Жаңадан құрылған дін істері бойынша агенттіктің төрағасы Қайрат Лама Шарифтің айтуынша Қазақстанда "қалыпты исламды" ("умеренный ислам") дамытудың тұжырымдамасы жасалмақ.
Бұл жөнінде Қайрат Лама Шариф маусымның 17-і жаңадан құрылған дін істері бойынша агенттіктің төрағасы ретінде өткізген алғашқы баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Қазақ басылымдарында оның «умеренный ислам» деген сөзін «байсалды ислам» деп те аударылыпты.
Лама Шарифтің сөзіне қарағанда, дін істері бойынша агенттік «Бір ұлт – бір дін» деген идеяға негіздеп, "Батыс Еуропа елдерінің тәжірибесін ескере отырып" конституциясында «зайырлы мемлекет» деп жазылған Қазақстанда белгілі бір дінге басымдық беруді жөн көреді.
Азаттық радиосы өзінің кезекті дөңгелек үстелін осы мәселеге арнады. Дөңгелек үстелге қатысқандар: Қазақстан мұсылмандары одағының төрағасы Мұрат Телібеков, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор, Түркістан қаласындағы түркология институтының директоры Досай Кенжетай, «Қазақстан қажылары қауымдастығының» төрағасы Бақтыбай қажы Айнабеков, саясаттанушы, «Абай-ақпарат» қоғамдық қорының вице-президенті Айдос Сарым.
Пікірталасқа дін істері бойынша агенттік төрағасы Қайрат Лама Шариф те шақырылған болатын. Алайда ол өзі басқаратын агенттіктің енді ғана құрыла бастағанын айтып, бұл жолы қатыса алмайтынын жеткізді.
Дөңгелек үстелге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан да өкіл шақырылды. Діни басқарманың баспасөз хатшысы Оңғар қажы Өмірбек еңбек демалысында жүргенін айтты. Оның ұсынған өкілі - басқарманың діни уағыз және ғаламтор бөлімінің бас маманы Алтынбек Ұтысханұлы дәл сол кезде "жұмысбасты" болып шыға келді.
Жүргізуші:
– Қазақстанда мемлекеттік мекеме арқылы «қалыпты исламды дамыту» тұжырымдамасын жасау идеясына не түрткі болуы мүмкін? Мұндай тұжырымдама жасау – мемлекеттен бөлінген дінге, дін істеріне араласу емес пе?
Айдос Сарым:
– Менің ойымша, Қазақстанда дін агенттігінің құрылуы, жалпы дін мәселесінің соңғы кезде ушығып кетуі көңіл аударатын мәселе. Алайда осы жерде конституциямен қайшылық бар екені де анық. Өйткені конституция бойынша дін мемлекеттен бөлек. Дегенмен, әр елде, әр мемлекетте ондай
жағдай жоқ. Мемлекет қалай болғанда да өзінің шаруаларын істеу үшін, өзінің құзыретін атқару үшін дін ісіне араласатыны анық. Сондықтан дін агенттігінің бұндай бастамасы дұрыс.
Бірақ бұл жерде ол қалай атқарылады деген сұрақ туады. Егер бұны мемлекеттік органның өзі жасап, өзі бекітіп, өзі ары қарай дамытатын болса, әрине, оның ешқандай пайдасы да, құзыры да болмайды. Яғни бұл жерде бүкіл мұсылман қауымы бірігіп отырып, үлкен жиналыстар өткізіп, талқыға салып, саясаттанушылар болсын, мәдениеттанушылар болсын, теолог ғалымдар болсын – бәрінің қосылып бір мәмілеге келуі арқылы жасалса - жақсы ишара. Бірақ гәп – оның қалай атқарылатыны жайында. Қазақстанда «өзіміздің белгілі бір түсінігіміз бар, қазақи ислам жолымен жүріп келе жатқан елміз» дейтіндей түсінік болса, ол – жақсылық. Бірақ оны тағы да кім іске атқарады деген әңгіме күмән тудырады.
