Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
13:08 2.3.2022

Украина қорғаныс министрлігі Ресей әскеріне келтірген залал туралы:

  • 5840 Ресей сарбазы қаза тапқан
  • 211 танк
  • 862 брондалған әскери техника
  • 85 артиллериялық жүйе
  • 40 дүркіндетіп оқ жаудыратын жүйе
  • 9 әуедегі шабуылдан қорғау жүйесі
  • 30 ұшақ
  • 31 тікұшақ
  • 355 автокөлік
  • 2 жеңіл катер
  • 60 жанармай цистернасы
  • 3 дрон

14:20 2.3.2022

Мариуполь тұрғыны Дмитрий Чичераның "Настоящее время" эфирінде айтқаны:

"Кешегіден кейін ес жиып жатыр. Кеше өзім тұратын аумақтағы тұрғын үй кешендеріне [зымыран/снаряд/оқ] тиді. Біз оқ астында қалған әскерилердің туыстарын эвакуацияладық. Оған дейін екі күн балалар бомбапаналардағы жертөледе ұйықтап жүрді. Түнде оларды да эвакуациялаумен болдық.

Мариуполльді үш жақтан атқылап жатыр. Теңіздегі кемелерден атып жатыр. Шығыс, солтүстік жақтан кемелер тікелей атқылап отыр. "Град", "Ураган" реактивті жүйелер мен ұңғылы артиллерия және кемедегі артиллерия да бар. Қаланың қаншалық бұғатталғаны белгісіз. Түнде қалаға кірмек болған колонна жойылды.

Бейбіт тұрғындарды эвакуациялауға келсек, қазір бейбіт тұрғындарды алып кетуге арналған дәліз туралы түсінік жоқ. Өзге облыстардағы жағдайдан Ресей билігімен жасалған келісімдердің жұмыс істемейтінін көруге болады".

15:19 2.3.2022

Ресей қорғаныс министрлігі Херсонды басып алғанын мәлімдеді

Ресей әскері Украинаның Херсон қаласын басып алды. Сәрсенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі осылай деп мәлімдеді. Украинаның оңтүстігіндегі облыс орталығында 300 мың адам тұрады.

Украина жағы қала Ресей әскеріне берілді деген мәліметті растамады. Қала мэрі Фейсбукте "біз әлі де Украинамыз" деп жазды.

Украинаның Херсон облысында ұрыстар 24 ақпанда басталған, келесі күні ресейлік жауынгерлер стратегиялық маңызды Антон көпіріне бақылау орнатты. 1 наурызда қала мэрі Игорь Колыхаев әкімшілік орталық қоршауда қалғанын, алайда украин билігінің бақылауында екенін мәлімдеді.

1 наурызда кешке Колыхаев Азаттық радиосының Украин қызметіне сұхбат беріп, қаланың қатты қирағанын, жауынгерлер мен бейбіт тұрғындар опат болғанын айтты. 2 наурызда таңертең ол қала тұрғындарынан көшеге шықпауын, атыспауын сұрады.

16:49 2.3.2022

Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан президені Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлескені хабарланды. Ақорда таратқан мәлімдемеде Тоқаев "Украина төңірегіндегі ахуалға қатысты келіссөздер барысында ортақ келісімге қол жеткізудің аса маңызды екенін атап өткені" деп жазылған.

"Мемлекет басшылары екі елдің экономикалық жағдайы мен сауда-экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастық жөніндегі мәселелерді талқылады" деп мәлімдеді Ақорда.

Ал Кремльдің баспасөз қызметі "Ресейдің Донбасстағы азаматтарды қорғау үшін жүргізіп жатқан арнайы операциясына қатысты жағдай талқыланды. Бұған қоса, Ресей мен Қазақстанның алдағы стратегиялық серіктестігі мен әртүрлі салалардағы қарым-қатынасы сөз болды" деп жазды.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG