2023 жылдың аяғында Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі қызылшаның беті қайта бастайды деп болжаған еді, алайда дерт жұқтырғандар әлі азайған жоқ. Кейбір аудандарда науқас саны өсіп кеткен.
Кейінгі деректерге сүйенсек, ауруға шалдыққан ересек адамдар да көбейіп барады. Жаңа жылдың алғашқы бір жарым айында бұл көрсеткіш 37,3 пайыз өскен. Диагнозы расталғандар саны 532 адам болса, бастапқы диагнозбен 1890 адам тіркелген.
Астанада 14 жасқа дейінгі балалар арасында қызылшаға шалдыққандар көбейіп, алты апта ішінде 381 науқас тіркелген. Алматыдағы эпидемиологиялық жағдайды да дәрігерлер "тұрақсыз" деп отыр.
"2024 жылдың қаңтар айынан бастап 825 адамға қызылша жұққаны зертхана арқылы анықталды. Басым бөлігі, яғни 495-і – 14 жасқа дейінгі бала, 107-сі – жасөспірім, 223-і – ересек адам", – деді 30 қаңтарда өткен баспасөз конференциясында Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Денсаулық сақтау министрлігі қызылша дерті аймақтарда, соның ішінде Ақтөбе мен Атырау облыстарында өршіп бара жатқанын мәлімдеді.
30 ЖЫЛДАҒЫ ЕҢ АУЫР ЖАҒДАЙ
Қазақстанда 2023 жылдың аяғында тарай бастаған індет кейінгі 30 жылдағы ең ауыр жағдайға әкелді дейді мамандар. 2019 жылы қызылшаның жаппай таралу көрсеткішімен салыстырғанда қазір одан 2,1 есе артқан.
Қызылшаның белең алуы Қазақстанда осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын – 2023 жылдың наурызында байқалған. Ол кезде елдің бас санитары Айжан Есмағамбетова жеті облыста барлығы 20 адам ауру жұқтырды деп мәлімдеді. Әдетте көктем шыға басылатын мезгілдік аурудың таралуы жаз кезінде де тоқтаған жоқ. Шілде айында Қазақстанда екі мың науқас тіркеліп, дерт өршіген үстіне өрши түсті.
Жаз мезгіліндегі қызылшаның шамадан тыс таралуын сол кездегі денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят туристерден көріп, олар Египеттен, Түркиядан және Ресейден жұқтырып әкелуі мүмкін деп мәлімдеген.
Қазан айына қарай жағдай ушығып, жекелеген аймақтарда қызылша жұқтырғандарға арналған қосымша стационарлар ашыла бастады. Күзде ауру жұқтырғандар саны күрт артқан Ақтөбе облысында отбасымен бірге ауруханаға түскен пациенттерді "Шағала" санаторийіне жатқызды. Ол кезде облыста 80 адам стационарлық режимде ем алып жүрді. Сондай-ақ Маңғыстау, Алматы, Жамбыл облыстары мен бірнеше миллион тұрғыны бар Алматы мен Шымкент қалаларында да қызылша жұқтырғандар көптеп тіркелді.
Your browser doesn’t support HTML5
"ЕКІ АЙ БОЙЫ ДИАГНОЗ ҚОЯ АЛМАДЫ"
Сергей Измайловтың 16 жасар ұлы жасына қарай екпенің бәрін уақтылы алады. Былтыр желтоқсанның ортасында қызуы 39 градустан асып, әлсіреген жасөспірімнің денесіне бөрткен шыққан. Ата-анасы ауру белгілері қызылшаға ұқсайтынын бірден түсінген, себебі олар тұратын подъезде қызылшамен ауырып жатқандар болған. Бірақ дәрігерлер қызылша деп диагноз қоюға асықпай, тексеруге бірнеше рет, несеп, жағынды анализін алған. Қызылша деген диагноз әр жолы расталмайды.
– Анализ жасаттық, сосын қызылша анықталған жоқ деді. Тым ерте қорытынды жасаған шығарсыздар деді. 28 желтоқсанда үйге тағы келіп, қайтадан қан, несеп және ауыздан жағынды алды. Тағы да расталған жоқ. Сосын "не ерте тапсырдыңыздар, не кеш болды" деді. Бірақ ем жазып берді, – дейді Сергей Измайлов.
Жеткіншекті ауруханаға алмаған. Үйде өз бетімен емделгенімен, одан нәтиже болмаған. Екі аптадай температурасы түспей, денесі тұтас бөртіп кеткен. Қаңтардың алғашқы күні, ауру белгілері байқалғаннан бастап екі апта өткенде, Сергей мен зайыбы ұлын ауруханаға алып барып, тағы да анализ жасатқан. Бұл жолы да диагноз расталмаған.
Измайловтар ұлын арада тағы бір апта өткенде, 7 қаңтарда ғана ауруханаға жатқыза алған. Ата-анаға аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесіне қабылдауға кіріп, баласын орналастыру үшін ұзақ уақыт кезек күтуге тура келген. Дәрігерлер баланы алып кеткенімен, палаталарда орын болмай, дәлізден орын тауып берген. "Ұлым сол жерде бірнеше күн жатты" дейді Измайлов. Әкесі әлеуметтік желі арқылы денсаулық сақтау министрлігін белгілеп, жазба қалдырғаннан кейін ғана баланы палатаға ауыстырған. Оған дейін ата-анасы керек дәрі-дәрмектің бәрін өз ақшасына сатып әкеліп отырған. Стационарда оларға қажет препараттар болмаған.
– Дәрігерлер сыртқы белгілерінің бәрі қызылшаға ұқсайды, бірақ анализ жасап, растауы керек екен, – деп қынжылады Измайлов.
