Колядин жарыс бойы төртінші орында келе жатқан. Тек мәреге 200 метрдей қалғанда ғана алға суырылып шығып, жапониялық Йошихира Нитта, канадалық Марк Арендс және финляндиялық Илка Туомистоны артқа тастады. Колядин бұл қашықтықты 4:19,7 минутта жүгіріп өтті. Күмісті Нитта, қоланы Арендс пен Туомисто иеленді. Олар мәреге Колядиннен бір секундтай қалып келді. Колядин – қысқы паралимпиадада алтын алған алғашқы қазақстандық. Ол алтын медалі үшін Қазақстан билігінен 250 мың доллар көлемінде сыйақы алады.
- Бапкерім медаль алу керек деп тапсырма берген. Қандай жағдай болмасын жүлде алуға тырыстым. Тапсырма орындалды. Шаңғымды майлап, дайындаған сервисмендерге рахмет. Шаңғымды өте жақсы дайындап берді. Олардың да еңбегі ақталды, - деді паралимпиада чемпионы жарыстан кейін журналистерге.
Колядин наурыздың 17-сі күні Пхенчханда 10 шақырымдық шаңғы жарысына да қатысады. Парашаңғышы алтын жүлдесіне көңілі толмайтынын айтады. Оның пайымдауынша, "Пхенчханға ресейлік спортшылар келгенде нағыз жарыс, шын бәсеке болар еді".
- Әрине жеңісіме қуаныштымын. Бірақ сәл көңілім толмай тұр. Ресейлік Рушан Миннегулов пен Владислав Лекомцев келгенде нағыз жарыс болар еді. Мықты қарсыластар қатысқанда, олардан озғанда өзімді жүз пайыз чемпионмын деп айтар едім, - дейді Колядин.
Миннегуловпен Лекомцев - Сочи паралимпиадасының жүлдегерлері. Халықаралық паралимпиада комитеті Ресей Сочидегі паралимпиада кезінде допинг ережесін бұзды деп айыптап, бұл елді Пхенчхандағы ойындардан шеттеткен. Сочи паралимпиадасында жүлде алған ресейлік спортшылардың негізгі бөлігі Пхенчхан паралимпиадасына қатысуға рұқсат ала алмады. ХПК "таза спортшы" деп тапқан ресейліктер Пхенчхан паралимпиадасына бейтарап атлеттер ретінде қатысып жатыр.
Александр Колядин 1997 жылы жол апатына ұшырап, бір аяғынан айырылған. Оң аяғында протез бар. Жол апаты дейін ол шаңғыдан Қазақ ССР жастар құрамасының мүшесі ретінде Совет одағындағы бірнеше жарыстарға қатысқан.
- Бала кезімнен спортқа жақын болдым. Оқушы кезімде Қостанайдағы күрес үйірмелеріне қатысып жүрдім. Кейін шаңғыға ауыстым. Жол апаты өте ауыр болды. Спортпен мүлде қоштастым деп ойладым. Депрессияға түсіп, кейін оны жеңгенше көп уақыт кетті. Туысқандарым мен алғашқы бапкерім Николай Степиннің арқасында аяғыма шаңғыны қайта кидім. 2012 жылы Көкшетауда өткен Қазақстан чемпионатында екінші орын алып, Қазақстан паралимпиада құрамасына алындым. Соңғы уақытта мемлекет тарапынан жақсы қаржы бөліне бастады. Сау спортшыларға бөлінетін қаржы бізге де бөлінеді, - дейді спортшы паралимпиаданың ресми сайтына берген сұхбатында.
Колядин 2013 жылы Сочиде өткен әлем кубогы кезеңіне қатысып, халықаралық жарыстағы дебютін жасаған. 2014 жылы Сочидегі паралимпиадаға қатысып, 33-орынмен шектелген. Ал 2017 жылы Германияда өткен парашаңғыдан әлем чемпионатында Колядин командаластарымен бірге 4х2,5 шақырымдық эстафетада 6-орын алған. Парашаңғышы бұл көрсеткішті карьерасындағы ең үздік әрі серпіліс берген нәтиже деп санайды.
Колядин бастаған Қазақстан парашаңғы құрамасы Пхенчхан паралимпиадасына бапкерлері Василий Коломиец және Анатолий Писковоймен бірге Германияда, Ресейде дайындалған. Канада, Жапония, Финляндияда өткен әлем кубогы кезеңіндеріне қатысқан.
1994 жылы Лиллехаммерде (Норвегия) өткен паралимпиадада қазақстандық Любовь Воробьева шаңғы жарысында қола алған. Одан кейінгі қысқы паралимпиадада Қазақстан спортшылары медаль иеленген жоқ.
2016 жылы Риода өткен жазғы паралимпиадада Қазақстан бір алтын, бір күміс алған. Жүзуден Зүлфия Ғабидуллина жазғы паралимпиада чемпионы атанса, пауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева күміс иеленген.
Оқи отырыңыз: Паралимпиаданың 50 жастағы рекордшы чемпионы
Қазақстан паралимпиада комитетін Қазақстандағы ірі кәсіпкерлердің бірі Қайрат Боранбаев басқарады.