Кентауда тұрғын көбейгенмен, жұмыс тапшы

Жөнделген және жөндеу көрмеген көпқабатты ескі үйдің алдында тұрған адам. Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

Кентау – Қазақстандағы 27 моноқаланың бірі. Облыс орталығы Түркістанға ауысқаннан кейін Кентау қаласының аумағы да үлкейді. 210 мың адамы бар моноқалада жұмыссыздық көкейкесті мәселе болып тұр дейді тұрғындар. Әкімдік мәліметінде ондаған мың адам "өзін-өзі еңбекпен қамтыған" деп көрсетеді.

Кентау қаласы облыс орталығы Түркістан қаласынан 26 шақырым, Шымкенттен 190 шақырым қашықта орналасқан. Түркістаннан Кентауға тегіс асфальт жолмен жарты сағат шамасында жетесіз. Жол бойында кездесетін үлкен билбордтардан Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті мен әр жылдары айтқан сөзі жиі көзге түседі.

Кентаудың орталығындағы көшелер таза, жарық әрі жолы да тегіс. Ондағы көпқабатты тұрғын үйлердің сырты сырланған.

Кентау қаласының орталық көшелерінің бірі. Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

Әйткенмен біз бет алған қала шетіндегі көрініс орталықтағыдан мүлде бөлек. Кентаудағы бір кездері қала құрушы ірі өндіріс орталығы болған кәсіпорындар қазір қаңырап бос тұр. Шағын қаладағы совет заманында тұрғызылған көпқабатты тұрғын үйлер ескірген.

Мыңдаған адам тұрып жатқан бұл үйлердің бірен-сараны болмаса, көбі ондаған жыл бойы жөндеу көрмеген. Тірі жан тұрмайтын кейбір пәтердің есік-терезесі жоқ, үңірейген көрінісінің өзі адамның еңсесін басады.

2017 жылы адам тұруға қауіпті деп танылған екі қабатты ескі үй. Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

"ҚҰРТ-ҚҰМЫРСҚАНЫҢ ОРТАСЫНДА ӨМІР СҮРЕМІЗ"

2017 жылы Кентаудағы Сәкен Сейфуллин көшесіндегі №10 үй адам тұруға қауіпті деп танылған. Қазір қос қабатты ескі үйдегі 18 пәтердің сегізінде көп балалы отбасылар, қарттар мен мүгедек жандар өмір сүріп жатыр. Қалған он пәтерден тұрғындар жергілікті әкімдік ұсынған арендалық баспанаға көшірілген. Олардан қалған есік-терезесі жоқ, қаңыраған бос пәтерлер қаңғыбас ит-мысықтың мекеніне айналған.

Үйдің алдындағы тозып, шаңы шыққан аулада балалар ойнап жүр. Қос қабатты ескі үйдің шіріген қабырғалары үгітіле бастағаны байқалады. Кей тұсында терезелерге ағаш қағылыпты. Шатырдан аққан жауын суының ізі алыстан көзге шалынады. Қабырғалары әбден көгеріп, жертөлеге толған борсыған судың иісі қолқаны қабады.

2017 жылы адам тұруға қауіпті деп танылған Сәкен Сейфуллин көшесіндегі №10 үйдің тұрғыны зейнеткер Нұриддин Қасымбеков (сол жақта) көршілерімен бірге. Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

– Үйдің іші ылғал. Жылу құбырмен келіп тұр, оған қосымша пеш жағамыз. Бірақ қабырғасы сонда да кеппейді. Көгеріп жатыр, – дейді апат қаупі төніп тұр деп танылған үйдің екінші қабатында өмір сүріп жатқан зейнеткер Нұриддин Қасымбеков пәтерінің ішін көрсетіп. – Күндіз есік-терезені ашып, ауа кіргіземіз. Түнде жапқанда демалу қиын. Жауын жауғанда төбемізден су сорғалайды. Құрт-құмырсқаның ортасында өмір сүріп жатырмыз. Бәрінен де шиеттей балалары бар отбасыларға қиын болды.

Зейнеткермен көрші тұратын Анастасия Николаеваның алты баласы бар. Оның сөзінше, алтауы да осы үйде тұрып ауру тапқан: бәрінің де басына жара шығып, ауруханаға түскен.

Көп балалы ана Анастасия Николаева (оң жақта). Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

– Кейде орталыққа бару үшін такси шақырсақ, "Мынадай үйде қалай тұрасыңдар?" деп бас шайқайды. Балаларым күнде "Мама, қашан жаңа үйге көшеміз?" деп қыңқылдайды. Әне-міне береді десем, "қойшы мама, алдамашы" деп ренжиді. Әкімдік неге бәрімізге бірдей қарамайды? Үйдің қабырғасы кесек-кесек болып үгітіліп жатыр. Ертең балаларымыз үйіндінің астында қалса кім жауап береді? – дейді Анастасия көзіне жас алып.

Анастасия Николаева осыған дейін қала әкімдікінің ұсынысын қош көріп, жалға берілетін пәтерге көшуге келісім бергенін айтады. Әкімдік одан пәтерді жалға берушімен жасасқан келісім-шарт сұратқан. Билік келісім-шарт жасасу үшін пәтер иесіне жеке кәсіпкер ретінде салық органына тіркелу туралы талап қойған. Бірақ үй иесі бұған келіспей, ақыры көп балалы отбасы қауіпті үйге қайта көшіп келуге мәжбүр болыпты.

2017 жылы адам тұруға қауіпті деп танылған екі қабатты ескі үйдің жанында жүрген тұрғындар. Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

Ескі үйдің тұрғындары қазіргі жеке меншік пәтерінің орнына өздеріне мемлекеттің жалдап тұратын пәтер емес, меншік баспана бергенін қалайды.

Қала әкімі Дәурен Мақажанов Сейфуллин көшесіндегі үйдің тұрғындарына қауіпті жағдайда тұр деп танылған ғимаратта тұруға болмайтынын ескерткенін, егер олар жалдап тұратын баспана тапса, оған төленетін ақшаны жергілікті билік өтейтінін айтады.

– Кентауда қазір қауіпті жағдайда тұрған көпқабатты үш үй бар. Оларда 43 отбасы тұрып жатыр. Сол үйлерде тұратын әр отбасына ұсыныс жасалды: жалға берілетін пәтер тапса, оның ақысын мемлекет бюджетінен әкімдік өтейді. Ол үшін тұрғындар жалға алатын пәтер ақысы қанша болатынын әкімдікке көрсетіп, келісуі керек және пәтер иесімен жасаған келісім-шартты әкелуге міндетті. Ол отбасылардың бәрі үй кезегінде тұр. Кезек қашан келеді, пәтер сол кезде беріледі, – дейді Мақажанов.

Екі қабатты ескі үйлердің бірінің ауласы. Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

Әкімнің сөзінше, Кентау қаласы бойынша қазір 4907 отбасы үй кезегінде тұр. Соның ішінде 2319 отбасы әлеуметтік осал топқа жатады. Қалада 6 мыңнан астам көп балалы отбасы бар.

2018 жылы облыс орталығы Шымкенттен Түркістанға ауысқаннан кейін көп ұзамай Кентау қаласының аумағы да үлкейіп, қалаға 12 ауылдық округ қосылған.

"АЗЫҚ-ТҮЛІКТІ ҚАРЫЗҒА АЛАМЫЗ"

Кентау әкімдігі баспасөз қызметінің дерегінше, қаланың өз басында 70 мыңнан астам тұрғын, ал қалаға қарайтын он алты ауылды қосқанда жиынтығы 210 мыңға жуық адам тұрады. Олардың 90 мыңға жуығы экономикалық белсенді, яғни жұмыс істеуге қабілетті жаста. Әкімдік ақпаратында жұмыс істеп жүрген адам саны 85 мыңнан көп, соның 49 мыңы уақытша жалдамалы жұмыс істейтіндер, ал 36 мыңнан астамы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деп көрсетілген.

Яссауи көшесінің бойындағы "Береке" базары. Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

Алайда қалада тұрақты жұмыс істейтіндер аз. Мектеп, балабақша, аурухана, әкімдік сияқты бюджет мекемелерінен бөлек Кентаудағы ең үлкен кәсіпорын – трансформатор зауытында мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Жақында зауыттың ондаған жұмысшысы айлық табысының күнкөріске жетпейтінін айтып, кәсіпорын әкімшілігіне еңбекақыны көтеру туралы талап қойып, ереуілге шыққан. Басшылық олардың талабын орындауға келіскеннен кейін жұмысшылар бірнеше сағатқа созылған ереуілді тоқтатқан.

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан жеңіл өнеркәсіп колледжі ғимараты. Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

"Өзін өзі жұмыспен қамтығандар" санатындағы тұрғындар сауда-саттық жасайды, не меншігіндегі болмаса жалға алған көлікпен адам тасып күнелтеді. Кентаудан Қазақстанның басқа ірі қалаларына не шетелге жұмыс іздеп кеткендер де бар.

Сегіз сері көшесіндегі екі қабатты ескі үйде тұратын 58 жастағы Қалия Жандарбекова – бірінші топ мүгедегі. Отбасында жеті жан бар. Қалия үлкен ұлы жұмыссыз екенін, күн жылығанда уақытша жұмысқа жалданатынын айтады. Кіші ұлы Кентау трансформатор зауытында бір жылдай жұмыс істеп, жалақысы аз болған соң шығып кетіпті. Келіні үш баласымен үйде отыр.

Кентау тұрғыны, бірінші топ мүгедегі Қалия Жандарбекова. Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

– Кіші ұлым жаңа туған баласы қырқынан шықпай Ресейге жұмыс іздеп кетті. Зауытта жұмыс істеп жүргенде айына 80-100 мың теңге жалақы алды. Азық-түлік қымбаттаған соң бұл ақша түкке жетпей қалды. Күйеубалам Ресейде жұмыс істейтін. Соған ілесіп балам да кетті, – дейді Қалия Жандарбекова.

