12 ақпанда Ақтөбеде "Жолаушылар автокөлік кәсіпорнының" жүзге тарта жүргізушісі жалақыларын өсіруді талап етіп, ереуілге шықты. Қала іші мен маңында 19 маршрут бойынша жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілер жалақыларын 200 мың теңгеге дейін өсірмейінше және еңбек жағдайын жақсартпайынша жұмысқа шықпайтындарын айтты.
- Мен осы жерде екі жылдан бері жұмыс істеп келемін. 46-маршрутта. 1-маршрутты жауып тастады. Күніне сізге 70 мың теңге тапсырамыз. Сенбі, жексенбі күндері 40-45 мың тапсырамыз. Менің алатын айлығым – 32 мың теңге. Сіз неге сол ақшаның өзін уақытында бермейсіз? Неге 6 айдан бері зейнетақы жарнасы түспей жатыр? Неге медициналық сақтандыруға ақша түспей жатыр? - деді жүргізушілердің бірі Бекзат Аязбаев оқиға орнына келген кәсіпорын басшылығы өкіліне.
Айналадағы өзге жүргізушілер де оның сөзін қолдап, жұмыстағы өзге де қиындықтарды алға тартты. Мысалы, автобус сынған кезде бөлшектерді өздері сатып алатынын, жоспардың негізсіз көбейтілгенін айтып шағымданды. "Зейнетақы жарнасы аударылмағандықтан атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүрміз. Есепшіге барсақ, "әне аударамыз, міне аударамыз" деп уәдесін үйіп-төгіп, шығарып салады" деді ашынған жүргізушілер.
– Жоспарды өсіріп тастағанына бір ай болды. 70 мың қылды. Яғни, күн сайын бір автобус 70 мың теңге тапсыруы тиіс. Оны орындау мүмкін емес. Кейде кондукторға беретін ақша таба алмаймыз. Себебі 5 мың теңге бермесең, ешкім жұмыс істемейді. Ал кондукторды өзіміз жалдаймыз. Олар да мен құсап, 4 жарымда тұрады. Олардың да отбасы бар, олардың да жұмыс істегісі келеді. Қазір жағдайымыз өте қиын. Біз малаймыз ба не? - деді жүргізуші Мұңсыз Тілегенова.
Ал кәсіпорын басшылығы маршруттардың басым бөлігінің шығыны көп екенін, мемлекет тарабынан субсидия мен компенсация төлеу қажеттігін алға тартты.
– Бізге субсидия, компенсация 2015 жылдан бері берілмей келеді. Содан бастап жағдай құлдырап кетті. Мына жүргізушілер де оған куә. Егер субсидия болғанда жағдай бұлайша қиындамас еді. Бұған дейін субсидияға байланысты бірнеше отырыс болды. Құжаттар толтырылды. Мәселе 2019 жылдың жаз, күзінде қаралды. Бірақ бұл бір күнде қарай салатын мәселе емес. Олар біздің берген бағамызды аз дейі, көп дейді. Осы желтоқсан айының соңында "сіздердің құжаттарыңыз әрі қарай жөнелтілді" деген хат алдық. Алдағы уақытта сессия болған кезде мұны мәслихатқа ұсынады. Мәслихатта сол кезде бюджет те қарастырылады. Содан кейін наурыз, сәуір айларында бізге жетіп қалар. Сол берілген кезде жағдай дұрысталады, – деді "Жолаушылар автокөлік кәсіпорны" директорының міндетін атқарушы Есбол Сатаев.
Жұма күні ереуілдің салдарынан қала мен маңындағы елді мекендерде мыңдаған жолаушы қатынассыз қалған. Аталған 19 маршрут Ақтөбенің іші мен маңындағы Қурайлы, Ақжар, Жаңақоныс, НұрСити, Рауан, Россовхоз ауылдарына қатынайды.
Ақпан айының басында Шымкентте де Shymkent bus компаниясының автобус жүргізушілері жалақыны көбейтуді талап етіп, жұмысқа шықпаған. Компания басшылығы жұмысшылардың талаптарын орындауға келіскеннен кейін ереуіл тоқтаған.
Қарай отырыңыз: Шымкентте жүргізушілер айлықты өсіруді талап етті (3 ақпан 2021 жыл).
ПІКІРЛЕР