Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті "билікті күшпен басып алуға дайындалған" қылмыстық топ мүшелерін ұстағанын хабарлады.
Тергеу органдарының мәліметіне қарағанда, жекелеген "деструктивті саяси күштер" жетекшілік ететін қылмыстық топтың әрекетіне байланысты "бұлтартпас айғақтар" табылған. Топ жетекшілерінің арасында Жогорку кеңеш депутаттары мен бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер бар.
"Аталған топ алдағы парламент сайлауының нәтижесі жарияланғаннан кейін жекелеген саяси күштердің қолдауына сүйене отырып, Бішкек аумағында жаппай наразылық акциясын ұйымдастыруды жоспарлаған, тәртіп сақшыларын күш қолдануға итермелеп, жағдайды ушықтырып, әрі қарай билікті күшпен басып алуды жоспарлаған" делінген ҰҚМК хабарламасында.
Тергеу органдарының тұжырымдауынша, аталған топ жаппай наразылық акциясын ұйымдастыруға мың шақты жігіт-қызды тартқан. Олармен жүйелі түрде кездесу ұйымдастырып, мемлекеттік құрылымға қарсы "идеологиялық үгіт-насихат" жүргізген. Жаппай наразылық тұтандырып, соңы билікті күшпен басып алуға ұласатын жоспарды талқылаған.
Ресми ақпаратқа қарағанда, 26 қарашада ҰҚМК мен ІІМ тергеушілері топтың мүшесі болуы мүмкін деген адамдардың үйі мен кеңселерін тінткен. Нәтижесінде қылмысқа қатысын дәлелдейтін құжат материалдарынан бөлек, қару-жарақ, оқ-дәрі, есірткі заттар тәркіленген.
Іс бойынша 15 шақты адам ұсталған. ҰҚМК әзірге күдіктілер мен ұсталғандардың аты-жөнін атамады.
ПІКІРЛЕР