Accessibility links

Ақылы оқитын студенттер жалдамалы жұмыс істеуге бейіл


Алматылық студенттер. 2011 жылдың қарашасы. (Көрнекі сурет)
Алматылық студенттер. 2011 жылдың қарашасы. (Көрнекі сурет)

Университетте ақылы бөлімде оқитын студенттердің көбі оқумен қатар жалдамалы жұмыс істейтіндерін айтады. Олар ата-аналарына салмақтарын салмай, өз күндерін өздері көруге тырысады.

Қарашаның 6-сы күні «Алматы тауэрс» бизнес орталығында өрт болып, алты адам қаза тапты. Алматы қаласы ішкі істер департаменті дерегінше, қаза тапқандардың бесеуі - 20-22 жастағы студенттер. Олар сабақтан бос уақытында жұмыс істеп, сағатына 500 теңге ақы алып жүрген.

Азаттық тілшісі студенттердің неге жұмыс істейтінін өздерінен сұрап көрген еді. Жұмыс істейтіндердің көпшілігі Алматыға Қазақстанның өзге аймақтарынан келген, ақылы бөлімде оқитын студенттер болып шықты. Олардың сөздерінен тұрмыс және оқу ақысын төлеу қажеттілігін жұмыс істеп, қосымша қаражат таппай өтеу қиын екені аңғарылды.

19 жастағы Бауыржанның әзіргі басты мақсаты – ақша табу. ҚазҰУ студенті ата-анасына салмақ түсірмей, оқу ақысы мен күнделікті қаржысын өзі тапқысы келеді. Ол жыл сайын оқуына 650 мың теңге (1900 АҚШ долларынан астам қаражат – ред.) төлейді. 1-курсты бітіре сала Алматыдағы кафе, мейрамханаларды аралап жүріп кальян сататын кафеден жұмыс тапқан.

Жазушылар одағында отырған студенттер. Алматы, 16 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Жазушылар одағында отырған студенттер. Алматы, 16 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

- Жұмыс істеп жүргенімен үш жыл болды. 1-курстымды ата-анам төлеп берді. Бірақ оларға жүк болғым келмеді. Қазір жұмыс кестем оқуыма қолайлы. Кешкі төрттен таңғы төртке дейін істеймін. Екі-үш сағат ұйықтап, сабаққа барамын. Бір сағат сабақ қарауға тырысамын. Мойындаймын, кейде ұйқы қанбай сабақта ұйықтаймын. Басында жұмыс қиын болды. Қазір үйреніп кеттім. Айына 150 мың теңге (440 доллар шамасында – ред.) табамын, - дейді ол.

Бауыржан кальян дайындау мен аз ұйқы денсаулыққа зиян екенін де біледі. Бірақ басқа амалы жоқ екенін айтады.

«ГРАНТҚА ТҮССЕМ, ЖҰМЫС ІСТЕМЕС ЕДІМ»

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің А. есімді студенті күзде Шымкенттен Алматыға келе сала алдымен жұмыс іздейтінін айтты. Биыл оқуға қазан айынан бастап қана бара бастаған. Ол қыркүйек бойы интернеттен, сыртқы жарнамалардан жұмыс іздеумен жүргенін айтады. Студент сабақтан көп қалатынын мойындайды.

- Шағын сыраханада жұмыс істеймін. Көп адам футбол көруге келеді. Тапсырыстарын әкеп, үстел тазалап, ыдыс жуамын. Айына 50-60 мың теңге (150 доллардан астам ақша - ред. ) табамын. 1-курста ата анам “оқуыңды өзіміз төлейміз, оқы” деген. Жұмыс істегеніме кейде өкінемін. Сабаққа үлгермедім, көп бағдарламадан қалып қойдым. Болашақ ұстаз болғандықтан, оқуымды жақсы бітіріп шықсам деп жоспарлаған едім. Бірақ ақша да қажет болды. Егер грантта оқысам жұмыс істемейтін едім. Ақылы бөлімде оқитындардың көбі жұмыс істеп жүр, - дейді студент.

