Accessibility links

Ертісбаев: «БАҚ билікке өз еркімен ыңғай береді»


Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі. Астана, 12 шілде 2012 жыл
Ермұхамет Ертісбаев, Қазақстан президентінің саяси мәселелер бойынша кеңесшісі. Астана, 12 шілде 2012 жыл
Шілденің 12-сінде Астанада «Қазақстан заңнамаларын сөз бостандығының халықаралық стандарттарына жақындату мүмкіндігі» атты жиын (ұйымдастырғандар - «Әділ сөз» қоры мен ЕҚЫҰ орталығы) өтті.

Жиында сөз алып, елдегі сөз бостандығы мәселесіне тоқталған президент кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев заңнамалық тұрғыда бұл салада ешқандай өзгеріс болмағанын айтты. Оның сөзінше, бұл жоғары жаққа да тиімді.

- Соңғы бес жылда көзім жеткені - диффамацияны декриминализациялау (журналистің шын мәліметті рұқсатсыз әшкере қылу әрекетін қылмыс деп танымау – ред.) мәселесіне қатысты қарсылық білдіретіндер аз емес. Оның ішінде бұл мәселені қозғағысы келмейтіндер биліктің жоғарғы эшелонында да бар, - деді президент кеңесшісі.

Журналистер Ертісбаевтан олардың кім екендігін сұрағанымен, нақты жауап ала алмады.

ШҮЙЛІГУ

- Биліктің жоғарғы эшелоны – әкімшілік, парламент, үкімет, күштік блок. Сол да түсініксіз бе? Сіздерге бәрін түсіндіруім керек пе? Аты-жөндерін де атауым керек шығар? - деді Ертісбаев.

Журналистердің «әрине» деген жауабына президент кеңесшісі Ертісбаев одан бетер ашуланды.

- Сіз журналиссіз бе, әлде тергеушісіз бе? Мен жауап алуда отырмын ба? Сіздің барлық сұрақтарыңызға жауап беруім керек екен. Сіз оны жазып, тиісті органдарға бересіз - сосын «жала жауып, ар-намысқа тигенім үшін» менің жауап беруім керек пе? Сізге керегі осы ма? - деп қарсы сауал қойды Ермұхамет Ертісбаев.

Оның айтуынша, елдегі сөз бостандығының мүшкіл жағдайына журналистердің де «кінәсі бар».
Наталья Зарудная, ЕҚЫҰ-ның елшісі (сол жақта), Даг Малмар Халворсен, Норвегия корольдігінің Қазақстандағы елшісі. Астана, 12 шілде 2012 жыл
Наталья Зарудная, ЕҚЫҰ-ның елшісі (сол жақта), Даг Малмар Халворсен, Норвегия корольдігінің Қазақстандағы елшісі. Астана, 12 шілде 2012 жыл

– Қоғамдағы үлкен проблема – журналистердің өздерінің сөз бостандығына конформисттік көзқараста болуы. Бұл біраздан бері байқалып келеді. Журналистер үшін журналистік зерттеу емес, жалақысы маңызды. Сондықтан мен диффамацияның заңдастырылуын жақтаймын, - деді Ермұхамет Ертісбаев.

Президент кеңесшісінің айтуынша, диффамация Қазақстандағы электрондық БАҚ-тарда әлдеқашан бейресми түрде заңдастырылып кеткен. Өйткені вебсайттардағы мақалалардың жалғасындай болып көрінетін форумдарға пікір жазушылар ешқандай шектеу көріп отырған жоқ.

Ертісбаевтың ойынша, Қазақстандағы БАҚ-тың 95 пайызы билік орындарына өз еркімен ыңғай беріп тұрады.

«ШЕНЕУНІКТІҢ ЖЕКЕ ӨМІРІН ҚОРҒАУ»

Елдегі сөз бостандығын бақылаушы «Әділ сөз» қорының жетекшісі Тамара Калеева Қазақстанда «жеке өмір мен жеке басқа қатысты мәліметтерді қорғауда әр азаматтың сөз бостандығына деген құқығы» ескерілмейтінін атап өтті.

- Жеке өміріне қатысты ақпаратты заңсыз жинау мен оны жариялағаны үшін бес жыл түрме жазасы қарастырылған. Мұндай жазаны адам өлтірген қылмыскерлерге береді. Біздің заңнамада «жеке өмір» деген түсініктің өзі жоқ. «Қоғамдық тұлға» деген түсінік те жоқ.

Қоғамдық тұлғаның, мемлекеттік, құқық қорғау, сот органдары қызметкерлерінің жеке өмірі – оның қызметтік өмірінің бір бөлігі. Біздің заңда неге бұл қарастырылмаған? Біз жемқорлықпен, жалпы қылмыспен күресеміз. Ал қызметін асыра пайдалану да - қылмыстың бір түрі, - деді Калеева.

ЖУРНАЛИСТІҢ ПІКІРІ

«Уральская неделя» газетінің тілшісі, биыл сәуірде бір қастандықтан аман қалған Лұқпан Ахмедьяровтың айтуынша, Қазақстанда сөз еркіндігі бойынша ешқандай өзгеріс жоқ.
Лұқпан Ахмедьяров, "Уральская неделя" газетінің тілшісі. Астана, 12 шілде 2012 жыл
Лұқпан Ахмедьяров, "Уральская неделя" газетінің тілшісі. Астана, 12 шілде 2012 жыл

- Себеп болып тұрған негізгі мәселе шешілмеген. 20 жыл бойы әділ сайлауға қарсы бір-ақ президент басқарып отырған елде өмір сүріп жатқанымыз өкінішті-ақ. Диффамацияны декриминализациялау ең әуелі сол адамның мүддесіне қайшы, - деді Лұқпан Ахмедьяров.

Ол өзіне қастандық жасағандардың табылатынына да сенбейді. Журналистің сөзінше, күдікті деп мамыр айында ұсталған азаматтарды өткен аптада босатып жіберген.

«Әділ сөз» қорының мәліметі бойынша, Қазақстанда жыл басынан бері 11 журналистке қастандық жасалып, 5 рет журналистерді қамау оқиғасы тіркелген. Ал оларға 8 мәрте қоқан-лоқы жасалған. Бұдан бөлек ар-намыс пен беделіне нұқсан келтірді деп 38 шағым сотқа жетсе, 6 журналист жала жапты деп айыпталып отыр.
XS
SM
MD
LG