Accessibility links

"Олимп" екі ірі қалада, Invivo ел бойынша COVID-19 тестін алуды уақытша тоқтатты


Зертхана қызметкері анализге талдау жасап жатыр. Көрнекі сурет
Зертхана қызметкері анализге талдау жасап жатыр. Көрнекі сурет

Жекеменшік “Олимп” зертханасы Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында коронавирусқа ПТР талдау алуды дүйсенбі 22 маусымға дейін тоқтатанынын хабарлады. Invivo зертханасы болса, дәл осы мерзімге тест алуды бүкіл республика бойынша тоқтатқанын айтты.

“Құрметті пациенттер, 19 және 21 маусым аралығында Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларындағы зертханаларда техникалық жұмыстар жүргізіледі, осы орайда коронавирусқа ПТР талдау алынбайды. 22 маусымда коронавирусқа ПТР талдау алу қайта жалғасады” делінген “Олимп” зертханасының әлеуметтік желідегі парақшаларында.

Invivo өзінің сайтында ПТР талдауына сұраныстың артуына байланысты зертханасын кеңейту жөнінде шешім қабылдағанын, сол себепті бірқатар өңірде 17-21 маусым аралығында техникалық жұмыстар жүріп, талдау алынбайтынын хабарлады. Зертхана маманы Азаттыққа талдау алу республика бойынша тоқтағанын айтты.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде коронавирус анализін тексеретін 56 зертхана бар. Тәулігіне ең көп тесті Ұлттық экспертиза орталығы алады. Орталықта күніне 11 мың тест алынады. Одан кейінгі орында “Олимп” (8403), “МПК” мобильді орталығы (2500), Invitro (600), Репродуктивті медицина облыстық орталығы (600) және Invivo (500).

“Олимп” пен Invivo зертханасында ПТР талдауын ақылы жүргізеді. Талдау құны 15,5 мың теңге шамасында.

Осыған дейін тұрғындар ПТР талдауының бағасы тым жоғары, қалта көтермейді деп шағым айтқан. Осы күндері коронавирустың тарауы үдей түсіп, жекеменшік зертханалардың ақылы қызметін алудың өзі қиындыққа айналды.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елде 1 млннан астам тест алынған. Ведомство күніне 27 мыңнан аса анализ алынып жатқанын айтады.

Елде коронавирус жұқтырғандар 22 мыңнан асып кетті. 105 адам COVID-19 дертінен қайтыс болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG