Азаттықтың Орыс қызметі Украинаның Чернигов облысына кірген екі ресейлік сарбаздың геолокациясын анықтай алған. Болжамға қарағанда, екі сарбаз Черниговқа кірген ірі топтың құрамында болған. Олар шекарадағы Гремяч елді мекені аумағындағы Судость өзеніндегі көпірге Ресей туын тіккен.
Ресей әскерінің Украинаның солтүстігіндегі Чернигов облысындағы Гремяч және Муравей ауылдарына кіріп, Ресей туын тіккенін бұған дейін ресейлік әскери блогерлер жазған.
Мәскеу мен Киев ақпаратқа түсініктеме бермеді.
2022 жылы Гремячта шамамен 900 адам тұрған. Кей мәліметке қарағанда, Муравей ауылында тұратындар 50-ге де жетпейді. Екеуі де Новгород-Север қаласының аумағына кіреді. Қалада 2021 жылы 24,5 мың адам тұрған.