Accessibility links

Мәскеудің империялық амбициясы Бейжіңнің оң жамбасына келеді


Душанбедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысқан елдер басшылары Мәскеуге тікелей қолдау танытпағанымен, ресми Кремлдің Кавказдағы әрекетін айыптауға да бара қойған жоқ.

Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитінде Ресейдің Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындауы жөніндегі мәселе талқыға салынды. Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің басшылары Мәскеуге тікелей қолдау танытпағанымен, ресми Кремлдің Кавказдағы әрекетін айыптауға бара қойған жоқ, бірақ дипломатиялық тұрғыда Кавказ аймағында бейбітшілік орнату қажеттігін ортаға салды.

«Ресей президенті Дмитрий Медведев Грузиядағы қарулы қақтығысқа қатысты Батыс елдерімен қарым-қатынастың шиеленесуі барысында Қытай мен Орталық Азияның бұрынғы советтік республикаларының қолдауына жүгіне алған жоқ, - деп жазады британдық Financial Times газеті өз ақпаратында. – Тәжікстанда өткен Орталық Азия саммитінде Медведев Қытай басшысы Ху Цзиньтао мен өзге де аймақтық жетекшілерді Ресейдің басқыншылық әрекетін және де екі аймақтың, яғни Оңтүстік Осетия мен Абхазияның біржақты жария еткен тәуелсіздігін мойындау жөніндегі шешімін тікелей қолдауға иландыра алған жоқ».

Ресейдің Каказдағы саясатына Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері салқындық танытқаны жөнінде немістің танымал газеті Tages Allgemeine Zeitung те жазады. «Жуан жұдырық клубы» (Деспоттар клубы) деген лақап атқа ие ШЫҰ Абхазия мен Оңтүстік Осетияның тәуелсіздігін мойындауға барған жоқ. Ресей президенті Дмитрий Медведевті ШЫҰ тарапынан «Ресейдің Оңтүстік Осетияда бейбітшілік орнату жолындағы қимыл-әрекетіне объективті баға беру» тұрғысындағы үндеуі ғана қуанта алды.
Аталған ұйымның басты мақсаттарының бірі – терроризм мен сепаратизммен күрес болып табылады деп ескертеді неміс басылымы.

"2004 жылы Ташкентте өткен кездесу барысында Шанхай ынтымақтастық ұйымы терроризм мен сепаратизмге қарсы кезек күттірмес күрес жариялайтынын мәлім етті... ШЫҰ құрамындағы мемлекет басшылары Ташкентте антитеррористік орталық құрып, бұл орталық жаһандық деңгейдегі қауіп-қатерге қарсы бірлескен қимыл-әрекетті реттеп отыруы керек болатын. Орталық Азия мемлекеттеріне сепаратистік қауіп төне қоймас, бірақ Қытай елдің солтүстік-батыс шекарасында орналасқан ұйғырлардан қауіптенетіні белгілі. Ал, енді Ресей Каказдағы қимыл-әрекетімен Ташкент декларациясында бекітілген саяси қауіпсіздік принципін ашық түрде бұзып отыр",- деп жазады Tages Allgemeine Zeitung.

Аталған тақырып аясын әрі қарай өрбіткен австриялық Kurier газеті ШЫҰ-ның ішкі қайшылықтарына көңіл бөледі. Басылымның пайымдауынша, ішкі қайшылық – Ресейдің Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындауына ШЫҰ басшыларының көзқарасын анықтап берді.
Мақала ауторы Бейжің үнсіз қалуы үшін Мәскеу қандай шығынға баруы мүмкін деген сауал тастайды. Ол сондай-ақ, Қытай мен Ресейдің стратегиялық одағы ұзаққа созылады дегенге де күмән келтіреді:
«Орта мерзімдік жоспарда Ресей мен Қытайды серіктес еткен антиамерикандық позиция, алайда ұзаққа созылар болашақ аясынан қарағанда бұл екі ел – бірі-бірімен өте бәсекелес болып табылады. Бұл арада мәселе Орталық Азияның мұнай және газ кеніштеріне қол жеткізу мүмкіндігі және Қиыр Шығыстағы бәсекелестік дегенге келіп тіреледі. Сол сияқты бұл екеуінің арасында Шанхай ұйымының мақсаттарын түсіну тұрғысында да біраз ерекшелік бар. Мәскеуді, ең алдымен НАТО-ға қарсылық көрсету мәселесі толғандырса, Бейжің кең ауқымды еркін сауда аймағын құрып, ОПЕК сынды энергетикалық корпорация қалыптастыруға мүдделі».

Kurier, сондай-ақ, ШЫҰ-ның кіші серіктестері арасында да біраз келіспеушілік бар дегенді ескертеді: «Қазақстан мен Өзбекстан арасында Орталық Азиядағы жетекшілік ролге деген талас бар. Оның сыртында, бұл екі мемлекет те Тәжікстан мен Қырғызстанмен тайталас. Ең алдымен, бұл – таяздана түскен су ресурстарын бөлісу мәселесіне қатысты. Ал, Орталық Азиядағы су ресурстарының 80 пайызына соңғы екі мемлекет бақылау жасап отыр».

Шанхай ынтымақтастық ұйымы мүшелерінің біразы сепаратистік тенденцияларды қолдап, мадақтау деп қабылдануы мүмкін кейбір ұсыныстарға абайлықпен, сақтықпен қарайтыны жөнінде Парижде ағылшын тілінде шығатын International Herald Tribune газеті мәселе көтерген.
«Этникалық өзбектер тұратын Қырғызстанның оңтүстігінде территориялық проблемалар жеткілікті, ал Қазақстанды алаңдатып отырғаны – солтүстік өңірі, мұнда орыс ұлтының өкілдері басым, - дейді басылымға берген сұхбатында тәуелсіз саясаттанушы Парвиз Муллоджанов. – Сол сияқты Тәжікстанда Таулы-Бадахшан автономиялық облысы бар».

Қорыта айтқанда, жоғарыда келтірілген басылымдардағы мақалалардың басты идеясы – Ресейдің империялық пиғылының өрістеуі алдында Орталық Азия мемлекеттерінің үрейге берілуі Қытай үшін барынша тиімді дегенге саяды. Өйткені, Қытай үшін Орталық Азия бұрыннан-ақ маңызды мүдделі аймақ саналатын: бұл арадағы басты әңгіме көмірсутегі шикізатын өндіріп, тасымалдау жобалары мен тас жолдарын төсеп, гидроэлектростанция құрылысын салу тұрғысында.

«Мәскеудің соғысқұмарлық көпірме сөзінің нәтижесінде Ресейдің артқы ауласында оқшау қалған бұл күштерді Қытай алдағы уақытта өз жағына шығарып алуы әбден мүмкін», - деп тұспалдайды International Herald Tribune басылымындағы мақала ауторы.
XS
SM
MD
LG