Ресей президенті Путин Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, Украинадағы соғыста қаза болғандардың жақындарына 7 млн рубль, жараланғандарға 2,6 млн рубль беріледі деді. Одан бөлек, күштік құрылымда қаза болғандардың отбасылары мемлекеттен 5 млн рубль алмақ.
Путин соғыста қаза болған дағыстандық Нурмагомед Гаджимагомедовке "Ресей батыры" атағын берді.
Путин сөзінде ресейлік әскерилердің Украинадағы "батырлығы" жайлы көп айтып, "арнайы операция" "жоспармен жүріп жатыр" деді.
Кремль Украинаға соғыс ашуын "арнайы операция" дейді және ел ішінде "соғыс" сөзін қолдануға кедергі келтіреді.
Беларусьте Ресей мен Украина арасында келіссөздің екінші раунды аяқталды. Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк "бізге керек нәтижеге қол жеткізе алмадық" деді. Ол Ресеймен гуманитарлық коридор ұйымдастыру үшін уақытша атысты тоқтату туралы ғана келісімге келгендерін мәлімдеді.
"Бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін және атыс болып жатқан жерлерге дәрі-дәрмен пен азық-түлік жеткізу үшін уақытша атысты тоқтатуға келісті" деді Подоляк.
Украина тарабы келіссөздің үшінші раунды қашан болатыны белгісіз дейді.
3 наурыз. Украинадағы соғыста не болды? Негізгі оқиғаларды шолып шығыңыз:
- Беларусьте Ресей мен Украина арасында келіссөздің екінші раунды аяқталды. Украина президенті кеңсесінің өкілі Михаил Подоляк "бізге керек нәтижеге қол жеткізе алмадық" деді. Ол "Бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін және атыс болып жатқан жерлерге дәрі-дәрмен пен азық-түоік жеткізу үшін уақытша атысты тоқтатуға келістік" деп мәлімдеді.
- Украинадағы соғыста тағы бір ресейлік қазақ қаза болды.
- Халықаралық паралимпиада комитеті Ресей мен Беларусьті 4 наурызда Пекинде басталатын паралимпиада ойындарынан шеттеті.
- Молдова мен Грузия Еуропа одағына қосылуға өтініш берді.
- Украина тарабы ресейлік 9 мың әскери қаза болғанын айтады.
- Ресей Украинадағы Чернигов қаласындағы тұрғын үй кешеніне әуеден шабуыл жасалып, кемі тоғыз адам қаза болғаны хабарланды.
- Ресейдегі "Дождь" телеарнасы уақытша жұмысын тоқтатты. Ресей билігі бұл телеараның сайтын бұғаттаған.
- Ресей әскерилері Украинаның Херсон облысының әкімшілік ғимаратын алды.
- Германия ресейлік миллиардер Әлішер Османовтың яхтасын тартып алды.
- Украина президенті Зеленский "Біз қираған әр үйді, әр көшені, әр қаланы қалпына келтіреміз" деді.
- Ресей президенті Владимир Путин мен Франция президенті телефонмен сөйлескен. Макрон өкілі "Франция президенті қиындықтың бәрі алда деп күтеді. Себебі Путиннің айтқандарынан жылымық көрмеген. Ол алған бетінен таймай отыр. Путин әлем оның шартын қабылдайды деп күтеді. Егер оның шартын қабылдамаса ол Украинаны толық басып алғанша шабуылды жалғастыра бермек" деді.
- Ал Кремльдің хабарлауынша, Путин Макронмен телефон арқылы сөйлескенде Мәскеу мақсатына жететініне "сенім білдірген". Бұған дейін Путин Украина "қарусызданып", бейтарап статусқа ие болуы керек деген талап қойған еді.
Украинада Ресей әскерінің атқылауынан кейін Еуропадағы ең ірі АЭС өртенді
Ресей әскері Запорожье атом электр станциясын атқылағаннан кейін станциядағы энергоблок пен оқу-жаттығу корпусында өрт басталған. Украина төтенше жағдай қызметі үшінші энергоблоктың біртұтас энергожүйеден ажыратылғанын хабарлады. 4 наурыз Киев уақытымен түнгі сағат 3-те алты блоктың тек біреуі ғана жұмыс істеп тұрды.
"Еуропадағы ең ірі АЭС-тен ядролық қауіп-қатер туындады. Бірінші энергоблокқа кірдік, құтқарушылар өртті сөндіре алмай жатыр, себебі Ресей әскері атқылауын тоқтатар емес" деді станцияның баспасөз хатшысы Андрей Туз.
Кейінірек АЭС-ке өрт сөндірушілер жіберілген.
Запорожье АЭС-і – Еуропадағы ең ірі атом станциясы. Бұған дейін бақылау камераларынан АЭС жаққа қарай зымырандар ұшып жатқаны байқалған.
Украина төтенше жағдай қызметі Киев уақытымен түнгі сағат 3-те АЭС-те радиация жағдайы қалыпты екенін хабарлады.
АЭС-тің атқылануына байланысты Украина президенті Владимир Зеленский видеомәлімдеме жасады: "Еуропадағы ең ірі атом станциясы өртеніп жатыр. Ресей танкілері атом блоктарын атқылап жатыр. Ол танкілерде тепловизор бар. Олар нені атып жатқанын біледі. Олар соған дайындалған. Барша украин азаматтарына, еуропалықтарға және Чернобыль деген сөзбен таныс барлық азаматқа қайырыламын. Ол жарылыс ғаламдық апатқа айналған. Оның салдарымен жүздеген мың адам күресті. Ресей соны қайталағысы келеді. Тарихта алғаш рет мемлекет ядролық террормен айналысып жатыр. Ресейлік насихатшылар әлемді радиоактивті күлге айналдырып жіберетінін айтқан. Енді бұл қоқан-лоқы емес – нағыз шындыққа айналды" деді ол.
АЭС-те өрт болғанын Энергодар қаласының мэрі Дмитрий Орлов та растады.
"Бүкіл әлемге қатер төніп тұр. Жаудың үздіксіз атқылауынан кейін Запорожье атом электр станциясы лапылдап жанып жатыр" деді Орлов.
Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Ресейді атқылауды тоқтатып, өрт сөндірушілерге өртті сөндіруге мүмкіндік беруге және АЭС маңында қауіпсіз аймағын орнатуға шақырды.
Ол мәлімдемесінде АЭС жарылатын болса, оның салдары 1986 жылғы Чернобыль апатынан он есе күшті болады деп жазды.
Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) атом электр станциясының маңында жүріп жатқан атқылаулардан хабардар екенін мәлімдеді. Олар Украина премьер-министрі Дмитрий Шмыгаль мен атомды қадағалау жөніндегі мемлекеттік агенттік өкілдерімен келіссөз өткізген. Әзірге келіссөздің жай-жапсары белгісіз. Халықаралық ұйым станция маңындағы барлық әскери қимылды тоқтатуға шақырды. Зеленский жағдайды Франция, Польша, АҚШ президенттері, Германия канцлері, Ұлыбритания премьер-министрімен талқылағанын айтты.
Соғыстың алғашқы күндері Ресей әскері Чернобыль АЭС-ін басып алған. Олар сол кезде Энергодар қаласындағы Запорожье АЭС-ін басып алуға тырысқан. Бірақ ол жақта жергілікті тұрғындар станцияға баратын жолдарға көлік қойып тастап, өздері де жолға шығып бекітіп, әскерді өткізбеген. Қазір олар қайта шабуылдай бастаған.
ПІКІРЛЕР