Дәрігерлер Қызылордада аялдамада тұрғанда көлік қаққан екі адамның жағдайы өте ауыр екенін айтады. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Олжас Ысқақовтың сөзінше, ауруханаға түскен екі адам "политравма және травматикалық шок" алған. Олар қазір ессіз күйде жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Олардың бірі - 10 жаста.
"Ол қазір облыстық балалар ауруханасында жатыр. Барлық қажетті процедуралар жүргізілді. Реанимация бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр" деді Олжас Ысқақов. Оның айтуынша, 1988 жылғы екінші пациент қалалық ауруханада жатыр.
21 қарашада таңертең Қызыордада Назарбаев даңғылында "Тойота Камри" мен "Мерседес Бенц" көлігі соқтығысып, "Тойота" жүргізушісі "көлігін басқара алмай, автобус аялдамасында тұрған адамдарды соққан". Үш адам сол жерде қайтыс болған. Екі адам ауруханаға жеткізілген.
Полиция апат орнынан жүргізушіні ұстап, уақытша қамау изоляторына қамаған. Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бабы (345-бап) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сараптама тағайындалған.
Еуропа одағы статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп болатын әлемдегі бес елдің қатарына енеді. Жол ережесін сақтамау және жол сапасы – көлік апаттарының негізгі себебі.
ПІКІРЛЕР