Accessibility links

Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.
Украинадан Еуропаға кетіп бара жатқан әйел мен бала. 5 наурыз 2022 жыл.

Украинадағы соғыс. 1-8 наурыз арасында не болды?

Украинадағы соғыс жайлы барлық ақпаратты осы парақшадан таба аласыз.

  • Украинада шайқас жүріп жатқан аймақтардан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін гуманитарлық коридорлар ашылды. Коридор ашуды екі тарап келіссөз кезінде келіскен.
  • Украина Ресей 12 мың әскерінен айырылды деп отыр.
  • АҚШ Ресей мұнайынан бас тартады.
  • Украинадан соғыс басталғалы екі миллион адам елден кетуге мәжбүр болған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Киевте екенін мәлімдеп, бірнеше видео жариялады.
  • Британиялық Shell мұнай-газ компаниясы ресейлік жобалардан шығатынын, Ресейден мұнай шикізатын алмайтынын мәлімдеді.
  • Жапония мен Австралия да Ресейге санкцияны күшейтті.
12:54 3.3.2022

Халықаралық паралимпиада комитеті Ресей мен Беларусь атлеттерін Пекиндегі 2022 жылғы қысқы паралимпиада ойындарынан шеттетті


Енді аталған екі елдің паралимпиада спортшылары 4 наурыз күні басталатын жарыстарға қатыса алмайды.

"Жарыстың тұтастығын және қатысушылардың қауіпсіздігін қорғау үшін біз Ресей паралимпиада комететі мен Беларусь ұлттық паралимпиада комитетінің атлеттерін жарысқа қатыстырмау туралы шешім қабылдадық. Аталған елдердің пара атлеттеріне айтарымыз: Өкіметтеріңіздің өткен аптадағы шешімі олимпиадалық бітімгерлікті бұзды және ол шешімнің сіздерге осылай әсер еткеніне біз өкініш білдіреміз. Сіздер – өз өкіметтеріңіздің әрекетінің құрбанысыздар" деді Халықаралық паралимпиада комитеттінің президенті Эндрю Парсонс.

13:46 3.3.2022

Ұлыбритания қорғаныс министрлігінің 3 наурыздағы барлау дерегі:

Ресейдің Киевке келе жатқан әскерінің басым бөлігі қала орталығынан 30 шақырым жерде бөгеліп қалды. Оған Украинаның қарсылығы, механиканың бүлінуі және кептеліс түрткі болды. Кейінгі үш күнде колоннаның алға жылжығаны шамалы.

Ресейдің ауыр атқылауына қарамастан Харьков, Чернигов және Мариуполь қалалары Украина қолында қалып отыр. Ресейдің кей күштері Херсон қаласына кірген, бірақ ондағы әскери жағдай түсініксіз.

Ресей қорғаныс министрлігі Путиннің соғысында қазірдің өзінде 498 сарбаздың қаза тауып, 1597 сарбаздың жарақат алғанын мойындауға мәжбүр болды. Мерт болғандар мен жарақат алғандардың саны едәуір жоғары болуы өте ықтимал және арта да береді.

13:54 3.3.2022

"Газпромге" бағынышты директорлар кеңесі "Эхо Москвы" радиосын жою туралы шешім қабылдады

Мәскеу Ресей бұқаралық ақпарат құралдарынан Украинадағы жағдайды "соғыс" емес "әскери әрекет" деп атауды және хабар бергенде тек ресми ақпарат көзіне сүйенуді талап етіп, бағынбағанға қысым көрсетіп жатыр.

1 наурыз күні осы талапқа бағынбағаны үшін "Эхо Москвы" эфирі өшіріліп, сайты бұғатталды. Бұғаттауға "Дождь" телеарнасы, The Village басылымы, DOXA студенттер журналы да ұшырады. "Новая газета" демеушілерінің шешімімен цензураға көнуге мәжбүр болды.

14:58 3.3.2022

Украинадағы соғыста тағы бір Ресей қазағы қаза тапты

Әли Батыров.
Әли Батыров.

Астрахан облысы Красноярск ауданы Ватажное ауылының тумасы Әли Сабыржанұлы Батыровтың Украинадағы соғыста мерт болғанын туған ауылының әкімшілігі хабарлады. Сол күні немере қарындасы Елсияр Батырова бауырының қазасын растады. Оның сөзінше, Әли Батыров 28 ақпан күні опат болған.

Ауыл әкімшілігінің хабарлауынша, Батыров майор әскери шешінде болған және батальонды басқарған. Украинаға дейін ол Сириядағы соғысқа қатысқан, сол үшін Батылдық ордені мен бірқатар өзге медаль алған.

Әли Батыровтың аты-жөні Украинаға жіберілген Ресей сарбаздарының тізімінде бар. Тізім 1 наурыз күні украин хакерлері жариялаған.

Батыров – Төменгі Волга тумаларының ішінде қаза тапқаны ресми мойындалған екінші адам. 1 наурызда Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин сол ауданның тумасы Арман Нарынбаевтың қаза тапқанын мәлімдеген.

Билік тек екі сарбаздың өлімін растағанымен, жергілікті тұрғындар қаза тапқандар мен із-түссіз жоғалғандар көп дейді. Астрахан облысынан шыққан сарбаздардың опат болғаны туралы хабарлар аудандық чаттарда тарап жатыр. Володар ауданында тұратын бір адамның айтуынша, ауданға цинкпен қапталған алты мәйіт келген. Володар да, Красноярда да көбіне қазақтар тұрады.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG