Accessibility links

Әлемдегі ерекше McDonald's-тың бірі Батумиде


Батумидегі McDonald's (МакДональдс) рестораны.
Батумидегі McDonald's (МакДональдс) рестораны.
Соңғы кезде ТМД аумағында пайда болған фастфуд орындары да ерекше дизайнымен көпшіліктің назарын аударта бастады.

Бакуда өткен жылы ашылған, әлемдегі ең ірі тамақтану орындарының бірі - KFC-дің ізінше жақында Грузияның портты қаласы Батумиде ерекше McDonald's (МакДональдс) рестораны пайда болды.

ЕРЕКШЕ ЖОБА

Дизайнын Гарвард түлегі, грузин сәулетшісі Георгий Хмаладзе жасаған, әйнектен құрастырылған ғарыш кемесі тәрізді ғимараттың McDonald's екенін алғашында ұға қою өте қиын.

Әйнек панельмен жабдықталған ғимараттың үш тарабы бассейндермен қоршалған.

Батумидегі Макдональдстың ішкі көрінісі
Батумидегі Макдональдстың ішкі көрінісі


Монолитті үш қабатты ғимараттың ішкі бір қабырғасы жап-жасыл ашық алаңқайға ұласып кетеді.

Беткей тәрізді ол алаңқай сырттағы қаланың шуылын естіртпейді, алаңқайдағы өсімдік жабынды экологиялық қалқан тәріздес қызмет атқарады.

Бұл алаңқай сонымен бірге ғимарат маңындағы жанармай бекетінен ресторандағы жұрттың көзінен жасырып тұр.
Батумидегі McDonald's (МакДональдс) ресторанының ығында тұрған жанармай бекеті.
Батумидегі McDonald's (МакДональдс) ресторанының ығында тұрған жанармай бекеті.

- Тамақ ішетін орынның бір бөлігінен бассейн көрінеді. Ал қалған бөлігі ғимараттың жоғарғы бөлігіндегі ашық кеңістікпен білінбей ұштасады. Сыртқы шудан қорғалған мұндағы алаңқай тып-тыныш әрі ауасы таза. Электр станциясын жасырған өсімдік жабынды кеңістікті табиғи элементпен толықтырып, «экологиялық қалқан» тәріздес қызмет етеді, - дейді Георгий Хмаладзе.

Халықаралық байқаудың жүлдегері Хмаладзе 1200 шаршы метрлік жобасын жүзеге асыруда ең басты қиындық – "бір көргенде таңдай қақтыратындай" ғажап дизайн мен McDonald's дизайнының қатаң талаптарын ұштастыру болғанын айтты.

- Яғни барлық нәрсе кеңістікті дұрыс жоспарлауға байланысты болды. Бірақ біз McDonald's-тың стандарттары дизайнымызға кері әсер етпейтіндей тәсілді қолдандық. Екіншіден, жанармай бекетін тамақ ішетін орыннан визуалды түрде болса да алшақтататындай мақсат қойдық. Бірақ оны дизайнерлік ерекше тәсілмен орындау керек болды, - деді ол Азаттық тілшісіне.
Батумидегі McDonald's (МакДональдс) рестораны.
Батумидегі McDonald's (МакДональдс) рестораны.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ФАСТФУД ТАҒАМНЫҢ САПАСЫ

Қазақстанның ірі қалаларының барлығында Hardees, Burger King, KFC сияқты фастфуд желілері бар. Бірақ қазақстандықтар әуелі фастфуд орындарындағы тағамның сапасы мен алуан түрлілігін сөз етеді.

Франчайзинг қауымдастығының жетекшісі Бекнұр Қисықовтың айтуынша, Қазақстандағы фастфуд орындарының Әзербайжан не Грузиядағыдай ерекше ғимараттары жоқ - бірақ көпшілікке ұсынатын тағам мәзірін ұлттық тағамдармен байытуына мүмкіндігі бар. Алайда"оның барлығы келісім-шартқа байланысты".

- Жалпы фастфуд желілерінің жергілікті асхананың тамақтарын кіргізуіне құқығы бар. Мысалы, Сауд Арабиясында өзгеше бюргерлер бар. Үндістанда да сондай. Бірақ бір жаманы Алматыдағы фастфудтар ондай келісім-шартқа келіспейді. Өз басым бауырсақ, ірімшік сияқты тағам түрлері менюге енгізілгенін қалаймын. Ол да фастфудтың бір бөлігі емес пе, - дейді Бекнұр Кисиков.

Алматы тұрғыны Мейіргүл Оңғарова ойын-сауық орталықтарына барған кезде фастфуд тағамдарын жеуге тура келетінін айтады. Бірақ ол фастфуд орындарының санитарлық жағдайына наразы.

- Мысалы, Алматы қаласындағы Абай-Достық даңғылындағы жер асты өткелінде фастфуд тағамдары сатылып тұрады. Қайдан әкелетінін білмеймін, бірақ лас жерде сатылатын тағамдарды елдер сатып алып жатады. Әсіресе сол жер асты өткеліне жақын маңдағы университет студенттері. Оларға тез-тез тамақтану тиімді. Бірақ салдары қандай? Лас жерде, қанша күн тұрғаны белгісіз фастфуд денсаулықты құртады, - дейді Мейіргүл Оңғарова.

Ол бір дәрігер танысының ақылын - "Көшеде сатылып тұратын тағамды алуға болмайды. Сосын фастфуд тағамдарын қолдану денсаулыққа зиян. Оның орнына қатты қарның ашып бара жатса, бір су мен бір нан сатып ал да жүрек жалға" - деген сөзді басшылыққа алатынын айтады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG