БҰҰ Босқындар жөніндегі комиссарының баспасөз қызметі соғыс басталғалы Украинадан 835,928 адам босып кеткенін хабарлады.
2 наурыз. Украинадағы соғыста дәл қазір не белгілі?
- Сәрсенбіге қараған түні Ресей Житомир қаласына әуеден шабуыл жасалып, кемі екі адам қаза тауып, он үй қираған. Ресей осыған дейін Киев, Харьков және басқа да қалаларға шабуыл жасаған.
- Украина тарабы 5840 ресейлік әскерилер опат болғанын мәлімдеді. Бірақ соғыс кезінде бұл деректерді тексеру өте қиын. Ресей жағы әскерилер арасында қаза болғандар барын бірнеше рет айтқанымен, нақты санын айтпай отыр.
- Қазақстан президенті Тоқаев пен Ресей президенті Путин телефон арқылы сөйлесіп, Украинадағы жағдайды талқылаған. Ақорданың хабарлауынша, Тоқаев Украинадағы жағдайда "келісімге қол жеткізудің аса маңызды екенін атап өткен".
- Boeing ресейлік әуе компанияларына техникалық қызмет көрсетпейтінін мәлімдеді. АҚШ Ресей ұшақтарына әуесін жапты.
- БҰҰ Босқындар жөніндегі комиссарының баспасөз қызметі соғыс басталғалы Украинадан 835,928 адам босып кеткенін хабарлады.
- "ОВД-Инфо" дерегінше, Ресейде соғысқа қарсы наразылық кезінде жеті мыңдай адам ұсталған.
- Украиналық әскерилер Киевтегі телемұнараға "Калибр" қанатты ракетадан шабуыл жасалғанын анықтады, мұндай екі ракета атылған. 1 наурызда Ресей Киевтегі телемұнараға әуеден шабуылдап, кемі бес адам қаза тапқан еді.
- Еуропа одағы Ресейге еуро валютасын жеткізуге тыйым салды.
- ЕО ВТБ, "Россия", "Открытие", Новикомбанк, Промсвязьбанк, Совкомбанк және ВЭБ банктерін SWIFT жүйесінен өшірді.
- Ресейде бір доллар құны 110 рубльге жетіп қалды.
- Харьковқа бүгін тағы ракетадан шабуыл жасалғаны хабарланды. Шабуылдан қалалық кеңестің және соның жанындағы ғимараттардың терезесі сынған.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба 19 ел Украинаға қару береді, бізге көмекке 16 елден еріктілер келе жатыр деп мәлімдеді.
Ресей билігінің бақылауындағы РИА Новости агенттігі елдің қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап, Украинадағы соғыста 498 ресейлік әскери қаза тауып, 1597 әскери жараланғанын хабарлады.
Ресей қорғаныс министрлігі Украина тарапынан 2870-тен аса әскери қаза болып, 3700-тен аса адам жараланды, 572 адам кепілге алынды деп отыр.
Бұл – Ресейдің әскери шығыны жайлы алғаш таратқан ресми ақпараты. Бұған дейін олар әскери шығын барын ғана айтып келген еді.
Бүгін, 2 наурыз түсте Украина Ресейдің 5800 әскериі мерт болғанын айтқан еді.
Соғыс жағдайында мұндай ақпараттарды тексеру мүмкін емес.
ПІКІРЛЕР