Үйлі-баранды студенттер
Үйленгендеріне бір жыл болған 19 жастағы Алдаберген Базарбаев пен 18 жастағы Дармина Сатимова М.Тынышбаев атындағы қазақ көлік және коммуникация академиясының студенттері. Олар қазір осы оқу орнының жатақханасында тұрады. Студенттік, әрі отбасылық өмірдің қызығы мен шыжығы туралы жас отбасы Азаттық тілшісіне былай дейді.
Алдаберген: «Ең басты қиындық - баспана мен қаржы болды. Арасында қатты қиналған кезде «оқуды тастап ауылға кетсем бе деп ойлаған кездер болды. Кейіннен бәрі қалпына келген соң «жарайды, оқи берейінші, бір қағазымды алсам да, далада қалмаймыз ғой» деп ойладым. Мұның бәрі уақытша деп осылайша екеуміз бір-бірімізді жұбаттық. Ақырындап Қазақстандағы үлгілі отбасылар қатарына қосылатын шығармыз деп ойлаймын».
Алдаберген мен Дармина ерінген кезде немесе қатты шаршаған кезде жатақхананың асханасынан тамақ іше салатынын айтады. Олар сессия кезінде де бөлек жүргенді ұнатпайтынын, бірге дайындалғанды хош көретінін айтады.
Дармина: "Сессия кезінде бір-бірімізге көмектесеміз. Егер менде емтихан бар болып, Алдабергенде жоқ болса, ол маған көмектеседі. Керісінше онда болса, мен көмектесем. Кейде менің бір-екі сабағымды Алдаберген бірінші семестрде оқып тастаған болады. Кейде екеуімізге бірдей сабақтар болып қалады. Кейде қиын сабақтар да болады. Ондай кезде барынша амал-айламызды істейміз» дейді.
Былтыр үйленген студенттер 22 жастағы Рахат Ғизатолла мен 19 жастағы Мөлдір Есіркеп Алматыда пәтер жалдап тұрады. Рахат - Алматы энергетика және байланыс университетінің 4-ші, Мөлдір - Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университеттің 3-курс студенті.
Рахат ерте үйленудің артықшылығы көп деп санайды. «Жас кезде тәуекел деген нәрсе көп болады. Жастықтың қызуымен көп нәрсе білінбей кетеді. Кейбір қиындықтар бізге қиындық болып көрінбеуі мүмкін. Екіншіден, қиындықтарды бастан кешіріп, екеуміз де нөлден бастасақ, ертеңгі күні үлкен отбасы болған кезде бір-біріміздің қадірімізді жақсы түсінетін боламыз. Себебі ол нәрсеге біз екеуміз бірге жетеміз» дейді ол.
Рахат пен Мөлдір түрлі шараларға барғанды ұнатады. Мына суретте олардың жыл сайын Алматыда ұйымдастырылатын "музей түніне" барған сәті бейнеленген. Әйтсе де Рахат бұрынғыға қарағанда жинақтала бастағанын сезгенін айтады: «Әр істе маған керек пе, керек емес пе деп ойланып істейсің. Кез келген нәрсеге шаба бермейсің. Себебі сенің жауапкершілігіңе алған адамың бар. Мысалы мен Мөлдір үшін жауап берем. Құдай қаласа екінші адам үшін жауап беретін болам. Бұрындары қор жинау деген нәрсе ойыңда болмайтын еді. Ертең не істеймін деп ойламайтын едім. Ал қазір екі адам болғандықтан осы нәрселердің бәрін ойлап жүру керек болады». Мөлдір: «Қандай да бір мәселе туған кезде бір-бірімізге демеу боламыз, көмектесеміз. Кейде бос нәрсемен көп айналысып кетсек те бір-бірімізге кеңес айтамыз. Мысалы, интернетте көп отырып қойсақ, сабақ оқымайсың ба деп бір бірімізге ескерту айтамыз».
Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медициналық университетінің қос студенті Әйгерім Кудерина мен Абылайхан Ахметов 2012 жылы жазда үйленген. Қазір олардың бір баласы бар. Жас отбасы Алматыда пәтер жалдап тұрады. Әйгерімнің айтуынша, сабаққа кеткенде төрт айлық ұлы Дастанды апасы қарайды. Абылайхан мен Әйгерім стипендияның жетпейтінін, сондықтан қосымша жұмыс істеуге тура келетінін айтады. Олар "негізінен қаржылық қиындықтар болмаса, басқаша қатты қиындықтарға кезіккен жоқпыз" дейді.
Абылайхан мен Әйгерім бос уақытта Дастанды аулаға шығарып бірге қыдырғанды ұнатады. Олар сабақта болған кезде балаларын қатты сағынатынын, сондықтан үйге асығатындарын айтады.
"Ертерек үйленген жақсы ғой. Бала өзіңмен бірге өсіп жетіледі. Мысалы, біз биыл бұйыртса университетті бітіреміз. Шүкір, менің отбасым да бар, диплом да алам. Соған қуанам" дейді Әйгерім.
Алматы тұрғындары Анастасия Гребенюк пен Вячеслав Гребенюктің бас қосқандарына екі жарым жыл болған. 22 жастағы Анастасия қазір халықаралық бизнес университетінде оқиды. Оның күйеуі Вячеслав Гребенюк университетті осыдан бір жыл бұрын тәмамдаған. Жас отбасы студенттік және отбасылық өмірді қатар өткізудің артықшылықтары көп дейді.
"Бірге тұрғанға дейін кейде университетке бармай қалатын кездер болды. Ал бірге тұра бастаған кезде ол үнемі маған «университетке бар, университетке бар» деген соң жиі баратын болдым. Ал 4-ші курста күйеуімнен "енді кейде сабаққа бармай-ақ қойсаң болады" деген ресми рұқсат алдым" деп әзілдейді Анастасия.
Вячеслав пен Анастасия студент болып жүріп қосылғандарына өкінбейді. Вячеслав: "Бұл бір жақсы мектеп. Себебі бірге үйренесің, бірге есейесің. Жауапкершілікті сезінуді, жеке отау болып өмір сүруді бірге үйренесің" дейді.
2010 жылы отбасын құрған Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенті Ермек Рахымбайұлы мен Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің студенті Зорагүл Әбдіқадырқызы қазір Алматының Талғар ауылында тұрады. Жас отбасы екі жастағы Елана есімді қыздарын тәрбиелеп отыр. Оқу мен отбасын қатар ұштастырудың оңай емес екенін айтқан Зорагүлдің сөзінше, қатты қиналған сәттері де болған.
«Өткен жылы емтихан кезінде қызым ауырып қалды. Бірақ дәрігер жағдайымызға қарап ауруханаға жатқызған жоқ. Баламызға укол салдарар-салдырмастан сабаққа жүгірдім. «Шеше, шеше» деп қызым қалды. Егер мұнда сәл бөгелсем, жарты жылдық еңбегім желге ұшқалы тұр. Сол кезде қатты қиналдым. Құдайға шүкір, көштен қалған жоқпыз» дейді Зорагүл.
Ермек Рахымбайұлының айтуынша, дәл суреттегідей саябақты аралап, отбасымен қыдырып жүретін сәттер көп бола бермейді. Сондықтан демалыс күндерін үйде отбасымен бірге өткізетінін айтады. Байқауларға жиі қатысатын музыкант "ең маңызды кездерде жарының қасында бола алмағанына" қынжылады.
"Мысалы, қызым дүниеге келген кезде сыртта жүрдім. Әйелім ауруханадан шыққан кезде де бірге бола алмадым. Бос уақыт туа қалса, үйде өткізуге тырысам" дейді Ермек Рахымбайұлы.