Accessibility links

Британ парламентінің мүшесі Қазақстан билігіне санкция салу мәселесін тағы қозғады


Лейбористік партия мүшесі Маргарет Ходж.
Лейбористік партия мүшесі Маргарет Ходж.

Ұлыбритания парламентінде Украинаға басып кірген Ресейге санкция салу мәселесі талқыланған кезде Қазақстан билігіне де шара қолдану туралы айтылды. Ақпан айында Қазақстанның "клептократ элитасына" санкция салу мәселесін қозғаған парламент мүшесі Маргарет Ходж 1 наурызда Мәскеу ғана емес, Ресей басшысы Владимир Путинді қолдап отырған Қазақстан мен Әзербайжанға да шектеу қою қажеттігін алға тартты.

Оның мәлімдемесіне жауап берген Ұлыбритания сыртқы істер министрі Элизабет Трасс Нұр-Сұлтан мен Бакуға санкция салу мәселесін қарастырып жатқанын, дегенмен қазір Лондон негізінен Ресей мен Беларусьтің Украинаға агрессиясына төтеп беруге көбірек ден қойып жатқанын айтты.

Ақпан айында Маргарет Ходж парламентте өткен "Қазақстан: жемқорлыққа қарсы санкциялар" атты талқылау кезінде британ үкіметін "халықты тонап, байыған" Қазақстан элитасы өкілдеріне санкция салуға үндеген. Ол ондаған адамның аты-жөнін атаған. Басым бөлігі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен оның айналасындағы адамдар. Ходж сол кезде Ұлыбритания билігін "жемқорлыққа көз жұма қарап, Қазақстан режиміне лас ақшаны жымқырып, жұмсауына көмектесті" деп кінәлаған.

Ол "жуырда болған қантөгіс (қаңтар қырғынын айтып отыр – ред.) клептократияның шынайы құны" деген.

"Бұл жемқор элитаға санкция салу зиянды әрекетті түбірімен қопарып тастамас және Қазақстанға түбегейлі демократиялық өзгеріс әкелмес. Бірақ бұл лас ақша мен жемқорлыққа қарсы күресіміздің бос сөз емес екенін көрсетер еді. Әрекетсіздік салдары ауыр болмақ" деген еді Маргарита Ходж.

  • Украина шығысындағы сепаратистік құрылымдардың "тәуелсіздігін" мойындаған Ресей 24 ақпанда Украинаға басып кіріп, елді мекендерін атқылап, бомбалай бастаған. Владимир Путин оны "демилитаризация және денацификациялауға" бағытталған "арнайы әскери операция" деп атаған. Мәскеу Украинаның тек әскери инфрақұрылымына ғана "шабылуылдайтынын" айтқанмен іс жүзінде азаматтық нысандар да қирады, бейбіт азаматтар опат болды.
  • Киев пен Батыс елдері оқиғаны соғыс деп атап, Ресей агрессиясын айыптады. Еуропа елдері, АҚШ, Канада, Жапония Мәскеуге санкция салды.
  • Ресей одақтасы әрі экономикалық тұрғыда солтүстіктегі көршісіне тәуелді Қазақстан осы аптаға дейін үнсіздік танытып келген. 1 наурызда басқарушы партияның съезінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан "еуразиялық қауіпсіздіктің ажырамас принципінен" айнымайды деп мәлімдеді. Ол Киев пен Мәскеуді келіссөз арқылы тіл табысуға шақырып, қажет болса араағайын болуға да дайын екенін жеткізді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG