Азаттық тілшілері осы аптада да қоғамдағы маңызды оқиғаларды елеусіз қалдырмай, мақала мен видеорепортаждар әзірледі, тамыры терең жайылған әлеуметтік мәселелерді қозғады. Демалыс күні сайтымыздағы үздік 7 хикаяны назарларыңызға тағы бір мәрте ұсынамыз.
Бір оқиға, екі пікір. Назарбаевтың Әбділдин туралы, Әбділдиннің Назарбаев жайлы айтқаны
Серікболсын Әбділдин: Біз егемендік жариялаған, президент сайлаған кезде мен Назарбаевты қатты қолдап жүрдім. Кейін ол азаматтың іс-қимылы теріс болғандықтан біз ажырадық. Сол уақыттағы заң Назарбаевқа бәсекелес болуға мүмкіндік берді. Бірақ бәсекеге ешкім ұмтылған жоқ. Хасен Қожахмет қол жинап, сайлауға түскісі келіп еді, оның өтінішін Назарбаев, қалай екенін білмеймін, қабылдатпай тастады. Тұңғыш жалпыхалықтық президент сайлауы [1991 жылы 1 желтоқсанда өткен] бұдан бұрынғы совет заманындағы сайлаулардың жалғасы іспетті болды. Совет кезінде азаматтардың дауыс бергісі келсін-келмесін, дауыс бергізіп, сайлаушылардың дауыс беруге қатысуын 99-100 пайызға жеткізетін арнайы комиссиялар болатын. Сол сияқты 1991 жылы халық 98 пайыз дауыс берді деп жарияланды. Бірақ соның ішінде қарсы дауыс бергендер болды, оны біз кейін біліп отырмыз ғой. Сондықтан, менің ойымша, біздің тәуелсіз елдің тарихында әділетті сайлау болған жоқ.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі туралы фильмде саяси оппоненті болған Серікболсын Әбділдин туралы айтып, "білімді, жақсы адам болды, дос болдық. Бірақ ең үлкен жау достарыңның арасынан шығады екен" деді. Ал марқұм Серікболсын Әбділдин көзі тірісінде Назарбаев жайлы не деп еді?
"Таспадағы ескерткіш". Оливер Стоунның Назарбаев туралы фильмінен нені аңғаруға болады?
"Маған ешкім көмектеспеді. Менің бірде-бір оқыған туысым болмады", — дейді Назарбаев жаңа сұхбатында. Бұл сұхбатты америкалық режиссер, Оскар сыйлығын үш мәрте иеленген Оливер Стоун алған. Азаттық тілшісі фильмді көріп, ең қызық жерлерін тізіп шықты.
Ұстап әкету, кеттлинг және "Назарбаев, кет". Алматыда астана күні қалай өтті?
6 шілде, Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев туған күні ("Астана күні" мемлекеттік мерекесі де осы датада атап өтіледі) Алматыда билікке қарсы екі митинг белгіленді, бірақ оппозиционер Мұхтар Әблязовтың жақтастары ұйымдастырған митинг өтпей қалды, бірақ полиция кемі он адамды ұстап үлгерді.
"Мәңгі жас" Назарбаев муралы зұлым кейіпкер Джокерге ұқсап қалды
Алматыда "Мәңгі жас" деген жазуы бар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев муралын белгісіз біреулер "Джокер" фильміндегі зұлым кейіпкерге ұқсатып, бояп кетті. Өзгерген суретті әлеуметтік желіге жариялаған арт қозғалыс мұны "шектен шыққан жеке басқа табынуды күлкілі етіп көрсету үшін істелген қарсылық акция" деп атады.
Your browser doesn’t support HTML5
"Сыртымнан құжат толтырған". Қағаз жүзінде екпе алған алматылықтың хикаясы
Қазақстандықтардың көбі коронавирусқа қарсы вакцина салдырып, кейбірі жұмыссыз қалмау үшін (билік компаниялар мен ұйымдардан вакцина салдырмаған қызметкерлерді жұмысқа кіргізбеуді талап еткен) заңды айналып өтіп, вакцинация паспортын сатып алып жатқанда алматылық Анар Қарабаева дәрігерлердің қателігінен туған мәселені шеше алмай жүр. Анарға вакцинаның бірінші компонентін екі рет (алғашқысын қағаз жүзінде) салған. Шенеуніктер бұл қателікті деректердің базаға дұрыс енгізілмеуінен дейді, ал сарапшы вакцина салғызбаған азаматтарды тіркеу мәселесін жоғарыдан жасалған қысымнан көреді.
Ауғанстандағы жағдай Қазақстанға әсер ете ме?
Ауғанстаннан АҚШ әскерінің кетуі Орталық Азия елдерін алаңдатып отыр. Тәжікстан шекараны қорғауға көмек керегін айтып, одақтастарына қайырылды. Қазақстан билігі әзір ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Алайда Қазақстан мүше әскери-саяси ұйымның атынан сөйлеген Ресей министрі "қарап қалмаймыз" деді
Your browser doesn’t support HTML5