Ол көрші-қолаңның арасында жұмыссыз отырғандар көп екенін, зейнетақы мен жәрдемақыға қарап отырған отбасылар аулаға ай сайын жүк көлігімен келетін саудагерден азық-түлік пен көкөністі қарызға алатынын айтады. "Сол саудагер келмесе нанымызды таппай сорлап қалатын едік" дейді Қалия.

Жібек жолы көшесіндегі бес қабатты үйдің сырты былтыр жөнделген. Осы үйде тұратын Зылиха Нышанбаева қаладағы №2 мектептің асханасында аспаз болып жұмыс істейді. Ол коронавирус пандемиясына байланысты карантин кесірінен жұмысы тоқтап, табыссыз қалғанына қынжылады. Баласы – азық-түлік дүкені қоймасында көмекші, күйеуі – ломбардта күзетші болып жұмыс істейді. Екеуінің айлық жалақысын қосқанда сексен мың теңгеден сәл-ақ асады.

Кентау қаласының тұрғыны Зылиха Нышанбаева. Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

– Үш бөлмелі пәтерде жеті адам тұрамыз. Коммуналдық төлем де қымбаттады. Үйдің сыртын жөндеп, шығынды 10 жылға тұрғындарға бөліп тастады. Айына 8 мың теңгеден төлейтін етіп қойды. Оны төлейтінімізге көзім жетпейді. Кейде тамақтан қысылып қаламыз. Тапқанымыз тамағымыздан артылмайды, – дейді Зылиха.

Кентаудағы Яссауи көшесінің бойында орналасқан "Береке" базарының маңында сауда орындарының құрылысы жүріп жатыр. Сондықтан сауда сөрелерін жаяу жүргінші өтетін жолға дейін қойып, сауда жасап жатқандар бар.

"Нұркелді" сауда орталығының алдында құрт-май сатып отырған Гүлшат Жайжолова. Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

47 жастағы Гүлшат Жайжолова "Нұркелді" сауда орталығының алдында күнделікті сауда жасап, нәпақа табады. Бұл жерге таңертең ерте келіп, қала маңындағы ауыл тұрғындары алып келетін құрт-май, сүт пен айранды арзанырақ бағамен сатып алып, үстіне азын-аулақ ақша қосып, қайта сатады. Күйеуі 15 күн вахтаға шығып жұмыс істейді, баласы қаладан тұрақты жұмыс таппаған соң Ресейге жұмыс іздеп кеткен.

– 1993 жылдан бері саудамен айналысамын. Күнделікті тамағымызды осы жерден тауып жүрміз. Бірақ қазір сүттің өзі өтпей қалды, – дейді ол.

"Береке" базарынан шыға бергенде көшенің бойында бірнеше әйел жеміс-жидек пен айран-сүт сатып отыр. Беті жел мен күнге тотыққан саудагерлерге жақындап, жөн сұрадық.

"Береке" базарының маңында сүт сатып тұрған жалғызбасты әйел Алмагүл Жаманбаева әлеуметтік жағдайы осал отбасы ретінде үй кезегінде 582-орында тұрғаны жазылған құжатты көрсетті. Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

37 жастағы Алмагүл Жаманбаева күйеуі қайтыс болып, қызын жалғыз өзі асырап жатқанын айтты.

– Жалғызбасты анамын. Ағамның қолында тұрамыз. Күнделікті 20-30 литр сүт сатып, 1000 теңге табамын. Нан, азын-аулақ картоп, қызылшамды көтеріп үйге барамын. 2016 жылдан бері үй кезегінде тұрмын. Кеше әкімдікке барсам, 582-орында тұрсыз деп мына қағазды берді. Қашанғы үйсіз, күйсіз жүреміз? Бар арманым – бір бөлмелі пәтер. Соған қол жеткізсем болды, – дейді Алмагүл мұңайып.

Яссауи көшесінің бойындағы "Береке" базары. Кентау қаласы, Түркістан облысы, 17 ақпан 2021 жыл.

Алмагүлмен бірге тұрған келіншек те өзінің ауыр тұрмысын айта бастады. Өз аты-жөнін айтқысы келмеген ол науқас күйеуі және алты баласымен бірге пәтер жалдап тұратынын, бүкіл отбасы саудадан түскен азын-аулақ табысына қарап отырғанын баяндады.

– Қазір күн көру қиындады ғой. Банктен несие алып, оны өтей алмай Ресейге, Оңтүстік Кореяға кетіп жатқан әйелдер бар. Мысалы, менімен көрші әйел шиеттей 8 баласын күйеуіне тастап, ақша табу үшін Кореяға кетті. Күйеуі балаларына тамақ тауып бере алмағанына күйініп отыр. Балаларға обал, анасын сағынып жүр, – деді ол күрсініп.

Осыдан тоғыз жыл бұрын үкімет Кентауды моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған арнайы бағдарламасына енгізген. Жергілікті тұрғындардың көбі ол бағдарламаның Кентаудың өміріне әсері байқалмайтынын айтады.

Кентау қаласы туралы фотогалерея:

Кентау: жұмыссыздық жайлаған моноқала