Екі айдан астам уақыт өтсе де, жасөспірімге әлі нақты диагноз қоя алмады. Измайловтар баласын әлі тексертіп жүр, әзірге диагнозда "аллергиялық дерматит" деп көрсетілген.
"ТҮСІНІКСІЗ АЛЛЕРГИЯЛЫҚ РЕАКЦИЯ"
Астана қаласының тұрғыны Қимет Есенәлінің 12 жасар ұлына да дәрігерлер жеті күн бойы диагноз қоя алмаған. Бала БЦС деген ауыр диагнозға бола екпе алмаған. Ол ауырып қалған кезде анасы қызылша деп қорқа бастайды. Баланың қызуы көтеріліп, үсті-басы бөртіп кеткен. Олардың шақыруымен келген дәрігерлер баланы қарап шыққан, бірақ ауруханаға алып кетпеген.
– Әуелде аллергиялық реакция деді. Төрт дәрігер мен екі жедел жәрдем бригадасы келіп, диагноз қоя алмады. Содан кейін пневмония деді, біз рентгенге түстік, пневмония дегені расталмады. Жеті күн бойы ұлымды үйде өзім емдедім, тіпті емханада антибиотик те жоқ болып шықты. Мен біреуін (препарат) сұрағанмын, бірақ ол әлсіз болып шықты да, дәрі-дәрмекті өзім сатып алуға тура келді, – дейді Қимет Есенәлі.
Бір апта өткен соң әйел қатты сырқаттанған баласын әрең дегенге ауруханаға жатқызған, бірақ төрт күннен соң ауруханада БЦС ауруына шалдыққан балаға күтім жасауға жағдай болмаған соң, үйге шығуға мәжбүр болады. Олар жатқан палатада әжетхана мен жуынатын бөлме жоқ, ғимараттың іші суық болды дейді Есенәлі.
– Денсаулық сақтау министрлігіне телефон соқтым, бірақ ана мен бала департаментімен байланыса алмадым. Олардың уақыты жоқ деді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысына телефон шалып, неге жағдай нашар, неге орын жоқ, неліктен мұндай палатада жатуымыз керек деп сұрадым. Содан кейін дәрігерлер тексеруге келмейтін болды. Белгілеген ем-домды медбикелер әрең-әрең жасады, соңынан жүгіріп, іздеп жүруге тура келді. Мен бар болғаны ерекше балама көмек сұраған едім, – дейді Қимет Есенәлі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мама, жыламашы, бәрі жақсы болады". Гемофилияға шалдыққан бала мен ата-ананың тауқыметіМИНИСТРЛІКТІҢ ЖАУАБЫ, МЕРЗІМІ ӨТКЕН ЕКПЕЛЕР
Қазақстанда қызылшаның шамадан тыс өршуі салдарынан екі сәби – Астанада және Шығыс Қазақстан облысында – көз жұмды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, екеуі де екпе салатын жасқа жетпеген, яғни бір жасқа әлі толмаған.
Қазақстанда қызылша індетінің өршуі ДДҰ назарына ілігіп, бұл мәселенің себебін, жергілікті билікке сілтеме жасай отырып, екпе алудан бас тартқандардың көптігімен түсіндірді.
"Қазақстанда қызылшаның таралуы жоғары деңгейге жетті. Елде 2023 жылы 13 677 науқас тіркелді, оның 11 300- і – 14 жасқа дейінгі бала. Олардың 70 пайызы қызылшаға қарсы екпе алмаған", – деді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қаңтар айының аяғына қарай, Қазақстан билігінің "қызылшаның өршуіне қарсы ауқымды шараларды бастағанын" айтып.
Қараша айында, сол кездегі денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят қызылшаға қарсы екпе салудың кең ауқымды науқанын жариялап, өзі қосымша екпе алу үшін немересін ертіп, Астанадағы килиникалардың біріне барған еді.
Желтоқсанның басында ол жаппай иммундау 2023 жылдың аяғына қарай қызылшаның таралуын тоқтатуға көмектеседі деді. Сол кездегі министрдің айтуынша, қаңтарға қарай ауру жұқтырғандар саны бәсеңдеп, тіпті ауруды жеңіп шығуымыз мүмкін деді.
"Біз өз жұмысымызды істеп жатырмыз. Халықпен сөйлесіп, ауру мен оның салдары, белгілері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", – деді сол кездегі министр Ажар Ғинаят.
Жаппай қайтадан иммундеу процесі қоғам сынына ұшырады. Жағдайды Павлодар облысындағы прокуророық тексеру барысында екпенің мерзімі өтіп кеткені анықталды деген жаңалық ушықтырып жіберді.
Иммунолог, профессор және Гигиена мен эпидемиология ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Борис Каралник жаппай иммундау жүргізілген жағдайдың өзінде әр адамның жеке ерекшелігін ескеру керек деді. Айтуынша, баланың бұған дейін алған екпелерінен бастап, ол аралықта қандай дертпен ауырғанына дейін ағзаның барлық ерекшелігі ескерілгеннен кейін ғана қайта екпе жасауға болады.
– Осыған байланысты вакцинация ережесін түзету қажет. Бізде ол дұрыс қарастырылмаған. Жалпы елімізде екпе салуда да, емдеуде де жеке ерекшеліктерді назарда ұстауды дамыту керек. Бірақ бізде ондай емес, оған дейін әлі жетпегенбіз, – деді профессор.
Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша, қызылшаға қарсы жоспарлы екпені 600 мың адам алуы тиіс. Ол дегеніміз – 1 жастан 6 жасқа дейінгі иммундауға жататын барлық баланың 84 пайызы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Еш пайдасы жоқ". Міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жұрт неге наразы?