Қарашаның 16-сында жарияланған сот шешімі он бес күннен кейін орындалады. Осы аралықта прокурордың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар. Матаев сотқа видео байланыс арқылы қатысты.
AzatNEWS-тің сот залынан тікелей трансляциясы
Отырыста прокурор Сейітқазы Матаев сот үкімі бойынша мемлекетке келтірген 200 миллион теңге залалды өтемегенін айтып, оны босатуға қарсы болды. Ал сотта видео байланыс арқылы жауап берген колония дәрігерлері 63 жастағы Матаевтың қан қысымы көтеріліп кететінін, түрменің санитарлық бөлімінде тиісті ем-дом ала алмайтынын айтып, оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдады.
КӨРЕ ОТЫРЫҢЫЗ: Қазақстанда қудалауға түскен журналистер
ЛА 155/14 колониясының өкілі Сейітқазы Матаевтың түрмедегі тәртібі "жақсы болғанын", "үлгілі мінез-құлқы үшін ынталандыруға ие болғанын", сотталушыны мерзімінен бұрын босатуды қолдайтынын айтты.
2016 жылы қазанның 3-інде Астананың Есіл аудандық соты Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болған.
Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды. Сейітқазы Матаев жоғары лауазымды мемлекет қызметкерінің кәріне ұшырап, қудаланғанын айтқан.
КӨРЕ ОТЫРЫҢЫЗ: Матаевтың айыптауына Нығматуллинның жауабы
Бірқатар Батыс елдерінің үкіметтері, жергілікті және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Матаевтың сотталуын айыптаған болатын. Олардың ішінде Халықаралық журналистер федерациясы (International Federation of Journalists - IFJ), ЕҚЫҰ мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі де бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің Матаевтардың сотталуына реакциясы