Сот «Жас Алаштың» шағымын қанағаттандырмады

"Жас алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай (оң жақта) және газетті сотқа берген «Жас-Ай» медициналық орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлы апелляцылқ шағым сотында. Алматы. 4 наурыз, 2016 жыл.

Алматы қалалық соты алқасы «Жас Алаш» газетінің сот үкіміне қатысты апелляциялық шағымын қарап, бұрынғы шешімді күшінде қалдырды.

Наурыздың 4-і күні Алматы қалалық соты «Жас Алаш» газетінің «Жас-Ай» медициналық орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлының дауына байланысты сот шешіміне берген апелляциялық шағымын қарады.

Процесте газетті қолдауға келген азаматтар сот залына сыймай, жартысы монитор қойылған басқа бөлмеге кіргізілді. Сотта әуелі бір топ журналистер де екінші залға жіберілген еді. Бірақ сот талқылауынан кейін оларды тікелей сот залына жіберілді.

СОТҚА КЕЛМЕГЕН АЙЫПТЫҒА КҮМӘНДАНУ

Осыған дейінгі сот шешімі бойынша жауапкерлердің бірі ретінде танылып, 6 миллион 600 жүз мың теңге айып төлеу жөнінде шешім алған Қабен Мұқанұлының сотқа келмеуі сот процесінде жиі талқыланған жайттардың бірі болды. Жасан Зекейұлы туралы мақала жарияланған «Жас Алаш» газетінің нөмірін оқу жөнінде айналасындағыларға кеңес берген, Жасан Зекейұлын сырттай ғайбаттаған» деп танылған Қабен Мұқанұлы күзде өткен бастапқы сот процесіне де бір рет қана көрінген.«Жас Алаштың» бас редакторы Рысбек Сәрсенбай бұған дейінгі сотта Жасан Зекейұлы мен жауапкерлердің бірі Қабен Мұқанұлын да қатыстыру туралы өтініш айтқан. Рысбек Сәрсенбай бұл екеуінсіз дау шешілмейтінін мәлімдеген. Алайда бүгінгі сотқа Қабен Мұқанұлы келмеді. Сот процесі кезінде Рысбек Сәрсенбай Қабен Мұқанұлының не себептен сотқа келтірілмегенін қайталап сұрағанымен судьялар Қабен Мұқанұлына шақырту жіберілгенін, не себепті келмегені белгісіз екенін айтты. Бұл сөз Рысбек Сәрсенбайды таңғалдырғанымен талапкер Жасан Зекейұлының адвокаты «сотқа апелляциялық шағым түсірмеген Қабен Мұқанұлының келмеуге құқығы бар» деп түсінетінін хабарлады.

«Жас-Ай» медициналық орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлы (сол жақта) сотта сөйлеп тұр. Алматы. 4 наурыз, 2016 жыл.

​Рысбек Сәрсенбай қомақты айыппұл салынса да сотқа келмейтін Қабен Мұқанұлының бұл әрекетіне күдікпен қарайтынын бұрынғы сот процесінде де айтқан.

Таңертең сағат 10-да басталып, түсте бір жарым сағаттық үзілістен соң кешкі сағат 7-де аяқталған сот процесінде дауласушы екі тарапқа да сөз беріліп, Жасан Зекейұлының қызы куәгер ретінде сұралды. Үшінші тарап, яғни қоғам белсенділері де шығып сөйледі.

СУДЬЯҒА СЕНІМСІЗДІК

Сот отырысы түстен кейін жалғасқанда Жасан Зекейұлының бұрынғы әйелі Гүлия Әлиханқызы сөз сұрап, «сот процесін жүргізіп отырған төраға Ерлан Нұрәлиевті танитынын, бұрын күйеуі Жасан Зекейұлымен бірге оның үйіне қонаққа барғанын» айтты. Осы аралықта залда отырғандардың бірі «таңертең сот басталар алдында төраға Ерлан Нұрәлиев Жасан Зекейұлына қол беріп амандасқанын» көргенін хабарлады.

"Жас Алаш" газетінің сот үкіміне берген апелляциялық шағымын қарау сотына келген халық. Алматы. 4 наурыз 2016 жыл.

