергеу басталғанын, күдікті ретінде жасөспірім мектеп оқушысы қамауға алынғанын хабарлады.
Бұл істе 10-сыныпта оқитын жасөспірім ұл күдікке ілінген. Онымен бір мектепте 9-сыныпта оқитын қыз жәбірленуші деп танылған.
Зағамбар ауылы Төле би ауданының орталығы Ленгер қаласынан 7 шақырымда орналасқан. Жергілікті халық негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады, жақын маңдағы жекеменшік кәсіпорындарда жұмыс істейді. Ресми мәлімет бойынша, ауылда бес жарым мыңға жуық адам, оның ішінде 4 мыңнан астам өзбек ұлтының өкілдері тұрады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Оқушы қызды жәбірлеген". Зағамбар ауылында не болды?