Қазақстанда COVID-19 ПТР талдауы 56 зертханада жүреді. Пандемия басталғалы бұл зертханаларда 1,3 миллионға талдау жасалған. Бұл туралы 19 маусым күні елдің денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева мәлімдеді.
Вице-министрдің сөзінше, қазір елде күніне 28 мыңға жуық тест алынып жатыр. Министрлік бұл көрсеткішті 35 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ол үшін үкімет 13,8 миллиард теңгеге қосымша 1,8 миллион тест сатып алмақ.
Елдегі 56 зертхананың қатарына мемлекеттік және жекеменшік мекемелер кіреді. Тәулігіне ең көп тесті Ұлттық экспертиза орталығы алады. Орталықта күніне 11 мың тест алынады. Одан кейінгі орында “Олимп” (8403), “МПК” мобильді орталығы (2500), Invitro (600), Репродуктивті медицина облыстық орталығы (600) және Invivo (500).
“Олимп” зертханасы ПТР талдауын жүргізуді Алматы және Нұр-Cұлтан бойынша, Invitro зертханасы республика бойынша 22 маусымға дейін тоқтататынын хабарлаған.
Ләззат Ақтаева денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың коронавирусты жұқтыруына байланысты министрдің міндетін атқарып отыр.
ПІКІРЛЕР