Бұл сөздерден кейін Рысбек Сәрсенбай апелляциялық сот алқасының төрағасы Ерлан Нұрәлиевке сенімсіздік білдіріп, мұнан әрі сот процесін жүргізуге моральдық құқығы жоқтығын, оның Жасан Зекейұлымен таныстығы болғандықтан әрі қарай процесті жүргізу заңға қайшы келетінін білдірді. Рысбек Сәрсенбайдың ұсынысын жауапкерлер тарапынан келген адвокаттар да қолдады. Олардың бірі «сот төрағасының Жасан Зекейұлын танитыны туралы дәлелдері жеткілікті екенін» қоса баяндады.

Алайда Жасан Зекейұлының сөзінше «сот алқасының төрағасымен бұрын дастарқандас болмаған, әйелінің сөзі – кезекті жала жабу».

Сот алқасының төрағасы өзінің Жасан Зекейұлымен қаншалықты таныстығы туралы сотта отырғандар алдында мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ жауапкер тараптың сенімсіздігінен кейін кеңесіп келген судьялар төраға Ерлан Нұрәлиевтің сот процесін жалғастыруға құқы бар деген қорытындыға келгенін хабарлады.

«Ақпанның 25-інде апелляциялық сот басталған кезде сот төрайымы Марал Тасыбекова болатын. Бұл жолы төраға да, оның жанындағы судьяның да өзгергені күдік туғызады» деген Рысбек Сәрсенбай апелляциялық соттың әділ шешім қабылдайтынына күдік келтірді.

Кешкі сағат 7 кезінде кеңесу залына кеткен апелляциялық сот алқасы шамамен 20 минуттан соң қайта оралып, «Алмалы аудандық 2-соттың 2015 жылы қарашаның 13-інде шығарылған сот шешімі күшінде қалатынын, тараптар келіспеген жағдайда Жоғары сотқа наразылық түсіруге құқықтары бар екенін» хабарлады. Сот шешімі оқылып біткен кезде залда отырғандардың кейбірі наразылығын білдірсе, кейбірі соттың әділ өткеніне қуанып жатты.

Your browser doesn’t support HTML5

"Жас Алаш" шағымын қанағаттандырмады

БІР ШЕШІМ ТУРАЛЫ КЕРЕҒАР ЕКІ ПІКІР

«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай мен осы газеттің тілшісі Меруерт Тұрлыбекованың (ол аяғы ауырлығына байланысты сотқа келе алмаған) өкілі Маржан Аспандиярова Азаттық тілшісіне «мұндай сот процесін түсіндірудің өзі қиын екенін» айтты. Рысбек Сәрсенбай Жоғарғы сотқа дейін шағым түсіретінін хабарлады.

Азаттық тілшісімен сөйлескен талапкер Жасан Зекейұлы сот әділ өтті деп санайды.

Елбасымыздың «Ұлт жоспары – 100 қадам» шарасы көрініс тапты. Өйткені сот ашық болды, ақпарат құралдары қатысты. Сот әділетті адамдардың пайдасына шешілді.
Жасан Зекейұлы.

– Халыққа қажетті, көмек жасап жатқан азаматтарды халық өзі қорғайды. Елбасымыздың «Ұлт жоспары – 100 қадам» шарасы көрініс тапты. Өйткені сот ашық болды, ақпарат құралдары қатысты. Сот әділетті адамдардың пайдасына шешілді. Менің пайдама өндірілетін қаржыны мұқтаж жандарға таратамыз, – деді Жасан Зекейұлы.

2015 жылы күзде Жасан Зекейұлы «Жас Алаш» газеті мамыр айында өзі туралы жариялаған «Академик» отбасымен соттасып жүр» деген мақала «абыройы мен ар-намысын қаралағанын» айтып сотқа жүгінген. Ол әуелі газетті алты айға тоқтатуды және өзіне 400 миллион теңге моральдық шығын төлеуді сұраған. Кейін ол «газетті алты айға тоқтату» жөніндегі талабын қайтып алған.

Былтыр қарашаның 13-і күні Алматының Алмалы аудандық соты «Жас Алаш» басылымы мен журналистеріне қатысты үкім шығарған. Сот «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайға, тілшісі Меруерт Тұрлыбековаға, газет оқырманы Қаден Мұқанұлына, Жасан Зекейұлының бұрынғы әйелі Гүлия Әлиханқызына және Гүлия Әлиханқызының әкесі, 76 жастағы Әлиханға, барлығы 40 миллион теңге айыппұл салған. Бұған қоса «Жас Алаш» газетінде Жасан Зекейұлы туралы жазылған мақаланы терістеу міндеттелген. Кейін сот шешіміне наразы жауапкерлер апелляциялық шағым түсірген.