Жүргізуші:
– «Қалыпты исламды дамыту» тұжырымдамасы кезінде көп дау тудырған «Ұлт бірлігі доктринасын» еске түсірмей ме?
Мұрат Телібеков:
– Менің ойымша, бұл – ойланбай жасалынған іс. Мұндай батыл қадамдарға бармай тұрып, мұндай тұжырымдамаларды көтермей тұрып, ең алдымен белгілі саясаткерлермен, философтармен, теолог ғалымдармен ақылдасып, конференциялар өткізу керек еді. Мемлекеттік саясатты ойыншыққа айналдыруға болмайды.
Жүргізуші:
– Бақтыбай қажы, сіз осыдан оншақты жыл бұрын дін істері бойынша арнайы агенттік құру туралы ұсыныспен президент Назарбаевтың атына хат жолдапсыз. Сол кезде сіз ұсынған агенттік пен қазір құрылған агенттіктің айырмашылығы бар ма?
Бақтыбай Айнабеков:
– Биссмиллаһи-р-рахмани-р-рахим! Агенттік өте қажет. Мен осыдан 11 жыл бұрын үкіметтің жанындағы дін істері жөніндегі хатшылықта қызмет жасадым. Сол кезде біздің бөлімнің бастығы және төрағаның орынбасары Сауранбековтің атынан хат жолдап, ол хатты жақында «Абай.кz» сайтында жарияладым. Оның алдында бір жарым ай бұрын Назарбаевқа ашық хат жарияладым, «Елбасына хат жазам, құлағдар бол, жамағат!» деп.
Назарбаев бір жарым жыл бұрын діни агенттік құру туралы елге өзінің жолдауында айтқан еді. Бірақ оған үкімет тағы құлақ аспады. Соны мен хатымда айтқанмын, «айтуын айттыңыз, рахмет, бірақ діни комитетте
Соны қабылдады ма, өзінің тәжірибесінен алды ма – әйтеуір аяқ астынан агенттік құрылды.
отырғандар азанда барады, кешке айлығын алады да кетеді, ол жерде дінге қатысы жоқ адамдар отыр, сондықтан да сол мәселені қайта көтергеніңіз дұрыс» деп едім. Соны қабылдады ма, өзінің тәжірибесінен алды ма – әйтеуір аяқ астынан агенттік құрылды. Оған дейін дайындық та болған жоқ. Бұрын бұндай министрлік құрылатын болса, алдын-ала дайындалады, штаты белгіленеді, бірден бастығы тағайындалатын. Мұндай жағдайдың туғанына, бір жағынан, хаттың да себебі болуы мүмкін.
Екінші жағынан, елдегі қазіргі жағдай осыған соқтырып отыр. Қазақстанның сыртқы әлемдегі абыройы жоғары болғанмен, ішкі діни ахуалы абыройдан жұрдай. Өйткені қазір ағымдар көбейіп кетті. Дінді дін ғана тоқтатады. Сондықтан да үкіметтің араласқаны дұрыс. Бірақ үкімет араласу үшін алдымен оның механизмін қалыптастыру керек еді. Қазір қанша талпынғанмен, ол жұмысты жүзеге асыра алмайды. Байыпты исламды құрудан бұрын, агенттіктің негізгі мақсаты – әр елдің өзінің ұстайтын діні болуы керек. Мұндай дін болу үшін ата заңымыздағы «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген жерге міндетті түрде «діні – Ислам, ал қалған әлемдік бес дін мойындалады» деп енгізу керек. Агенттіктің негізгі жұмысы сол болу керек. Егер солай деп заңға жазылмайтын болса, бұл агенттіктің айтқан сөзі далада қалады.
