Accessibility links

Оралда белсенді Маруа Ескендірова 10 күнге қамалды


Маруа Ескендірова.
Маруа Ескендірова.

Оралдағы бейбіт митингілерге қатысып жүрген белсенді Маруа Ескендірова сот шешімімен он тәулікке қамалды. Судья Марат Сейсенғали белсендіні "биыл заңсыз митингіге бірнеше рет қатысқаны" үшін жазалады.

Ескендірова бүгін, 30 маусымда өз үйінде ұсталған. Бұл туралы Азаттыққа тағы бір белсенді Бекболат Өтебаев айтты.

— [Ескендірова] маған қоңырау шалып, өзін қалалық полиция бөлімшесіне әкетіп бара жатқанын айтып үлгерді. Сөзінше, таңертең жетіде үйінен шығып бара жатқанда ұстаған, - дейді Өтебаев.

Полиция департаменті Азаттыққа Ескендірованың қалалық полиция бөлімшесіне жеткізілгенін растады, бірақ не үшін ұсталғанын кейін айтамыз деді.

Ал сот отырысы түскі үш шамасында болған. Белсендіге Әкімшілік кодекстің 488-бабы 11-тармағы (заңсыз митингіге жыл ішінде бірнеше рет қатысу) бойынша хаттама толтырылған.

Отырыс кезінде Ескендіроваға 19 маусымда Оралдағы Мәншүк Мәметова алаңындағы бейбіт жиынға қатысқаны үшін іс қозғалғаны белгілі болды.

— Маруа Ескендірова "Бостандық Freedom" деген плакат ұстап, қоғамдық тәртіпті бұзды, мемлекеттік органдарға көңілі толмайтынын айтып, әкімдік өкілі Ербол Күшековтің сөзіне құлақ аспады. Бұл тәртіп бұзушылықты Ескендірова жыл бойы бірнеше рет қайталады, - деді судья Сейсенғали.

Маруа Ескендірова өзіне тағылған айыпты мойындамады. Сөзінше, ол бейбіт митинг өткізу үшін әкімдікке бірнеше рет ескерткенімен, рұқсат ала алмаған. Белсенді әкімдік шешімін заңсыз деп санайды.

— Ойымызды айту үшін жиналдық. Он адам болдық, ал санитарлық дәрігер 10-15 адамның жиналуына рұқсат берген. Тәртіп бұзбадық, тек ойымызды айттық, - деді белсенді.

Сот Маруа Ескендіроваға 10 күндік жаза тағайындағанда кәмелет жасына толмаған баласының бар екенін ескерген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG