Accessibility links

Жұмыс жәрмеңкесі мешітте өтті


Алматыдағы Орталық мешіт жанында өтіп жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. 21 сәуір 2017 жыл.
Алматыдағы Орталық мешіт жанында өтіп жатқан бос жұмыс орындары жәрмеңкесі. 21 сәуір 2017 жыл.

Наурыздың 21-інде Алматыдағы Орталық мешіт ауласы бос жұмыс орны жәрмеңкесіне айналды. Ұйымдастырушылар бұл шараны әр жұма күні мешіттерде өткізуді жоспарлайды.

Алматылық Нұр Копамбай мешітте өткен жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген. Мамандығы – экономист. Бухгалтерия, менеджмент саласы бойынша жұмыс тапқысы келеді.

- Мешіттегі намазға келгенде [жәрмеңке туралы] естідім. Бірнеше жұмыс берушімен сөйлестім, біраз жұмыс шықты. Жәрмеңкеден жұмыс табуға болатын сияқты, - дейді ол.

Бос орындар жәрмеңкесінде жұмыс ұсынған мекемелер орталық мешіттің ауласындағы екі шатырға орналасқан. Шамамен 20-ға жуық мекеме үстел үстіне жарнамалық қағаздарын, қызмет түрлерін жайып тастаған. Жәрмеңкеге жұмыс іздеп келген жүздеген адамның қатарында жастар да, зейнеткерлер де, мүмкіндігі шектеулі жандар да бар. Жұртшылықтың біразы жәрмеңке туралы мешіттегі уағыз бен намаз кезінде естіген.

Алматыдағы Орталық мешіт жанында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келген тұрғын Нұр Қопамбай. 21 сәуір 2017 жыл
Алматыдағы Орталық мешіт жанында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне келген тұрғын Нұр Қопамбай. 21 сәуір 2017 жыл

Өзін Қаламқас деп таныстырған Алматы тұрғыны бірнеше компаниямен сөйлескенде өкілдері оның телефон нөмірін жазып алып, алдағы уақытта хабарласатынын айтқан.

- Технолог мамандығы бойынша колледж бітіргенмін. Жоғары білімім жоқ. Қазір базарда жалданып, сатушы болып жүрмін. Офисте, іште істейтін жұмыс болса деймін. Вахтада отыратын жұмыстар іздеп жүрмін. Нөмірімді алып қалды, енді қоңырау күтемін, - дейді ол.

ЖҰМА НАМАЗ ЖӘНЕ ЖӘРМЕҢКЕ

Жәрмеңкені Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығы мен Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бірлесіп өткізді.

- Жұма күні жұма намазға адам көп жиналады. Соны ескере отырып,жәрмеңкені дәл осы күні мешітте ұйымдастыруды жөн көрдік. Жәрмеңкеге 70-тен астам мекеме қатысып, мыңнан астам жұмыс орнын ұсынып отыр, - дейді Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Керімқұл Жекетаев.

Мешіттегі жұмыс жәрмеңкесі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:50 0:00

Жәрмеңкеге келген мекемелер негізінен есепші, вахтерші, даяшы, компьютер маманы, электрик сынды жұмысшылар іздейді. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бос жұмыс орындар жәрмеңкесін әр аптаның жұмасында қаладағы ең ірі бес мешітте ұйымдастыруды жоспарлайды.

- Қарапайым халықтың мемлекеттік мекемелерге кіруі өте қиын. Сондықтан мешітке көмек сұрап, жұмыс іздеп, көп жамағат келеді. Имамдар осы мәселені әкімдікте көтердік. Енді осындай жәрмеңке әр аптаның жұмасында қаланың ірі мешіттерінде өтіп тұрады. Алматыда жалпы мешітке келіп тұратын жүз мыңдай жамағатымыз бар, - дейді Алматы қаласының имамы Нұрбек Әуесханұлы.

Алматылық белсенді, Желтоқсан оқиғасына қатысушы Халелхан Әділхановтың пайымдауынша, мұндай жәрмеңкеге тек шағын компаниялар келеді.

- Ірі компанияларға әкімдік ұйымдастырған жәрмеңкелер арқылы жұмысқа тұру мүмкін емес. Бос орындар жәрмеңкесіне ірі теміржол, құрылыс, мұнай-газ саласындағы компаниялар келіп, дипломмен бос жүрген жастарды жұмысқа тарту керек, - дейді Халелхан Әділханов.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының дерегінше, Алматыда ресми түрде 48 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Ал биылғы қаңтардан бері ұйымдастырылған бос орындар жәрмеңкесінде 260 адам жұмыс тапқан.

XS
SM
MD
LG