Accessibility links

АҚШ Ислам Каримовтың диктатурасын қашанғы көрмегенсиді?


Ислам Каримов, Өзбекстан президенті (сол жақта) және Хилари Клинтон, АҚШ мемлекеттік хатшысы. Ташкент, 23 қазан 2011 жыл
Ислам Каримов, Өзбекстан президенті (сол жақта) және Хилари Клинтон, АҚШ мемлекеттік хатшысы. Ташкент, 23 қазан 2011 жыл

«Каримовтың бетінен сүю» атты мақала авторы «Өзбекстанның диктаторы – кезегін күтіп отырған келесі Каддафи. Реализм деген бөлек нәрсе, бірақ АҚШ сайтанды өз атымен атаудан қорықпайды» деп жазады Foreign Policy журналында.


Foreign Policy («Форин полиси») журналы қарашының 17-і Human Rights Watch («Хьюман Райтс Вотч») ұйымының сараптама материалын жариялады.

«КҮЛШЕЛІ БАЛА СҮЙМЕККЕ ЖАҚСЫ»

«Егер сен күшті болсаң, елдің бәрі сенімен жақсы болуға тырысады. Қайратың қайтса, қош бол!» Ливияның тақтан тайған автократы Муаммар Каддафидің баласы Саиф әл-Исламнан сенің әкеңе Батыс не себепті шүйлікті деп сұрағанда ол дәл осылай деп жауап берген деп жазады Foreign Policy.

Басылымның қисыны бойынша Саиф әл-Исламды бұлай деді екен деп кінәлау артық. Бірталай жылдан бері АҚШ пен Еуропа Каддафдің мұнайы мен байлығын қорғау үшін оның қатігездігін көрмегенсіп келді. Шотландиядағы террорлық актіні Батыс кешіруі үшін Каддафи оларға 2.7 миллиард АҚШ долларын төледі дейді мақала авторы. «Әл-Қаидаға» қарсы жәрдем бергені үшін Батыс Ливияның дүниежүзі бойына ұсталған терроршыларын қайтарып берді.

Тирандардың абыройы аспандап тұрғанда оларға жағымпаздану дұрыс па сонда? Ақ үй үшін бұл сұрақ Каддафиге қатысты қойылғанда даулы мәселеге айналды.

Алайда АҚШ-тың басшылары тек Араб әлемінде ғана емес, бірақ сонымен қатар басқа да қатігез, әрі автократ «одақтастарына» қатысты мұндай мәселемен құдайдың құтты күні кезігіп отыр, мысалы, Орталық Азияда, дейді автор.

ӨЗБЕКТІҢ КАДДАФИІ

«Араб көктемі» шарпып өткен кешегі аймақтарға және Орталық Азиядағы Өзбекстанға қараңызшы дейді ұйымның сарапшыcы. Республикашыл президенттік кандидат Герман Каин бұл елді «У-беки-беки-беки-стан-стан» деп жаңылтпаш құсатып айтам деп АҚШ-тағы жалпақ жұртқа танытқанға дейін бұл мемлекет диктатор билеушісі өзімен ұстасқан дұшпандарын қайнатып жейтін ел ретінде ғана белгілі болған. Оның қазіргі басшысы, бұрынғы коммунист Ислам Каримов демократиялық жол үшін күрескісі келетін кез келген қарсыласын қинап, қорлап, түрмеге тыға салатын іріп-шіріген қатігез мемлекетті басқарып отыр. Бұған дейін де айтылғандай ол билік тізгінін қызына ұстатып кетем деген дәмеде жүр. (Бірақ оның қызын АҚШ-тағы БАҚ өз еліндегі ең жеккөрінішті адам деп атайды). Оның қол астындағы кейбір қызметкерлер 2005 жылы бір рет бас көтермекке әрекеттеніп көрген, бірақ олардың бәрін жаншып тастады. Өзбек билігі Батысқа реформалар жасаймыз деп уәде бергенімен дым да жасамайды.
Әндіжандық босқын Зухра Каримова екі қызымен алты жылдан соң табысып тұр. Прага, 22 тамыз 2011 жыл
Әндіжандық босқын Зухра Каримова екі қызымен алты жылдан соң табысып тұр. Прага, 22 тамыз 2011 жыл

Осы жағынан алып қарағанда ұйым сарапшысы Өзбекстанды Каддафидің Ливиясына ұқсатады. Бірақ, Өзбекстанның Каддафиде болмаған бір артықшылығы бар. Бұл ел Ауғанстанмен шектесіп жатыр. Ал Пентагонға Ауғанстандағы армиясына керек-жарақ жеткізуге және кейінірек әскерін ол жақтан шығарып алуға транзитты жол керек. Бұл жол Өзбекстанның үстімен өтсе тіптен тамаша. Осы мүмкіндікті сатып алу үшін АҚШ-тың президент әкімшілігі Конгрестен Өзбекстанға әскери көмек көрсету үшін адам құқықтары мәселесін көтермеуді сұрады. Мемлекеттік хатшы Хилари Клинтон екі апта бұрын Вашингтон мен Ташкенттің арасын жақындата түсу мақсатымен осы елге барып қайтты.

Бұған дейін бұл әкімшілік өзбек үкіметіне және оның айналасындағы қарсыластарына адам құқықтары дамымайынша ешқандай да жәрдем көрсетілмейді деген еді. Қазір енді өзбек билігі Каддафидің қатесінен сабақ алып қауіптеніп отыр. Каддафилер «АҚШ саған мұқтаж болса, шалқая түс. Принциптерін соңыра бұза салады» деп ойлап келген еді. Бірақ, соңында олай болмай шықты. Сарапшының пайымдауынша, Ислам Каримов АҚШ-қа Өзбекстанды демократия жолына бұрып, билікті балаларыма табыстап кетем деп алдарқатуы мүмкін. Сосын бәрібір жағдай ушығып Өзбекстандағы режимнің ақыры Таяу Шығыс елдерінің кейпіне үшырауы ғажап емес. Бірақ, АҚШ үкіметі қанша прагматикалық қарым-қатынас жасаса да, адам құқықтарына қатысты талаптарын жұмсартпай, үнемі сайтанды өз атымен атап отыруы тиіс деп қорытындылайды автор.
XS
SM
MD
LG