Содан кейін, «Батыстан үйренеміз» дейді. Батыстан үйренетін ештеңе де жоқ. Біз – әлем мойындаған өзіндік дәстүрі бар ұлттық мемлекетпіз. Ағымдардың көбейіп кеткеніне он-ақ жыл болды. Ағымдарды ешкім тоқтата алмайды, үкімет дінді тіркейді де отыра береді. 10-15 адам барып, «тірке» десе, тіркей береді. Ал дін, мүфтият күшейсе, ислам күшейетін болса, діни ахуал жақсарған болар еді. Ол үшін діни басқарманы басқа діндар адамның қолына беру керек. Діни басқарма күшеймесе, ештеңе өнбейді. Діни басқарма – орындаушы орын. Соның жанындағы мүфтиятта дінге жанашыр адамдардың пікірі болуы тиіс. Олардың арасынан бас мүфти сайлануы керек. Бас мүфти ортақ пікірге келіп жұмыс істесе ғана ағымдарды тоқтатуға болады. Бас мүфтидің білімі, дәрежесі жоқ болса, намаз оқымаса, бұрынғы коммунист болса – одан үміт жоқ.
Жүргізуші:
– Профессор Кенжетай мырза, неліктен мемлекет тұтас бір ұлттың діни көзқарасын қалыптастыруға араласады? Мұндай бастамаларды көтеру кезінде билік Батыс елдерінің «үздік тәжірибесіне сүйеніп отырғанын» міндетті түрде қоса кетеді. Теология саласының маманы ретінде, зайырлы мемлекеттің қолдауымен жасалатын діни тұжырымдамалар мен құрылымдардың тиімділігі туралы не айта аласыз?
Досай Кенжетай:
– Зайырлылық деген ұстанымды әр мемлекет өзінің жүріп өткен тарихи арнасына қарай жасайды. Бізде бүгінге дейін зайырлылық ұстанымына Қазақстанның тарихы, өркениеттік, діни тәжірибелер негізінде талдаулар жасалынған жоқ. Жалпы Қазақстанда конституцияда қаралған зайырлылық ұстанымының мазмұны ашылмаған. Мысалы, ол көрсеткіш
бойынша Францияның мен Қазақстанның арасы – жер мен көктей. Ешқашан «билік бөлек, дін бөлек» демей, тұтастық негізінде қарастырылуы керек.
Бізде бірінші зайырлылық ұстанымының мазмұны ашылып, содан кейін ғана "Қазақстанда қандай ислам?" деген сұрақ келу керек еді. Менің ойымша бұл сауатсыз сұрақ болады, себебі ислам – біреу-ақ. Бірақ танымдары көп, мұсылмандық деп атаймыз оны. «Анау - қазақтың исламы», «мынау - өзбектің исламы» дейтін болсақ, ислам біріктіруші емес, жеке бөлуші дін ретінде танылады. Сондықтан исламды өз тегіміздің құндылықтар жүйесінің қайнары ретінде қарап, исламға саяси идеологиялық күштердің бағалануымен емес, өзіміздің төл мәдениетіміздің негізін қалайтын құндылықтар жүйесі ретінде қарауға тырысып, ояу болуымыз керек.
Қазақстанда ең алдымен мемлекет пен дін арасындағы қатынас нақтылануы тиіс. Бұл қатынас зайырлы түрде нақтыланғанмен, мемлекеттің дінге деген тарапсыздығы ғана, дін ісіне араласпайтындығы ғана паш етілген. Дін феномені мен мемлекет арасында ешқандай байланыс жоқ. Ал секуляризм зайырлы ұстанымындағы ғылыми атеизмді негізге алған кешегі советтік жүйенің заңы үшін дін жеке феномен ретінде қаралған жоқ, қабылданған да жоқ. Ал біздің бүгінгі конституцияның зайырлылық ұстанымы – соның көшірмесі. Олар тек қоғамдағы діни көріністерді, мінез-құлықты ғана есепке алады. Біздің бүгінге дейін қолданып келген заңымыз да – кешегі советтік жүйеден қалған мирас. Соны айта-айта 20 жылда құлаққа ілінді әйтеуір.
