2013 жылғы басты ғылыми жаңалықтар

Ресейлік ғалымдар Солтүстік мұзды мұхит аралынан тапқан мамонт қаңқасы. 13 мамыр 2013 жыл

Су жұтып, таза бу шығаратын көлікке мінеміз бе? Жойылып кеткен жануарларды қайта тірілтетін күн туды ма? Азаттық радиосы ғалымдардың биылғы басты жетістіктеріне шолу жасады.
Нобель сыйлығын алған «Құдай бөлшегі» (ресми түрде «Хиггс бозоны» аталған қарапайым бөлшек – ред.), көне заманғы адамның бас сүйегі, өзін-өзі басқаратын көлік пен лабороторияда жасанды еттен «пісірілген» алғашқы гамбургер. 2013 жылы ғылым мен технология саласында ашылған осы тәріздес ірі жаңалықтар БАҚ-та дүркін-дүркін жарияланып тұрды.

Автоматты индустрия саласының қарыштап дамуы адамсыз, әрі сутегімен жүретін көліктердің дәуірін жақындата түскен сияқты.

Өзі жүретін машиналар уақыт пен отынды үнемдеп, апаттардың алдын алып, қаланы жоспарлауды өзгертіп, қарт кісілер мен мүгедек жандардың қала берді мас күйдегі кісілердің де жүріп-тұруын жеңілдетіп, автоматтандырылған тұрмыс-тіршілікте зор төңкеріс жасамай қоймайтын сияқты.

Автомат көліктер сонымен қатар көшедегі кептелісті жоюға сеп болуы мүмкін. Әдетте кептеліс қашықтықты, жылдамдықты, қай тарапқа бұрылуды реттеп отыратын адам факторынан туындайды.

«СУ ЖҰТЫП, БУ ТҮКІРЕТІН КӨЛІК»

Өзі жүретін көліктер бойынша еңбектеніп жатқан жетекші компаниялардың бірі Google-дың атқарушы директоры Ларри Пейдж жаңа технологияның артықшылықтарын былайша мақтайды:

«Өзі жүретін автомобильдің біздің тұрмыс-тіршілік пен қоршаған ортаны қалай өзгертетінін елестетіп көріңіздер. Жасыл желек көбейеді, көлік қоятын орындар кемиді, жүріп-тұру оңайлайды, апат азаяды, бос уақыт та көбейеді. Бұрынғыдай кептелісте көп уақыт жоғалтпайсың. Орташа есеппен бір америкалық шамамен жұмысына жету үшін күн сайын 50 минутын шығын қылады. Енді осы уақыттың бәрін басқа іске арнауға болады».

Өзін өзі жүргізетін автомат көлік


Мамандар автомат көліктердің алғашқы нұсқаларын қазірдің өзінде сынақтан өткізіп жатыр. Бірақ олар бұл көліктер жалпы жұртқа жеткенше 10 жылдай уақыт керек дейді.

Сутегін жағып, қалдық ретінде бу шығарып жүретін көліктердің пайда болуына да аз қалған сияқты. Мұндай көліктерге сутегі отынын құятын бекеттер әзірге аз және оларды салу қымбатқа түседі. Бірақ электр қуатымен жүретін көліктерден айырмашылығы сутегі көліктерінің кәдімгі жанармаймен жүретін көлікке ұқсас жақтары өте көп. Оларға отынды жылдам құюға болады.

Оңтүстік Кореяның Hyundai компаниясы сутегімен жүретін шағын көлігін елге таныстырды. Компания өкілдерінің айтуынша келесі жылы бұл көліктер Калифорнияда жалпы саудаға түспекші. Бұл көлікті лизингке сатып алғысы келетін адам басында 3 мың доллар ақша салып, үш жыл бойы ай сайын 499 АҚШ долларын төлеп тұрады. Hyundai сутегі отыны мен қосымша ақау шығындарын мойнына алмақшы. Жапонияның Honda және Toyota компаниялары да 2015 жылы сутегімен жүретін көліктің жаппай нарыққа арналған модельдерін шығарамыз деп мәлімдеді.

SKULL 5

Әлемдегі лабороторияда жасалған тұңғыш бургер ет те 2013 жылы елге таныстырылды. Құны 332 мың долларға айналған бұл бургерді Голландияның лабороториясында сиырдың өзекті жасушаларынан жасап шыққан. Зертхана мамандары тамыз айында Лондонда өткен баспасөз мәслихатында жасанды бургерді жалпыға таныстырып тұрып жеп көрсетті. Тағамның дәмін көрген екі кісінің бірі – ас-ауқат туралы жазушы публицист Джош Сконвальд «дәмі өзгешелеу» деді. Ол: «Тіске басқанда ет сияқты дәм сезіледі. Тек аздап майдың ғана дәмі жетпей тұр. Бірақ сонда да дәмі кәдімгі гамбургер» деді.

Ғалымдар лабороторияда өзекті жасушалардан өсірілетін жасанды ет «жайылым мен қорға көп орын кететін, әрі жем-шөбі мен қиы климаттың күрт жылынуына сеп болып жатқан» мал шаруашылығына балама ретінде таптырмас таза экологиялық һәм қуатты тағамға айналады деп сенеді.

Көрнекі сурет


Кавказда табылған 1 милллион 800 мың жыл бұрын өмір сүрген адамға ұқсас жаратылыс иесінің бас сүйегі әлем назарын өзіне аударды. Грузияның Дманиси қаласында табылған бас сүйек бұған дейін қалыптасып қалған ежелгі адамдардың шығу тегі туралы анықтаманы қайта жазуға үлкен негіз болып тұр.

Skull 5 деп аталған қаңқа қалдығы – австралопитектерден алғашқы адамдар бөлініп шыққан плейстоцен дәуіріне жататын ересек адамның жақсы сақталған алғашқы бас сүйегі.

Грузияның ұлттық музейінің қызметкері Давид Лордкипанидзе мен оның әріптестері бұл бас сүйек алғашқы қауымдық құрылыста өмір сүрген «шебер адам» (Homo habilis) мен «рудольф адамының» (Homo rudolfensis) бір топқа жататынын көрсетті деп санайды. Skull 5 бас сүйегінің ми шұңқыры шағын, беті жалпақ. Бұған дейін табылған ежелгі адам бас сүйектерінде ондай белгілер бірге байқалмайтын.

Ғалымдар: «Бас сүйек Хомо генінің тобында үлкен айырмашылықтар болғанын анық көрсетіп тұр. Осыдан барып: «Расында да, Африкада бізбен туыс боп келетін тұқымдастар көп пе? Жоқ, әлде бәріміз бір ғана тізбектен тарадық па?» деген сұрақ туындайды дейді.

МАМОНТТЫ ҚАЙТА ТІРІЛТУ

Жер бетінен жойылып кеткен жануарларды қайтадан қалпына келтіруге болады деген идея да 2013 жылы тірілді.

Мамонттардың жүнінен генетикалық кодтарын оқи бастаған кейбір ғалымдар егер тірі жасушалары табылса оларды клондап шығаруға болады деп ойлайды.

Ресейлік ғалымдар шамамен кем дегенде 10 мың жыл бұрын өлген ұрғашы мамонттың өте жақсы сақталған қаңқасын тауып алған соң мамыр айында мамонтты тірілтуге жақын қалдық деген. Ғалымдар мамонттың қан дақтарымен бірге сақталған қаңқасын Мұзды мұхиттағы Ляховский аралынан тауып алған еді. Семен Григорьевтің айтуынша, мамонттың қаңқасы, тіпті кейбір жерінің еті бүлінбей өте жақсы сақталған. Себебі қаңқаның төменгі жағы мәңгі мұз қабатында сіресіп қатып жатқан.

Нобель комитетінің жюриі физика бойынша сыйлықтың Питер Хиггс пен Франсуа Энглертке тапсырылғаны туралы хабарлап отыр. Стокгольм, 8 қазан 2013 жыл


Григорьев қызмет ететін Якутскідегі Федералдық Қиыр Шығыс университеті 2005 жылы бірінші рет итті клондап шығарған оңтүстік кореялық Хуанг Ву Сукпен мамонтты тірілту тәжірибесіне қатысты келісімге қол қойды.

2012 жылдың және бір ең ірі ғылыми жаңалығын ерекше атап өтуге тұрарлық. Биыл «Хиггс бозоны» немесе «Құдай бөлшегі» деп аталатын физика салысында ашылған жаңалық үшін ұлыбританиялық Питер Хиггс пен бельгиялық Франсуа Энглерге Нобель сыйлығы берілді. Олар 1960 жылы материяның салмаққа ие болу механизмін түсіндіріп берген болатын. Айтылған механизм 2012 жылы табылған Хиггстың бозонын алдын ала болжаған. Ал ғылыми-танымдық ортада шартты түрде «Құдай бөлшегі» аталып кеткен екі ғалым ашқан жаңалықты физика саласындағы ғасырдың ең ірі жетістігі деп те атайды.

(Антуа Блуаның мақаласын қазақшалаған – Сағынай Кәрім)