«Еуразия+ОРТ» соты аяқталды, бірақ сауал қалды

Бостандық аудандық сотының судьясы Татьяна Черныш. Алматы, 15 маусым 2016 жыл.

Сот қарағандылық адвокат Нұрхан Жұмабековтің "Қазақстанның бірінші арнасы" қарайтын "Еуразия+ОРТ" компаниясына қарсы шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Телеэфирде «жер мәселесіне» қатысты стихиялық митингтерді шетелден ақша төленген адамдар өткізді деген хабар тараған соң заңгер сотқа жүгінген.

Маусымның 21-і күні Бостандық аудандық сотының судьясы Татьяна Черныш қарағандылық адвокат Нұрхан Жұмабековтің «Қазақстанның бірінші арнасы» қарайтын «Еуразия+ОРТ» компаниясына қарсы азаматтық талап-арызы бойынша қабылданған қаулының қорытынды бөлігін оқыды.

– Сот Жұмабеков Нұрхан Мұхамеджанұлының «Еуразия+ОРТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен моральдық зиянды өндіріп беру талабын қанағаттандырмауды ұйғарды, – деп жариялады судья Черныш.

Судья өзі шығарған шешім жарияланған күннен бастап бір ай ішінде немесе процеске қатысушылар қаулының ресми мәтінін алғаннан кейін Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасына шағым түсіруге болатынын айтты.

Талапкер Нұрхан Жұмабеков сот қаулысын жариялауға қатысқан жоқ, ол бұл кезде Қарағандыға кетіп қалған. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Жұмабеков сот қаулысының ресми мәтінімен толық танысқаннан кейін апелляциялық шағым түсіру жайын шешетінін хабарлады. Талап-арызды неліктен Қарағанды емес, Алматы сотына түсіргені жайлы сұраққа ол: «Талап-арызды жауапкердің мекенжайы бойынша бердім» деп жауап берді.

Қарағандылық адвокат Нұрхан Жұмабеков. Алматы, 20 маусым 2016 жыл.

Жауапкер тарап пен үшінші жақтың өкілдері – заңгерлер Дмитрий Братусь пен Максим Мостович те үкім жариялауға келген жоқ. Азаттық олармен хабарласа алмады. Сотқа жауап беруші мен үшінші жақ ретінде «Еуразия+ОРТ» компаниясы мен арна жүргізушісі Аймира Шәукентаева тартылған. Бірақ компания басшылығы мен Шәукентаева сот отырыстарына қатысқан жоқ және сотта олардың мүддесін жоғарыда аталған заңгерлер қорғады.

Жұмабековтің талап-арызында жауапкер ретінде көрсетілмегендіктен, Аймира Шәукентаева сот процесіне өз еркімен қатысқан. Тележүргізушінің өкілі Дмитрий Братусьтің түсіндіруінше, Шәукентаева «Жұмабековті сотқа жүгінуге итермелеген телесюжеттегі сөздерімнің мазмұны Жұмабековтің талап-арызында дұрыс баяндалмаған» деп, процеске үшінші тарап ретінде қатысуға өтініш берген.

Сот процесі кезінде қарсылас тараптар бітім жасасудан немесе медиаторға жүгінуден бас тартатынын мәлімдеген. Жұмабеков шағымын толық қанағаттандыруды талап еткен. Жауапкер мен үшінші жақтың өкілі заңгер Братусь шағымды «негізсіз және заңсыз» деп мәлімдеп, соттан шағымды орындаудан бас тартуды сұраған.

Нұрхан Жұмабеков шағымында соттан моральдық шығын ретінде телеарнадан 100 мың теңге (шамамен 300 доллар) өндіріп беруді сұраған. Оның айтуынша, шағым түсіруіне телеарна жүргізушісі Аймира Шәукентаеваның 30 сәуірде «Кстати» бағдарламасында «24 сәуірде жер мәселесі бойынша Қазақстан аймақтарында жаппай наразылық акцияларын өткізген адамдарға әлдекімдердің ақша төлегені туралы» айтқан «бұл бәріне түсінікті» деген мәлімдемесі түрткі болған.

АҚШАНЫ КІМДЕР «ТӨЛЕГЕН?»