Қаныш Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3-курс студенті Арман ірі мейрамханада даяшы. Оқуына жылына 620 мың теңге (1800 доллардан көп – ред.) төлейтін студент 2-курсында «университеттен шығып қала жаздаған». Зейнетақыға қарап отырған ата-анасы «оқу ақшасын тауып бере алмаған».

Даяшы студент қыз. Алматы, 20 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Даяшы студент қыз. Алматы, 20 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

- Үйім Оңтүстік Қазақстан облысы жақтағы Мақтаралда. Ауылда мал өтпей, мақтадан аз пайда түсіп, оқу ақшасын төлей алмай қалдым. Емтиханға кіргізбей қойған кездер де болды. Кейін жұмыс істеуге тура келді. Қазір мейрамханада даяшы, бармен болып жұмыс істеймін. Айына 150 мың теңге табамын. Жұмыстан бос уақытта басқа тойханадағы банкеттерде жұмыс істеп, бес-алты мың теңге табамын. Сабақ оқылмай қалады. Үй тапсырмасын бірге оқитындардан көшіріп аламын, кей тапсырманы сабақ үстінде орындаймын. Бастысы екі алмасам болды, - дейді даяшы студент.

«ПЛАТНИКТЕРДІҢ» ЖҰМЫС ІСТЕУІ – ҚАЛЫПТЫ ЖАҒДАЙ»

Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің Айым есімді 3-курс студенті бастауыш сынып оқушыларына репетитор болып жүргенін айтады. Бұған қосымша әртүрлі компаниялардан тапсырыс алып, аударма жасайды. Астаналық студенттің жұмыс істеуіне тұрмыстық жағдайы себеп болған.

- Оқу ақысы және пәтерақы, тамақ бар. Жұмыс істеуге тура келеді. Оқуға да, жұмысқа да үлгеруге тырысамын. Жұмыс кестемді соған сай құрып алғанмын. «Платниктердің» (университетте ақылы бөлімде оқитындарды студенттер осылай атайды – авт.) жұмыс істеуі - қалыпты жағдай, - дейді Айым.

Оқу ақысы және пәтерақы, тамақ бар. Жұмыс істеуге тура келеді. Оқуға да, жұмысқа да үлгеруге тырысамын. Жұмыс кестемді соған сай құрып алғанмын. «Платниктердің» жұмыс істеуі - қалыпты жағдай.

Ал Алматыға Шымкенттен келіп оқып жүрген Нұрсейіт - «Алтын орда» базарында сатушы. Алматы техникалық университетінде оқитын ол жылына 385 мың теңге (1 130 доллар – ред.)оқуына төлейді. Бұл ақшаның жартысын ата-анасы, жартысын өзі табады.

- «Алтын ордада» әпкемнің сауда орны бар. Сонда жеміс-жидек сатамыз. Әпкем жүріп тұрғаныма, тамағыма ақша береді. Сабақты түнгі 12-ге дейін қарап аламын. Оқу ақысына ата-анам көмектеседі. Жазда жұмыс істеп тағы ақша жинаймын. Ал өз керегіме жарататын ақшаны өзім табамын. Ақылы бөлімде оқитын таныстарымның барлығы жұмыс істейді,- дейді ол.

ЖОО-лар студенттерге әлеуметтік көмектің бірнеше түрін береді. Мәселен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сайтында мүмкіндігі шектеулі студенттерге - бір реттік әлеуметтік көмек;, балалы студенттерге - бір реттік жаңажылдық сыйлық; денсаулығы нашар, көпбалалы отбасыларынан шыққан студенттерге - бір реттік әлеуметтік көмек; асқазаны және қант диабетімен ауыратын студенттерге - ҚазҰУ-дың барлық тамақтандыру орындары үшін 20 талон​; ​ата-анасының біреуі жоқ студентке - бір реттік әлеуметтік көмек; ал екеуі де жоқ студенттер ай сайынғы әлеуметтік көмек, жатақханада тегін тұру жәрдемі берілетіні жазылған. Алайда ақшалай көмектің көлемі көрсетілмеген.

Ұлттық экономика министрлігінің дерегіне қарағанда, 2015 жылғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 477 мыңнан астам студент бар. Оның 70 пайызы, яғни 335 мыңнан астамы ақылы түрде білім алады.

XS
SM
MD
LG