Accessibility links

Ақтауда сот тергеулері аяқталды


Қыркүйектің 19-ы күні Владимир Козлов, Серік Сапарғали және Ақжанат Әминов ісі бойынша сотта Мәскеуден келген сарапшы тыңдалды.

Ресейлік сарапшы "Алға" материалдарында "конституциялық құрылымды құлатуға" шақыратын сөздер жоғын айтты. Келесі аптада жарыссөз басталады.

САРАПТАМА ҚОРЫТЫНДЫСЫ

Ресейдегі тәуелсіз сараптама бюросының өкілі, психолог Дмитрий Старостин «Алға» партиясының материалдарына жасаған психологиялық-лингвистикалық зерттеу қорытындысымен таныстырды.

Шамамен 30 шақты бейнематериал мен 20 шақты мәтіндік деректі зерттеген сарапшы негізгі сегіз сұраққа жауап бергенін айтты. Оның айтуынша, «саяси бағытта» жазылған материалдар әртүрлі шолу, түсініктеме, репортаждардан т.б құралған.

- Бұл материалдар («Алға» партиясының материалдары – ред.) адамдар мен топтардың пікір-пайымы мен қимыл-әрекеттеріне әсер ете алады, - деді сарапшы сотта.

Ол «21 желтоқсан 2011 жыл» деген белгісі бар 17-ші материалда ғана «мемлекеттік органдар мен билікті қорлайтын сөздер» барын айтты.

- Бұл полицияға бағыттала айтылған. «Билік пен құқық қорғау органдары - «малғұн», себебі өтірік айтады». Оқ атып, таяқпен қалай ұруға болады? Қарабет менттер...», - деп сарапшы сотта материалдан үзінділер келтірді.

МАТЕРИАЛДАРДЫҢ "КӨПШІЛІК САНАСЫНА ЫҚПАЛЫ"

Айыпталушы Владимир Козлов. Ақтау, 13 қыркүйек, 2012 жыл. Көрнекі сурет
Айыпталушы Владимир Козлов. Ақтау, 13 қыркүйек, 2012 жыл. Көрнекі сурет
«Бұл материалдар көпшіліктің санасы мен эмоциялық ерік-жігеріне психологиялық тұрғыда қалай әсер етеді?» деген негізгі сұрақтардың біріне сарапшы мынадай жауап айтты:

- Материалдар Назарбаевтың саяси тобының әрекеттеріне оқырмандардың ашуын туғызуы мүмкін. Оқырмандарда бұл саяси топ қоғамға қарсы әрекет жасап жатқандай көзқарас қалыптасуы ықтимал. Белсенді-белсенді емес тұрғыда қарсылықтарын оятуы мүмкін.

Старостин материалдарда «конституциялық құрылымды құлатуға бағытталған» сөздер жоғын айтты. Ол тек 2011 жылдың аяғында жасалған №1-ші материалда «әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік, діни алауыздық тудыратын» элементтер бар деп санайды.

Ол «Қаражамбасмұнайгаздағы» ереуіл комитетінің төрағасы Әділбек Сағындықовтың «егер проблемаларымызды шешпесе, онда біз мұнда 86-шы жылды жасаймыз» деген сөздерін мысал қып келтірді.

"СКАЙП-КОНФЕРЕНЦИЯ МОНТАЖДАЛҒАН"

Ол бүгін бұған дейін сотта жиі талқыланған Мұхтар Әблязовпен болған скайп-конференция турасында да айтты.

- Бізде бұл 7-материал болып тіркелген екен. Бейнеролик әлдеқайда ұзақ материалдан қиылып монтаждалған. Скайп-конференцияның бұл үзігі қылмыс жасауға ниеттенген бір топ адам сөйлесіп отырғандай әсер қалдырады, - деді сарапшы сотта.
Бейнеролик әлдеқайда ұзақ материалдан қиылып монтаждалған


Бүгін қорғау тарабы жарыссөзге қосымша уақыт сұрап, судья олардың өтінішін қанағаттандырды. Жарыссөз қыркүйектің 24-і күніне белгіленді.

Тамыз айында басталған сот процесінде істері қаралып жатқан тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козлов, оппозициялық саясаткер Серік Сапарғали және қоғамдық белсенді Ақжанат Әминовқа «конституциялық құрылымды күшпен өзгертпек болды», «әлеуметтік араздық тудырды» және «қылмыстық топ құрды» деген айыптар тағылған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG