Мұғалім – оқушыны, ал кейде оқушы мұғалімді сабайды

Қырғызстандағы мектеп оқушылары. (Көрнекі сурет)

Таяқтап оқыту - Орталық Азиядағы тек совет заманынан ғана қалған әдіс емес, байырғы әлеуметтік проблема. Бірақ қазіргі кезде жағдайдың ушыққаны соншалық, бай-дөкейдің балалары сабақ үстінде мұғалімдерді соққыға жығатын болды.

Азаттық радиосы өзбек мектептерінде болып жатқан басбұзарлық жайлы әлденеше рет жазды. Кейбір өзбек мектептерінде жоғары қызметтегі шенеуніктердің, бизнесмендердің балалары еркінсіп, мұғалімдерге арсыз қылық көрсетеді.

ӨЗБЕК ПРОКУРОРЫНЫҢ ҚЫЗЫ

Кейде істің ақыры ұрып-соғумен де тынып жатады. Дәл осындай жағдайды жуырда YouTube сайтында жарияланған әуесқой бейнекөріністен көруге болады.

Ол көріністе прокурордың қызы мұғалімді тілдеп, тықсырып тұр.

– Әй, мені үйретпе. Мен сені дәл осы жерде буындырып тастаймын! Шын айтамын! Орныңнан тұр! Тұр деймін! – дейді оқушы қыз.

Ол мұғалімнен жақсы баға қоюды талап етіп тұрған көрінеді. Түр-сипаты зиялы, егде мұғалім одан қашқақтап, бұл әңгімені кейінге қалдыруды сұрайды, қыздың әкесімен жасты екенін айтады.

– Мені қызым деуші болма! – деген оқушы қыз мұғалімді одан ары қорлап, теппек болады, жеңінен тартып, сыныптан шығармай қояды.

YouTube-тегі тағы бір бейнекөріністе оқушылар мұғалімге ақша лақтырып, оны қоршап алып билеп жүреді.

ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫ МҰҒАЛІМ

Мұндай жағдайлар Түркіменстанда да бар. Жоғары қызметтегі шенеуніктер мен бай бизнесмендердің балалары еркінсіп жүреді. Істің ақыры төбелеске әлі жете қойған жоқ сияқты.

Жуықта YouTube-те жарияланған бейнебаянда түркімен ұстаздар оқушыларын сабайды. Баланы оқыту, тәрбиелеу міндетін атқаруға тиіс мұғалім әйел ашуланғаны соншалық – туфлиін шешіп алып, баланың басынан ұрады. Оқушы одан қашып, соққыдан қорғанып, қолын тосқанына қарамастан, мұғалім апайы қайта-қайта жақындап келіп, ұра береді. Видеосюжеттің қай жерде, қай мектепте және қашан түсірілгені анық емес.

Тағы бір көріністе мұғалім әйел тақтаға екі баланы шығарып қойып, оларды оңды-солды тоқпақтап жатыр. Сыныптағы балалар күліп отыр - ешкім қарсыласпайды, ара түспейді.

«Түркіменстанда мұғалімдер осындай – сәл бірдеңе болса, ұрып жібереді»

Түркіменстандық бір мектептің бірінші сынып оқушылары сабақта. (Көрнекі сурет)

дейді осы бейнебаянға байланысты Serdar9509 атымен коммент жазған оқырман.

Ал TurkmenSweetGirl атымен пікір жазған оқырман: «Не деген сұмдық!!! Балалар неге үндемейді?» деп ашуланады.

Ол Түркіменстаннан бұрынырақ кетіп қалған адам екен. Сондықтан тәуелсіздік кезеңінде елдің білім жүйесі – бүкіл мемлекеттің өзі сияқты – басқа әлемнен оқшау өмір сүріп жатқанынан бейхабар екен.

«Мен оқып жүргенде біздің мектепте осындай бір мұғалім болды. Ата-аналар біліп қойып, содан соң әлгі мұғалімнің қудаланғаны сондай, әлі күнге дейін оқушыға "әй" деуге батпайды» дейді TurkmenSweetGirl.

Әрине, Түркіменстанда да балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында ұрып-соғу оқиғалары – қылмыс. Бірақ осындай қылмыстары үшін біреу жазаға тартылды дегенді бұқаралық ақпарат құралдары хабарлаған емес.

– Оқушылар бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүрсе, бұйрықты бұлжытпай орындаса, білім беру мекемелерінің басшылары ұстаздарды ынталандырып жатады, – дейді бұрынғы мұғалім, «Түрікмен Хельсинки қоры» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Тәжігүл Бегмедова.

АВТОРИТАРИЗМ МЕКТЕБІ

Түркіменстанда білім жүйесі құлдырап кетті. Қазіргі кезде түркімен мектебі казармаға көбірек ұқсайды. Балаларды салтанатты жиындарда сап түзетіп тұрғызып қойды, мақта жинауға апарады. Халықты қорқытып тастаған Түркіменстанның авторитарлы режимдер тізімінде «құрметті» орындарды иемденіп отырғанына, міне, оншақты жыл болды.

Түркімен мектебі баланы қорқытатын амалдың бәрін қолданылды. Оқушылар жыл сайын жеті атадан бері қосылатын жақындары жайлы толық ақпаратты жеткізіп тұруға тиісті. Мектеп басшылығы оқушының жеке ісіне қарап, әке-шешесінің қандай қызмет жасайтынын біледі.

Өзбекстандық мектеп оқушылары мақта теріп жүр. 24 қыркүйек 2011 ж.

Бірдеңе бола қалса, керекті жерге хабарлап, әке-шешелерін жұмыстан шығартуы да мүмкін.

Түркімен балаларының оқудан басқа «құрметті» шаруалары жетіп артылады. Оның бірі - әлдебір ғимаратты, стадионды ашу кезінде оқушылар «тірі дәліз» болып, бірнеше сағат бойы тұра береді. Лауазымды шетелдік қонақтарды, шетелге кетіп бара жатқан немесе сол жақтан келе жатқан «қамқоршы» президентті қарсы алу да - осындай міндет. Ел аралаған президенттің барлық сапарлары кезіндегі салтанатты шараларда оқушылар міндетті түрде тұрады.

Ауылдық жерлердегі мақта жинау науқанын қоссаңыз, балалардың жұмысы тіпті көп. Әрі стадиондар мен шерулерде марш жасауға да міндетті.

ОҒАШ ӘУЕСТІК

Мектептегі, университеттегі (сірә, балабақшадағы да) ұрып-соғуға келгенде Қазақстан да көштен қалмайды. Интернеттен бұған қатысты талай мысалды оп-оңай табасыз. YouTube-тегі бір бейнежазбада мектеп директоры мұғалімді қорлап, "есірткі салып кетемін" деп қорқытады. Қазақстанның оңтүстігіндегі мектеп мұғалімінің айтуынша, ол әйелді ұрып-соққан, соның кесірінен жедел көмек шақыртып, ауруханаға апарған. Мұғалім мен оның әріптестері полицияға арызданған екен, бірақ олар қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.

Мектеп оқушыларының қалай төбелесіп қалғандары да баяндалады. Ата-аналар істің анық-қанығын білуге келіп, ақыры олар да төбелескен.

Интернетте оқушыларды құрдастарының ұрып-соққаны жайлы, тіпті қыздарды қыздардың сабағаны туралы бейнесюжеттер бар. Оқушылар бірін-бірі сабаған сәтті камераға түсіріп алып, бүкіл мектепке көрсетіп, интернет арқылы таратып жіберуге әуес болып барады.