Қазақстан мемлекеттілігінің негізінде қазақ мәдениеті жатыр, қазақ мәдениетінің негізі – тілі дейтін болсақ, онда Қазақстан тарихи-антололгиялық, болмыстық тұрғыдан ислам дініндегі мемлекет екенін көрсетіп, басқа әлемдік діндерді де құрметтейтінін енгізуі керек. Ал бұл – зайырлылық ұстанымының реттеушілік қызметін заңдастырады. Біз – дәстүрлі мемлекетпіз, тарихымыз бар, бірақ саяси еркіндіктен ажырап қалғанбыз. Сондықтанда зайырлылықтың реттеушілік қызметін жүктеп, қазақ елінің баяндылығының кепілін нақтылауымыз керек. Сонда ғана қаптаған миссионерлердің қарқыны азаяды.
Жүргізуші:
– Дін істері бойынша агенттіктің «Бір ұлт – бір дін» бастамасы Қазақстандағы өзге де діни топтар мен азшылықтарды шетқақпайға ұшыратып, олардың наразылығын туғызбай ма?
Мұрат Телібеков:
– Біз конфессионалдық әлемде өмір сүруге дағдылануымыз қажет. Қазір бар әлем солай өмір сүріп жатыр. Дәстүрімізді сақтау керек, бірақ басқа сенімдерді жоққа шығаруға болмайды. Жыл сайын Қазақстан әлемдік
діндердің басшыларын жинап, съезд өткізеді. Мұның өзі сол бағытқа қадам басқанын дәлелдейді. Егер біз басқа саясат жүргізетін болсақ, әлемдік қоғам бізді түсінбейді. Ислам – қуатты дін және басқа да іс-әрекеттермен өз дәрежесін көтеруге тәуелді емес.
Бақтыбай Айнабеков:
– Қазақстанда шетелден қаржыландырылатын діни бірлестіктердің жетекшісі алдымен Қазақстандағы дінді айтпайды, әлемдік діннің ынтымағын айтады. Діни экстремистердің қазір ел ішінде қаншама дүрбелең салып жатқаны, мемлекеттік мекемелердің, түрмелердің ішінде, қаланың қақ ортасында жарылыс жасап жатқаны, осының бәрі – өзіміздің дінге жанашырлықпен қарамауымыздың себебі. Дін ішінен діни ағымдар бөлініп шығып, кейін олар қолдарына қару алып қақтығысса, елде қантөгіс боп кетеді. Осының бәрін тоқтату үшін бір дін, бір мемлекет керек. Біз басқа дінге тиісіп жатқанымыз жоқ, әлемдік дінді мойындаймыз. Бірақ ұлтымыздың ұстанатын діні ислам екенін көрсетуіміз керек.
Досай Кенжетай:
– Ұлт деген категорияның мазмұнын анықтап алғаннан кейін, оның бәрі шешіледі. Менің ойымша, «ұлт» деген мәселеде «қазақстандық ұлт» деген идея жатқан жоқ. Бұл – діни тәжірибенің тарихына қатысты мәселе. Оны мемлекет тарапынан қолдау көрсету арқылы жандандыру мәселесін қолдаймын. Сондықтан қазақтың бір ұлт негізінде, бір дін негізінде қайтадан өз болмысын жаңғырту идеясы нағыз керек нәрсе. Басқа халықтар ешқашан қазақ ұлты бола алмайды, оларға да біз конституция негізінде көптеген мүмкіндіктер бергенбіз.
Жүргізуші:
– Дін істері бойынша құрылған агенттіктің алғашқы қадамдарын көріп отырып, «ресми билік дін істерін саясиландырып бара жатқан жоқ па» деп ойламайсыз ба?
Айдос Сарым:
– Менің түсінігімде, ислам о бастан саясатпен етене жақын дін болып қалыптасқан. Сонда исламның саясилануы бүгінгі біздің мемлекеттің айтып отырғаны емес, жалпы діннің айналасында болып жатқан әңгімелерге пара-пар. Кейбір топтардың Қазақстанда шариғат заңына өткізу деген сияқты ұрандауы, т.б. ұсыныстар айтуының өзі – үлкен саясат. Мемлекеттің бұл іспен айналысуы дұрыс. Тіпті 10 жыл бұрын араласуы керек еді.
