Accessibility links

Шымкенттік жастар Әбіқаевқа шағымданды


«Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі» үкіметтік емес ұйымының Шымкент қалалық бөлімшесі белсендісі Елена Швецова.
«Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі» үкіметтік емес ұйымының Шымкент қалалық бөлімшесі белсендісі Елена Швецова.

Өздеріне біреулер қоқын-лоқы көрсетіп жүргенін айтқан жастар ұйымы өкілдері «бұл – ҰҚК-нің ісі» деп біледі. Ал сарапшының пікірінше, билік белсенді жастардан қорқады.

Жастар арасында азаматтық белсенділікті насихаттайтын «Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі» үкіметтік емес ұйымының Шымкент қалалық бөлімшесі еріктілері ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасы Нұртай Әбіқаевқа хат жазды. «Бізді белгісіз адамдар аңдып, қоқан-лоқы көрсетіп жүр» деген жастар ол адамдардың ҰҚК қызметкерлері екеніне сенеді. Белсенділер ҰҚК төрағасынан қысымды тоқтатуды талап етеді.

«АҚПАРАТ АЙТСАҢ, АҚША БЕРЕМІЗ»

Белсенді жастар жеке бастарының қауіпсіздігіне алаңдайтындарын айтып, сұхбат беруден бас тартты. Оқиғаны олардың атынан ұйым белсендісі, бұған дейін Шымкенттегі филиал басшысы болған Елена Швецова баяндады. Оның сөзінше, өткен аптада белгісіз адамдар екі еріктіге хабарласып, ұйым жайлы ақпарат берсе оқуларына көмектесетіндерін айтқан, олар көнбеген соң «ақша береміз» деп қызықтырған.

– Ерікті қыздың біріне олар тіпті үш рет хабарласқан. Әуелгі жолы бас тартқан соң еріктінің үйіне телефон шалып, анасымен сөйлескен. Анасына «Қызыңыздың ​қандай ұйымға барып жүргенін білесіз бе? Оның жетекшісі Швецова – миллионер, шетелде ұрланған қаржы аударатын есепшоты бар. Ол қордан алынған ақшаны өз мақсатына жұмсап жүр» деп қаралаған, – дейді Елена Швецова.

Оның айтуынша, белгісіз адамдар бұдан кейін де бірнеше рет еріктілерге көшеде жолығып, «бізбен әріптестік болуға келіскенің дұрыс» деп қоқан-лоқы жасаған, «жақындары туралы ақпарат білетіндерін» айтқан. Швецованың сөзінше, белгісіз адамдардың кейбірі өздерін таныстырмаса, кейбірі «облыстық әкімшіліктенбіз» деген.

– Олардың әкімшіліктен еместігі белгілі ғой. Олар ұйымды қаралайды, еріктілерден ұйымның есеп жүргізу ісі, есепшоттары мен қаржы көлемі туралы сұрайды. Еріктілердің бірі «Есепшоттарын өздеріңіз-ақ қарай салмайсыздар ма, мүмкіндіктеріңіз бар ғой» десе, «Біз адамдардың өздерінен алғанды жөн көреміз. Сіз келіспесеңіз, басқа адамдар арқылы аламыз» деп жауап берген, – дейді ұйым белсендісі.

«Мұндай оқиғалар жайлы полицияға хабарладыңыздар ма?» деген сауалға:

– Олар өлтіреміз деп қатты қорқытқан жоқ қой. Егер сүйтіп қорқытса, онда бірден полицияға арыз жазамыз, – деді Шымкенттегі жастар ұйымының өкілі Елена Швецова.

Азаттық тілшісі бұл оқиға жайлы білмек болып, қаңтардың 24-і күні ҰҚК-нің баспасөз қызметіне хабарласқанымен, жауап ала алмады.

«БИЛІК ӨЗГЕРІСТІ ТАЛАП ЕТУІНЕН ҚОРҚАДЫ»

Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожинаның пікірінше, Қазақстанда белсенді, озық, өзгеше ойлайтын жастардан құралған ұйымдар үнемі билік тарапынан қысым көреді. Бірер жыл бұрын «Қаһар» атты жастар ұйымына жетекшілік еткен белсенді сол кезде де жағдай дәл осындай болғанын айтады.

– Билік белсенді азаматтардан қорқады. Әсіресе жастардың қайтпас
Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.
Азаматтық белсенді Бақытжан Төреғожина. Алматы, 26 наурыз 2013 жыл.
қайсарлығынан, өзгерістерді талап ету талпынысынан өлердей қорқады. Ең бастысы – билік басқа ештеңе ұсына да алмайды. Бар білетіні – «өзгеше ойлайтын жастар тырп ете алмасын не құқығын қорғай алмасын» деп қорқыту ғана, – дейді Бақытжан Төреғожина.

Төреғожинаның айтуынша, арнайы қызмет өкілдері белсенді жастарды беттерінен қайтару үшін олардың ата-аналарын да қорқытады, одан кейін «үлкенді сыйлау керек» деген сөзді уәж етеді.

Шымкенттегі еріктілері қудалау көргенін айтқан «Қазақстан жастарының ақпараттық қызметі» ұйымы – Қазақстанда тіркелген 27 мыңдай үкіметтік емес ұйымның (ҮЕҰ) бірі. Бұлардың арасында жастардың азаматтық белсенділігін, қоғамдық-саяси өмірге араласуын қолдайтын ұйымдар көп емес. Көптеген ҮЕҰ үкімет пен жекелеген мемлекеттік ведомствоның имиджін қалыптастырумен ғана айналысады. Мұндай ҮЕҰ-ні қазір жұрт GONGO (ағылшынша, Government-Organized Non-Governmental Organization – үкімет құрған үкіметтік емес ұйымдар) деп атайды. Сарапшылардың сөзінше, елде билікке тәуелсіз ҮЕҰ қатары жылдан жылға сиреп барады.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG