«13 қызды душқа кіргізіп, сыртынан бекітеміз»

Алматыдағы ҚазҰПУ дың бесінші жатаханасындағы көрініс. Алматы, 21 ақпан 2012 жыл.

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жатақханасында тұратын студенттер 21-ғасырда оқысақ та, тұрмыстық жайлылық жағынан 18-ғасырда қалдық деген шағым айтады. Жергілікті билік өкілдері қалада жаңа стандартқа сай жатақхана кешені салынуы мүмкін дейді.

Педагогикалық университеттің бесінші жатақханасында тұратын Әйгерім есімді студенттің (аты-жөнін атаудан бас тартты - ред.) күнделікті өмірі таңғы жетіде үшінші қабаттағы екі этаждың студенттеріне ортақ үш орынды дәретхананың кезегіне тұрудан басталады. Одан соң алты орынды қол жуғышқа жету үшін тағы 10-15 минут уақытын сарп етеді.

- Міне, күнде өстіп ит ырғылжыңмен жүргенде сабаққа үлгермей қаламыз. Дұрыс жуына да алмаймыз. Адам көп болғандықтан тез ластанып кетеді және құбырлар осылай жиі бітеліп қалады, - дейді раковинаны нұсқап.

Әйгерім «А» бөлмесінде алты қыз болып, «Б» бөлмесіндегі сегіз қызбен бір секцияда тұрады. Сол бөлмеде ұйықтап, сабақ оқып, тамақ жасайды.

Алматыдағы ҚазҰПУ дың бесінші жатаханасындағы көрініс. Алматы, 21 ақпан 2012 жыл.


- Ортақ ас бөлме деген атымен жоқ. Төрт қабаттан тұратын бұл жатақхананың жоғарғы төртінші қабатының күн суытқан мезетте қабырғалары көгеріп кетеді.

Оны студенттер өздері жуып, тазалап отырады. Көктен шығатын күлімсі иіс денсаулығымызға да кері әсерін тигізіп жатыр, - дейді Әйгерім.



«ЕУРОПАЛЫҚ СТАНДАРТТЫ ЖАТАҚХАНАЛАР САЛЫНСА»

Ал осы жатақхананың меңгерушісі Ғайни Ахатаеваның айтуы бойынша барлық қабаттардағы дәретхана мен қол жуатын орын, тұрмыстық және демалатын бөлмелер жұмыс жасап тұр.

- Кір жуатын бөлме бір апта шамасында бітіп қалады. Стандартқа сай төрт және алты баладан тұрады. Мен екі жыл істегелі бері ешқандай жиһаз сынып көрген емес. Егер студенттер орындықтың үстін күйдіріп алатын болса, өздері қаптайды. Бұл келісім-шартта көрсетілген. Жатақханалар көптеп салынып, европалық стандартқа сай жұмыс жасаса деген тілегім бар, - деді меңгеруші.

Әйгерімнің бұл айтылған уәждер бойынша пікірі өзгешелеу болып шықты.

- Жатақханада тәртіп жүйесі жоқ. Бірінші, екінші қабатта күні-түні шу болып жатады, тыныштық жоқ. Сонымен қатар балконнан ұры түсіп, талай рет құнды заттар жоғалып жатыр. Өз қауіпсіздігіміз үшін алаңдаймыз. Бұл жағдайға да белгілі бір шаралар қолданылмайды.

Алматыдағы ҚазҰПУ дың бесінші жатаханасындағы көрініс. Алматы, 21 ақпан 2012 жыл.


Душқа түсуге мүмкіндік тіпті де жоқ. 20 минут ішінде түсіп болуымыз керек. Екі сағаттай кезек күтіп тұрғаннан сырттағы ақылы жуынатын орындарға бару біз үшін тиімдірек. Басымызды, кірлерімізді тек бірінші этажға жууға рұқсат береді. Ол ұлдарға да қыздарға да ортақ. Ұлдардың көзінше ұят емес пе?! Ал, енді ол жерде гигиеналық жағынан қандай тазалық болсын?! - дейді студент.

Бұл жайтқа қатысты жатақхана меңгерушісі Меруерт Ахатаева былай деді:

- Қыз балаларға 13 кабинадан, ұл балаларға 8 кабинадан тұратын душ жұмыс жасап тұр. 13 қызды кіргізіп сыртынан бекітеміз. 20 минуттан кейін келесі бір топ қыздар кезегімен алмасады. Кір жуатын бөлме күрделі жөндеу үстінде. Бір апта көлемінде аяқталып қалар, - деді.

АРХИТЕКТУРАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР ЖАТАҚХАНА

Абай атындағы педагогикалық университетінің әкімшілік шаруашылық ісі жөніндегі проректоры Темірболат Еділбаев жатақхана жайындағы бұл мәселелерге жауап беруден бас тартты.

Ал тәрбие жұмысы, жастар саясаты және мемлекеттік тілдерді дамыту басқармасының бастығы Қайрат Омаров университет жатақханалары басқа университеттің жатақханаларымен салыстырғанда тазалығы, эстетикалық көрінісі жағынан өте жоғары деңгейде деп есептейді.
Бұл жатақханалардың архитектуралық маңызы бар. Сондықтан біз тиіспедік. Себебі мұнда кезінде Сәкен Сейфуллиндер тұрған..

- 1935 жылы салынған бұл жатақханалардың архитектуралық маңызы бар. Сондықтан біз тиіспедік. Себебі мұнда кезінде Сәкен Сейфуллиндер тұрған. Қазіргі кезде «Алатау» аудандық округынан 130 гектар жер бөлініп, 20 мың студенттік қалашық салынайын деп жатыр. Біздің сұранысымыз бойынша 6 мың орынды жер бізге тиесілі. Қаржысын біздің университет төлейді. Бұйырса, 2015 жылы жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек.

Жатақханалар жыл сайын ағымдағы жөндеуден өтіп отырады. Соның өзі студенттерге жетіп жатыр. Қарамағымыздағы бес жатақхана түгел интернетке қосылған. Жиһаздар жаңартылды. Жаңадан нөлдік қабатта ұлдар мен қыздарға жеке-жеке пайдалануға душ ашылды, бұл да бір ректорымыздың студенттердің тұрмыстық жағдайын көтеруге деген үлкен, шынайы көзқараспен қарап отырғандығы деп ойлаймын,- деді проректор.

«21-ҒАСЫРДА ЕМЕС, 18-ҒАСЫРДА ӨМІР СҮРЕМІЗ»

Кеш қарая оқу корпусынан жатақханаға оралған Әйгерім бөлмедегі көгерген иісті шығару үшін терезені ашып ауа алмастырғанының есесіне дымқыл, суық бөлмеде отыруға мәжбүр.

- Интернет-кафеде тағы да кезек. Біздің сабағымыз интернет жүйесімен тікелей байланысты болғандықтан интернетсіз күнің жоқ. Достарыма мына жатақханада тұрамын деп айтудан ұяламын. Ұлттық деген статусы бар университетте осындай жатақхананың болуы тіпті ұят нәрсе. Біз 21-ғасырда емес, 18-ғасырда өмір сүреміз, - деді қабағын шытып.

Осы жатақхананың тағы бір студент тұрғыны Айша (аты-жөнін атаудан бас тартты –ред.):

- Жатақханадағы компьютер сыныбы ашылмайды да. Ол жердегі компьютерлер түгелдей дерлік ескі. Бірақ жатақхананың кемшілігін айтқанмен не пайда, босқа жөндемейді. «Жастар комитеті» өзіне ғана жұмыс жасайды. Аты ғана болмаса, белгілі бір мәселені шешкенін, студенттердің құқығын қорғағанын көрмеппіз,- деді.

Алматыдағы ҚазҰПУ дың бесінші жатаханасындағы көгерген бұрыш. Алматы, 21 ақпан 2012 жыл.


Жатақхана меңгерушісі: «Компьютер сыныбы жұмыс жасап тұр. Барлығы он компьютер, үш компьютер кеше сынып қалды. Жатақхана түгелдей интернет желісімен қамтамасыз етілген, студенттер бөлмелерінде отырып-ақ ноутбугімен интернетке еркін кіре береді» дейді. Алайда компьютер сыныбының кілтін табу мүмкін болмады. Сол себепті тек терезесінен сығалап көруді қанағат тұтуға тура келді.

Тозығы жеткен жатақхана мен студенттердің тұрмыстық мәселелерін айтып шағымдануы Алматыдағы кез-келген жоғары оқу орнына тән құбылыс.

Қалада салынуы мүмкін жаңа стандартты жатақхана кешені туралы Азаттық тілшісінің сұрағына Алматы қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығының бірінші орынбасары Жанат Айтілеу былай деді:

- Әуезов ауданы, Райымбек көшесінің бойынан 27 гектар жер бөлінген. Орталықтан жатақхана салуға қаржыны бөлгеніне қарай іске асады. Қазір сол мәселе қаралып жатыр. Сосын біздегі құрылыс компаниялары жатақхана салады. Бұл жоспардың жүзеге асуы қаражаттың бөлінуіне байланысты.