Сот процесі кезінде талапкер Нұрхан Жұмабеков Аймира Шәукентаеваның «бұл бәріне түсінікті» деген сөзіне, оның ішінде «бәріне» деген сөзінің қисындылық мәніне назар аударған. Оның пікірінше, бұл пайымдау емес, мәлімдеме (болымды) сөйлем; ал «бәріне» деген ұғым бүкіл Қазақстан азаматтарын, оның ішінде Жұмабековті де қамтиды. Оның пікірінше, барша жұртты қамтитын мұндай пікір жалған. Сондықтан Жұмабеков әлі күнге дейін ашуы келіп, ұялып жүргенін, ал бұл оның дұрыс өмір сүріп, жұмыс істеуіне кедергі келтіретінін айтады.

Қазақстанның бірінші арнасының сюжетінен көрініс. Сол жақ шетте отырған - Аймира Шәукентаева.

Ал заңгер Дмитрий Братусь әлгі үзінді тіркесті тележүргізуші Аймира Шәукентаеваның толық сөзінен бөліп алуға болмайды деп мәлімдейді. Братусьтің айтуынша, Шәукентаеваның «бұл бәріне түсінікті» деген тіркестің алдында айтқан «сірә» деген сөзіне талапкер мән бермеген, ол сөйлемді пайымдауға айналдырады.

Братусьтің айтуынша, Шәукентаева әлгі сөзді БАҚ пен мемлекеттік органдар таратқан хабарламаларға сүйеніп айтқан, сондықтан оның сөздері өтірік емес – шындық. Ол ҰҚК баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасевтің 6 маусым күнгі брифингте «билікті күшпен басып алу үшін нақты дайындық шараларын қарқынды жүргізген» шымкенттік бизнесмен Тоқтар Төлешов жер реформасына қарсы жаппай акцияларды 2015 жылдың желтоқсанында қаржыландырып қойған деген мәлімдемесін де еске салады.

Аймира Шәукентаеваның талапкер шағымданған әлгі мәлімдемесі эфирде 30 сәуірде тараған, ал Карасев қатысқан бас прокуратураның брифингі 6 маусымда өткен. ҰҚК өкілі ол брифингте жер реформасына қарсы жаппай наразылық акцияларды Қазақстанның ішінен қаржыландырылған деп айтқан. Ал 30 сәуірде Шаукентаева қатысқан телехабарда «минингілерді сырттан қаржыландырғаны» әрі «түрлі-түсті революцияларды ұйымдастырумен айналысатын әлдебір шетелдік күштер наразылық акцияларына қатысушыларға ақшаны теңге емес, доллармен төлегені» жайлы айтылған.

Тележүргізуші Шәукентаеваның сөздерінің шындық екенін дәлелдеуге тырысқан заңгер Братусь бұған қоса өзі беделді деп санайтын парламент депутаты Гүлжан Қарағұсова сияқты тұлғалардың сөздеріне де сілтеме жасайды. Кезінде депутат Қарағұсова ресейшіл президент Виктор Януковичті биліктен қууға ұласқан украиналық Майдан оқиғасын шетелдік күштер қаржыландырған деген.

"Қазақстанның бірінші арнасының“ тілшісі судья Татьяна Чернышты видеоға түсіріп тұр. Алматы, 8 маусым 2016 жыл.

ЖАЛҒАСЫ БОЛА МА?

Жұртқа бейтаныс болып келген қарағандылық адвокат Нұрхан Жұмабековтің «Қазақстанның бірінші арнасы» қарайтын «Еуразия+ОРТ» компаниясына қарсы шағымына қатысты судья Татьяна Черныштың қандай шешім қабылдайтыны белгісіз болды деп айтуға болмас. Бірақ процестен кейін тележүргізуші Шәукентаеваның қатысуымен өткен әрі жұртты шулатқан телесюжетке қатысты сұрақтар қалды әрі осыған ұқсас талап-арыздар әлі бар.

Телехабар қоздырған жанжалдың әрі қарай қалай өрбитінін болжау қиын. Өйткені Алматыда тұратын азаматтық белсенді Ермек Нарымбаевтың қолында 19 азаматтың мазмұны Нұрхан Жұмабековтің сотта қаралған талап-арызына ұқсас талап-арызы бар. Ал бес азаматтың талап-арызы Бостандық аудандық сотына түсіп, өндіріске қабылданған.

Бұдан бұрын азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев «ұжымдық талап-арыз берушілердің арасында белгілі тұлғалар жоқ, бәрі – Алматы, Оңтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында тұратын қарапайым адамдар» екенін айтқан. Олар соттағы мүддесін қорғауды Нарымбаевқа сеніп тапсырған.