Израиль әуе күштері 14 мамыр түнде құрлық әскермен бірігіп, ХАМАС тобына қарсы 2014 жылдан бергі ең ірі операция жүргізді. Бұл туралы Израиль әскерилері хабарлады.
Операция кезінде 160 әскери ұшақ 40 минут бойы 150 объектіні атқылаған. Әуе шабуылы кезінде ХАМАС тобына тиесілі тоннельдер қиратылғаны хабарланды.
Құрлық әскерилері Газа секторының аумағына енбеген. Израиль құрлық әскері де операцияға дайындалып жатқанын мәлімдеді.
ХАМАС Израиль әскерилерінің әуе операциясына ракетамен жауап берді.
Израиль мен палестиналықтар арасындағы қақтығыс 10 мамырда ушығып, содан бері жалғасып жатыр. Дүйсенбіден бері Газа секторынан Израиль тарапына кемі 1500 ракета атқыланған. Израиль де Газа секторына дүйсенбіден бері бірнеше рет әуе шабуылын ұйымдастырды.
Газа секторының денсаулық сақтау министрлігі 10 мамырдан бері 109 палестиналық қаза болғанын, 600-ден аса адам жараланғанын хабарлады. Мерт болғандардың арасында 28 бала бар.
Ал Израиль сегіз адамның қаза тапқанын мәлімдеді. Марқұмдардың бірі – 6 жасар ұл бала.
Халықаралық қауымдастық Израиль қарапайым адамдар тұратын аудандарды атқылады деп айыптайды. Ал олар "ХАМАС өз объектілерін адамдар тұратын кварталдарға орналастырып, қарапайым жұртқа қауіп төндірді" дейді.
Израильдегі еврейлер мен арабтар тұратын қалалардың көшелерінде де жанжал болды.
БҰҰ мен халықаралық қауымдастық қақтығысты тоқтатуға шақырып жатыр. АҚШ бұл қақтығыста Израильді қолдап отыр.
- Аймақтағы жағдай мамырдың басында ушықты. Израиль Шығыс Иерусалимде бірнеше араб отбасын сотпен басқа жаққа көшіруді ойластырып, сот бастаған. Бұл палестиналықтардың ашуына тиген. 7 мамырда жұма намазынан шыққан жұрт полицияларға тас, бөтелке, арматура лақтыра бастады.
- Кейін полиция бұл жанжалды тоқтатамыз деп Храм тауына кіреберісті жауып, мұсылмандарға шектеу қойды. Палестиналық басылымдар израильдіктер мұсылмандарды тарату үшін резеңке оқ пен құлақ тұндыратын граната қолданғанын хабарлады. Артынша полиция Әл-Ақса мешітінің ауласына басып кіріп, жұртты күштеп шығара бастаған.
- Палестиналықтарды басқа жаққа көшіру ісі бойынша сот шешімі кейінге қалғанымен, қақтығыс тоқтамады.
- ХАМАС тобы Газа секторын бақылап отыр. Бұл ұйымды бірнеше ел террорлық топ деп таныған. Террорлық ұйым деп мойындамайтын елдер де бар.
ПІКІРЛЕР