Қазақстандық компаниялар Еуропа, Азия және Америкадан жабдықтар сатып алып, ізінше Ресейге жеткізіп отырған, тауарлар радиоэлектронды күрес құралдарын шығару үшін пайдаланылған болуы мүмкін деп жазды The Insider.
Қазақстандық компаниялар Askarlab, Dicosta Technologies, Panalem Technologies, Computer Services Ltd Ресейге осциллограф, радиожиілік фильтрлері, жиілік анализаторлары, радиожиілілік адаптерлері, жиілікті күшейткіш, әлсіреткіш, кеңейткіш құралдарын, аттенюаторлар, спутник модемдері және векторлық анализаторларды жеткізген. Олар бұл тауарларды Германия, АҚШ, Франция, Ирландиядан алдыртқан.
Басылым Алматының Жетісу кеден бекетіндегі декларация құжаттарымен, компания жетекшілерінің жазысқан хаттары мен ресейлік мәліметтермен танысып шыққан.
Қазақстандық құжаттарға қарағанда, 2023 жылдан бері аталған тауарлар ұшақ арқылы әкелініп, кедендік рәсімдеуден өткеннен кейін кейбірі Ресейге жөнелтіліп отырған. Мысалы, Askarlab осылайша құны 2 млн доллар тұратын аппаратура тасымалдаған.
The Insider басылымы Askarlab директоры Александр Лисициннің санкцияға ілінген ресейлік "Диполь" компаниясына испандық Keysight Technologies жабдықтарын жеткізуге уәде берген хатымен танысып шыққан. Әскери сарапшы Леонид Дмитриевтің сөзінше, осы және өзге де батыс компанияларының өнімдері Ресейдің радиоэлектронды барлау спутниктерін әзірлеу мен жетілдіру ісінде жиі қолданылады.
Зерттеушілердің сөзінше, Алматыда орналасқан Dicosta компаниясы 2023 жылдан бері құны 1 млн доллар болатын Keysight техникаларын (шуды басқыш генераторлар, сигнал анализаторлары, аттенюаторлар) тасымалдаған. Компанияға Александр Серазетдинов жетекшілік етеді. Бұған дейін ол жоғарыда аталған Лисицинмен бірге Сomputer Services фирмасын басқарған.
Журналист-зерттеушілер сатып алушы кейпіне еніп, қазақстандық Dicosta компаниясына хабарласып, испандық Keysight фирмасының өнімін алғысы келетінін айтқан. Бұған қоса, Rohde & Schwarz мен Askarlab өнімдері жөнінде мәлімет сұраған. Ал компания өкілдері прайс-лист жіберуге келісіп, Алматыдағы неміс компаниясының өкілімен есеп айырысуды ұсынған.
Былтыр маусымда Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, сол кездегі сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның Ресейге қос мақсаттағы тауарларын жеткізгенін растаған. Оның сөзінше, микросхема, чип сияқты тауар тасымалдайтын компанияларға бақылау күшейген. Бірақ шенеунік компаниялардың атын атамаған. Оның сөзінше, сондай "жүздеген компания" бар.
АҚШ пен Батыс елдері бірқатар елдерді, арасында Орталық Азия елдері де бар, Ресейге қос мақсаттағы тауарларды тасымалдады деп күдіктенеді. Компаниялардың кейбіріне санкция салынған.