Бұрын ислам өркениетінде өмір сүргеніміз анық, сол сияқты бүгінде соған қайтып келе жатырмыз. «Қайтып келгеніміз қалай болады, оның артында не бар, қандай қозғалыстар болады?», «ұлттық жүріс-тұрысымызды өзгерте ме, өзгертпей ме, өзгертсе – қай жағына қарай өзгертеді?», «осы өзгерістер түбі мемлекеттігімізден айыруға алып келмей ме?» деген көптеген саяси, философиялық сұрақтар жатыр. Оларға жауап бермей
Ең басты міндет – қандай мемлекет екенімізді айқындап алу. Екінші – әлемде не болып жатқанын біліп отыру.
тұрып, ешқандай өзгерістерге жете алмаймыз. Егер ұлттың басым көпшілігі «біз осындай ұлтпыз, осындай бағытпен жүреміз» дейтін сияқты нақты тұжырымға келетін болса, онда бұл мемлекеттің саясатына айналуы тиіс.
Ең басты міндет – қандай мемлекет екенімізді айқындап алу. Екінші – әлемде не болып жатқанын біліп отыру. Осы екі бағытты салыстыра отырып өзіміздің бағытымызбен жүру керек, басқа мемлекеттердің айтқанына қарамай, мүмкіндігімізше өз ұлтымыздың шаруасын жасау керек. Тәуелсіз мемлекет болғандықтан тәуелсіз саясатымызды жүргізуіміз қажет.
Жүргізуші:
– «Қалыпты ислам» тұжырымдамасы дінді мемлекеттен бөлек деп, ал Қазақстанды «зайырлы мемлекет» деп жариялаған конституцияға қайшы келмей ме? Діни экстремизм мен мамыр айындағы екі бірдей террорлық жарылыстан сескенген Қазақстан билігі, конституцияға қайшы келсе де, дін істеріне тиянақты кірісуге бел буып отырған жоқ па?
Айдос Сарым:
– Менің ойымша, «дін мемлекеттен бөлек» деген – ағаттық. Ол әлі ешбір елде толық іске асып көрген емес. Сондықтан да бұл мәселені көтере бергеніміз дұрыс емес. Мемлекет бұл мәселені баяғыда шешуге тырысу керек еді және назар аударуға тиіс еді. Енді осындай қадамға баруы және осындай мәселенің көтерілуінің өзі – жақсы ишарат. Бәрі дұрыс жасалатын болса, қоғам ішіндегі азаматтардың пікіріне тәуелді болса, сөзсіз оның пайдасы болады.
Ал егер кезіндегі «Ұлт бірлігі доктринасы» сияқты бір жақты ғана талқыдан өтсе, бір жақты ғана қабылданатын құжат болса, онда ол үлкен дауға айналады. Дін ойыншық емес, оған аса мұқият болу керек. Дін – біздің басты қоғамдық институттарымыздың бірі. Қоғамда имандылықты қалыптастыратын, дүниетанымды, өмірге деген көзқарасымызды қалыптастыратындықтан, бұған мұратшылдықпен, байыппен қарасақ ғана жеңістіктерге жете аламыз.
Мұрат Телібеков:
– Ең алдымен Конституцияға өзгерістер енгізу керек еді. Заң тұрғысынан сараптайтын болсақ, «неліктен мемлекет дін ісіне араласады, неге діннің дамуына ықпал етеді?» деген сұрақты шешкеннен кейін ғана агенттікті құру керек еді.
Жүргізуші:
– Осымен, Азаттық радиосы өзінің дөңгелек үстелін аяқтайды. Пікірталасқа қатысқандарыңыз үшін редакция сіздерге алғыс білдіреді.